- Advertisement -

Әулиеата өңірінде саяси қуғын-сүргін жүзеге асырудағы жеке тағдырлар қасіреті

104

- Advertisement -

Саяси репрессияларды жүргізу механизмін теңселмелі маятник түрінде болды десек, оның бір шетінде республикалық орталық, траекториялық қозғалыстың орта бөлігінде облыс орталығы, ал келесі шеткі нүктесінде қалалар мен аудандар болғандығы анық. Республика территориясында жаңа облыстар құрылып, жаңа аудандардың саны өскен кезде, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында 19 аудан болған еді. Соғыс алдындағы бесжылдықтарда жаңа өнеркәсіп орындары, колхоздар, МТС-тер мен совхоздар құрылып жатты. Осыған сәйкес әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның да жетіле түсуі облыс экономикасындағы қалалар мен аудандардың маңызын арттыра түсті.

Қалалық және аудандық деңгейдегі партия және кеңес кадрлары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары өздерінің республиканың саяси өміріндегі маңызын біртіндеп арттыра түскен еді, оларды қалыптасқан тәртіпке байланысты Қазақстан К(б)П ОК ғана қызметке қоятын немесе бекітетін. Оның үстіне, теңселмелі маятник ұғымына сәйкес, саяси қудалаулар орталықтың бастамашылығымен аудандар мен мекемелерде жүргізілсе, оның орталыққа байланысты да қайтарылымы болып, кейбір репрессиялық акциялар аудандарда туындап, одан облыс орталығына жетіп, тіпті соңында орталықтағы саяси күштердің орналасуына да өз әсерін тигізе алатын. Партия иерархиясы баспа лдақт арымен көтерілу дәстүріне сәйкес, партия басшылары өз карьераларында партиялық биліктің аудандық деңгейін аттап кете алған жоқ, сондықтан да осы аудандарда өз жақтастарын, өздері қызметке қойған адамдарын, сонымен қатар қарсыластарын да қалдырып кеткен еді.

Аудандық комитеттер мен аудандық атқару комитеттерінің партия және кеңес билігі органдарындағы ерекше маңыздылығы – олардың халықпен қоян-қолтық араласып, қажетті жағдайда оларға нақты әсер ете алатындығында болатын. Олар орталықта қалыптасқан саясатты жүзеге асыруда соңғы буынның рөлін атқарды.

Репрессиялық саясатты жүргізу барысындағы партия және кеңес номенклатурасын жаппай тазалау науқанында, барлық ауком хатшылары мен ауатком төрағаларының көпшілігі ІІХ Коргандарының құрығына түсті. Осылай, 1938 жылдың 31 наурызындағы, яғни жаппай репрессиялар әлі жалғасып жатқан кездегі «ҚК(б)П аукомдары мен қалкомдарының коммунистерге берген партия құжаттарына халық жаулары болып кеткен адамдардың қолдары қойылғандығы» туралы архив материалында 70-тен астам ауком хатшыларының фамилиялары бар. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 14 фамилия кездеседі. Жалпы аудандар санына қатысты алсақ (19 аудан) репрессияланғандардың пайыздық үлесі 73,2-ні құрайды.

Аудандық деңгейдегі кадрларға қарсы репрессиялар «стандартты» – «буржуазиялық ұлтшыл», «қаскүнемдікпен шұғылданды», «сын мен өзара сынды тұқыртты» деген айыптауларға қосымша «бүгінде әшкереленген халық жауымен байланыста болды» немесе «халық жауының қойған адамы» деу негізінде қылмыстық іс қозғауға ұласты. Соңғы айыптаулар сол уақыттағы кейбір құжаттарда жетекші партия органдарына «өз» адамдарын тартудың дұшпандық әрекеттері» ретінде көрсетілді. Тиісінше, егер обком хатшыларына олардың жаңа аудандық комитет хатшыларына ұсынуына байланысты айыптаулар табылып жатса, соңғылары дәл осындай кепті ауатком төрағалары мен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы басшыларын тағайындағаны үшін кешті. Сондықтан д а аудандық деңгейдегілерге «халық жауы ретінде» әшкерелену қаупі «жоғарыдан» да, сол сияқты «төменнен» де төніп тұрған еді.

Мәселен, Алматы обкомы облыстық конференциясындағы есепті баяндамасында осы мәселедегі республика бойынша жағдай былай сипатталады: «Обкомға әбден кірігіп алған халық жаулары, ауком хатшылығы мен аудандағы басшылық жұмыстарға халық жаулары мен кез келген күдікті, тексерілмеген адамдарды қоюмен келді. Әсіресе, қатты былғанғаны аукомның бірінші хатшысының орны болды.Тиісінше, Л.И.Мирзоян ОҚО Қ(б)П-ның Қарсақбай АК-не жеделхатында «ұлтшылдығы үшін» айыптаулар фактілерімен мұқият танысып, тексеріп шығуды тапсырды.

Осындай аудандық деңгейдегі кадрларды мұқият «тексерудің» нәтижесі 1937 жылдың 3-10 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қабылданған «ҚК(б)П ОК бюросының партия және кеңес органдарының басшы қызметкерлерін жұмыстан шығару жөніндегі шешімінде» анық көрінген еді. «31п. Әбдіразақовты Оңтүстік Қазақстан облысы №49 ат зауыты директорлығынан босату. 36п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның А.Избановты Түркістан К(б)П-ның хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау. 37п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның Н.Данияровты Сарысу аукомының хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау. 38п. Оңтүстік Қазақстан обкомының С.Баймахановты Мирзоян аукомы ҚК(б)П хатшылығынан алу туралы ұсынысы қабылдансын. Осылай, аудандық комитет хатшылары мен аудандық шаруашылық қызметкерлеріне қарсы қолданылған репрессиялардың Орталық комитет бюросының қаулысы негізінде жүзеге асырылуы кездесіп тұратын.

Әйтсе де бастамашылардың басқа да түрдегілері бар болатын. КазТАГ-тың облыстық бөлімшесі, күні қойылмаған, бірақ аталған Орталық комитет бюросы шешімінен бұрын болса керек, «Комсомолдар халық жауларын әшкереледі» деген хабарламасында «Сарысу ауданының комсомол ұйымы өз қатарларын халық жаулары – ұлтшыл-фашистер мен троцкистік-бухариндік сатқындардан» тазарту үшін күресуде», – дей келе, ары қарай ауаткомның бұрынғы хатшысы Дүйсенбековтың және аудандық «Астық дайындау» («Заготзерно») мекемесінің (кеңсесінің) меңгерушісі Оралбековтың «әшкереленгендігі» туралы айтады. Аталған адамдар – комсомолдар, ал оларды ауаткомның бастауыш комсомол ұйымының жиналысында әшкерелеп отыр. Оларды осы уақытқа дейін «әшкереленіп қойған» Сәдуақасовпен байланыста болғансыңдар деп кінәлайды. Бұл арада «…ҚК(б)П Сарысу аукомының хатшысы Данияровтың осы халық жауларының Сәдуақасовпен байланысты екендігін біле тұра үндемегендігі» айтылады. Алматыға барған кезінде Данияров Садуақасовпен кездесіп, оған Дүйсенбековтың жазған хатын көрсетеді. Комсомолдар өз сөздерінде ауком хатшысы Данияровтың таптық қырағылық танытпай, ұлтшыл- фашистік элементтерді әшкерелеуге күш салмағандығын атап өткен. Әлі күнге дейін Сарысу ауаткомы төрағасының орынбасары болып халық жауы Сапарбековтың баласы (ҚК(б)П БҚО обкомының 1937 жылдың қазанына дейінгі бірінші хатшысы – ескерту, автор) жұмыс істеп келеді. Данияровтың өзі Дүйсенбековтың көмегіне сүйенген. Дүйсенбековтың Сәдуақасовтан сұрануы бойынша Данияров Шаян ауданына жұмысқа жіберіліп тұрған жерінен Сарысу аукомының хатшысы қызметінде қалдырылды». Осылай АК хатшысы Данияровқа «қырағылықты жойғаны», «халық жауларымен байланыста болғаны» және «халық жаулары қойған адаммен» байланыстылығы үшін айыптар тағылады. Бұл саяси айыптаулардың кез келгені оңай қауіп емес еді, ал басы біріге келе көздегенін құрдымға жіберетіндігі анық болатын. Қорытындысында, Нұрыш Данияров (1899-1938 ж.ж.), Солтүстік Қазақстан облысының қазағы, 1934-1937 жылдары ОҚО ҚК(б)П Сарысу аудандық комитетінің хатшысы болған, 1938 жылы 19 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіледі. Басқа аудандардағы осындай жағдайлардың өзіндік ерекшеліктері болғанымен, жалпы алғанда бәрі де ортақ сценарий бойынша жүріп жатты.

Мирзоян қаласында қазақстандық алғашқы журналист-коммунист Сабыр Айтқожиннің де қызметі доғарылды. 1936 жылы ол Мирзоян аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметіне келіп, 1937 жылдың 2 қазанында тұтқындалады, оған «контрреволюциялық буржуазиялық- ұлтшыл ұйымға қатысқансың және мектеп құрылыстарын салу мен сауатсыздықты жоюға бағытталған іс-шараларды қаскөйлікпен бұздың» деген айыптар тағылды. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы С.Айтқожинді ату жазасына кесті.

Аудандық деңгейдегі басшыларға қарсы репрессиялар Мирзоян ауданында да орын алды. ҚК(б) П АК бірінші хатшысы С.Баймаханов (1903-1938 ж.ж.) ол кезде репрессияға ұшырап кеткен бұрынғы ҚазКСР-нің білім халкомы Т.Жүргеновтің «қойған адамы» ретінде тұтқындалады, ол шындығында 1933-37 жылдары білім халкомының орынбасары болып Жүргеновпен бірге жұмыс істеген еді. Жоғарғы соттың әскери коллегиясы 1938 жылдың ақпан-наурызында оны ату жазасына кесті.

ОблҚазТАГ-тың хабарламасында «халық жауларын жасырушы Янсонның ҚК( б )П қатарынан шығарылғандығы» айтылып, ары қарай «…Янсонның партияның облыстық комитетінде Баймахановтың халық жауы Жүргеновпен байланысы туралы сөздерді ести тұра, оған тиісті дәрежеде мән бермеуі, ол туралы аукомның бюросына есеп бермегені… Янсонның Баймахановтың ірі байдың баласы екендігін, оның туысқандары банданың белсенді мүшелері болғандығын біле тұра, оған бұл туралы насихатшы Сейітов Баймахановтың мәселесі қаралған бюроға дейін айтса да, Янсон тіс жарып ештеңе демеген. Соңғы уақытқа дейін Янсон халық жаулары Айтқожин, Коломейцев, Савлук және басқаларын әшкерелемей, жасырып келген», делінген.

ҚК(б)П ОК бюросының қаулысында аты аталып өткен Мирзоян ауданы №49 ат зауытының директоры Ә.Абдыразақов та репрессияға ұшырап, оны Жоғарғы соттың әскери коллегиясы 1938 жылдың 25 наурызында ату жазасына кеседі. Оңтүстік Қазақстан облаткомы президиуымының 1937 жылдың 4 қазанындағы қаулысына сәйке с, Мир зоян ауаткомының бұрынғы төрағасы Досымбаев халық жауы ретінде облатком пленумының құрамынан шығарылады. Осылай 1937 жылдың күзіне дейін Мирзоян ауданының бірінші басшылары түгел репрессия құрығына ілініп біткен болатын.

Қаскүнемдікке байланысты тағы бір іс «Дәндайындау» («Заготзерно») ұйымында болып, ол бойынша бірнеше қызметкерлердің мәселелері қаралған болатын. Олардың ішінде аса зардап шеккені 1910 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Талас ауданында туған, Сайрам ауданының Манкенттегі «Дәндайындау» пунктінің меңгерушісі болған Заманбек Байдуанов еді. Оны Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының коллегиясы 1937 жылдың 5 қарашасында 15 жылға еркінен айырды, яғни еңбекпен түзеу лагеріне жіберді. С.Байдуановтың тағдырының соншалықты тәлкекке ұшырауына «Ұнтарту өнеркәсібіндегі қаскүнемдікті жою жөніндегі іс-шаралардың» бел ортасынан табылғандығы әсер етсе керек, ол туралы ҚК(б)П ОК хатшысына ҚазКСР прокурорының орынбасары Покровский баяндаған болатын. Онда: «Сайрам ауданының Манкент пунктіндегі «Дәндайындау» мекемесінен меңгеруші Байдуанов, техножетекші Әбдрайымов, қойма меңгерушісі Марценко және ХКК- нің аудандарда жем дайындау ісі бойынша өкілі Челышевтер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оларға 1155 тонна дәнге кенеден ауру жұқтырып, 418 тонна бидайды тазаланбаған бидаймен араластырып жібергендігі айып болып тағылды. Барлық айыпталушылар тұтқындалған, тергеуді облыстық прокуратураның аға тергеушісі жүргізуде, ол бір-екі күнде бітіп, іс сотқа өткізіледі», – делінген. Төрт айыпталушыдан, Байдуановтан басқа, ҚазКСР ХХК жем-шөп дайындау комитетінің өкілі, 1898 жылы Калинин облысында туған В.Г.Челышев туралы ғана дерек бар. Ол да Оңтүстік Қазақстан облсотының арнайы коллегиясының үкімімен 1937 жылдың 5 қарашасында 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Сәл кейінірек сол жылдың 28 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы сотының арнайы коллегиясы ол мерзімді екі жылға дейін азайтады. Осы фактілер туралы сөз қозғасақ, айыптаулардың мазмұнына мән бере келіп айтарымыз, көп астықты сақтаудың қашан да оңай емес екендігі, технологиялық білім мен тәжірибенің аздығына байланысты кенеден ауру жұқтырылып, ал оны болдырмау үшін алдын ала қажетті дезинфекциялық тазалау да дұрыс жүргізілмеген шығар. Әйтсе де 1937- 1938 жылдар жағдайындағы кез келген білместік мемлекеттік меншікке қарсы бағытталған қаскүнемдік болып шыға келуші еді.

Жоғарыда жазылғандарды қарай отырып, МТС басшыларының ауыл шаруашылығы басшыларының төменгі деңгейіндегі ең бір «репрессиялық қауіпті» с анатқа жатқандығын байқаймыз. Мәселенің мәнісі мынада болса керек, МТС жауапты ауыл шаруашылығы науқандарында (егін себу, жекелеу, жинау, тағы сол сияқты) көптеген колхоздарды машиналар және тракторлармен дер кезінде қамтамасыз етуі тиіс болды. Бұлай етілмеген жағдайда, ол саяси қылмыс ретінде қарастырылып, кеңес үкіметінің саясатымен келіспеушілік деп есептелінді. Жалпы алғанда, аудандық деңгейдегі кеңестік билік ауыр зардап шекті. 1938 жылдың 1 сәуіріне дейінгі облатком пленумының 22 мүшесінің 16-сы халық жауы ретінде оның құрамынан шығарылды.

Енді аудандық деңгейдегі кадрлардың биографиялық берілімдеріне мән берсек, олардың Кеңес үкіметі қалыптасып және көп жағдайда нығая бастаған кезеңінде ғана белсенді қоғамдық және саяси өмірге атсалыса бастаған аумақтық элитаға жататындығын байқаймыз. Олардың тікелей саясатқа араласуы да ХХ ғасырдағы 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың ортасына сәйкес келеді. Осы кезеңде әртүрлі деңгейдегі кадрларға қарсы жаппай репрессиялық іс-шаралардың толықтай жүзеге асырыла бастауының нәтижесінде, олардың ерекше көзге түсуі түсінікті де болатын. Оның да өзіндік себептері бар еді. Айтар болсақ, олар Лениннен кейінгі кезеңдегі жалпыпартиялық пікірталастарды және ондағы есімдері құрметпен аталған, бірақ кейіннен БК(б)П ОК мен Саяси бюродағы сталиндік топқа бітіспе с жауға айналған адамдарды әлі де есінде сақтаған болатын. Олар сонымен қатар аумақтық, республикалық және жалпыодақтық саяси элитаның үлкен бір бөлігін құрап, жергілікті жерлерде нақты билікке ие бола отырып, аудандар, қалалар және ірі еңбек ұжымдары деңгейінде саяси мәселелерді шешуге құқы болған еді. Олардың, Орталықтағы Сталинге және оның маңындағыларға қарсы кезекті «блоктар» жойылғаннан кейінгі позициялары қандай екендігінің немесе болашақта қандай болатындығының ішкі саясаттағы ахуалға әсері айтарлықтай болатын. Осыған орай, саяси және билік қатынастарында болмай тұрмайтын күдіктенушілік нәтижесінде, аудандық деңгейдегі кадрлардың көпшілігі репрессияларға ұшыраған еді.

Соның өзінде кеңестік репрессиялық аппарат өздерінің бар тактикалық мүмкіндіктерін пайдаланып, көпшіліктің пікірін партиялық баспасөз арқылы сұрыптап, қалыптастыра алды. Сол кезеңде қалыптасқан саяси сөздік қоры жалпы халыққа барынша түсінікті түрде жеткізіліп, мұның өзі Кеңестердің саяси беделден жұрдай болмауына мүмкіндік берді. Ал, Ішкі істер халық комиссариаты органдарының аудандық комитет хатшыларына бағынбауы, олардың ойына келген ойранды жүзеге асыруына жағдай жасады. Осылардың бәрі біріге келе аудандық деңгейдегі кадрлардың тағдырын қасіретке ұшыратқан еді.

 

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support