- Advertisement -

Жобаға қатысуға ниетті округтер көп

97

- Advertisement -

Бұдан төрт жыл бұрын басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бүгінде ол «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылуда. 2019 жылы бұл жобаның бес бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген болатын. Оған облысымыздағы 10 ауданның 11 ауылдық округінен 25 елді мекен таңдап алынған еді. Онда 2478 аула мен 11 жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі жобаға қатысқан болатын.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, өткен жылы бөлінген 6 миллиард теңгеге 10 ауылдық округтегі 1204 жоба қаржыландырылған.

– Қанатқақты жоба бүгінде өз тиімділігін беріп отыр. Жалпы өткен жылы бөлінген қаржының 50,4 миллион теңгесі жобаның бірінші бағыты «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бойынша жұмсалған. Екінші, мал шаруашылығын дамыту бағытында 5,8 миллиард теңге игерілсе, үшінші бағыт – ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытына 174,5 миллион теңге жұмсалған. Жаңадан құрылған 10 ауыл шаруашылығы кооперативін техникамен қамту мақсатында 1 миллиард теңге қаралып, оған 131 ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен алынды. Жобаның бесінші бағыты бойынша 27 жоба ұсынылып, оған қаралған қаражат 174,7 миллион теңгені құрады, – дейді басқарма басшысы.

Дегенмен, бұған дейін жобаға қатысқан елді мекендерде үй іргесіндегі жерді тиімді игеру 95 пайызға арттырылды. Ал мал шаруашылығы бағытын дамытуға сол тұста 6,4 миллиард теңге бөлініп, 45032 бас мал сатып алынған еді. Қазір ол мал басы 186100 басқа жетіп отыр. Өткен жылы елді мекен маңайындағы игерусіз жатқан 10113 гектар алқап игеріліп, 21 мың тонна өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және ауыл шаруашылығы тіркемелерімен қамтамасыз ету мақсатында 972,4 миллион теңге бөлініп, 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын. Бұл техникалардың бүгінде кооперативтердің жұмысының алға басуына септігі тиюде. Соңғысы, жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 миллион теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, қанатқақты жоба енгізілген соң жеке кәсіпкер саны 2282-ге артқан. Жұмыссыздар саны 194 адамға кеміп (528-ден 334-ке дейін), 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген (1615-тен 557 отбасыға). Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 1039 миллион теңгені құраған. Қанатқақты жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге, немесе 165 пайызға артқан.

Бір атап өтерлігі, өзіміз көзбен көрген Талас ауданындағы «Талас 2020» ауыл шаруашылығы кооперативі былтыр 25,1 миллион теңге табыспен шыққан. Кооператив төрағасы Рақымжан Әбденовтың айтуынша, кооперативте мүйізді ірі қара 17, жылқы 15 пайызға өскен. 300 аулада үй іргесіндегі жер телімдері тиімді игерілген. Мұнда су тапшылығын шешу үшін сексеннен аса аулаға құдық орнатылып, бақша суы оң шешімін тапқан. Әрбір тұрғын ауласынан орта есеппен 205 мың теңгеден табыс тауыпты. Соның ішінде былтыр мақсарыдан 6,6, жүгеріден 3, жоңышқадан 2 миллион теңге, ал жылыжайдан 10 миллион теңге табыс тапқан. Кооператив түскен табыстың 5,1 миллион теңгесін тұқымға жұмсап, қалғанымен несиенің бір бөлігін жапқан.

Алдағы жылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясы» акционерлік қоғамы арқылы қанатқақты жобаға қатысқан кооперативтерден қайтарылған несие қаражаты есебінен тағы үш ауылдық округ жобаға енгізілген болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтері. Бұл округтердің 237 тұрғыны мал алу үшін өтініш берген. Оған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясы» АҚ арқылы 770,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда 6073 бас мал сатып алынған. Оның 584-і мүйізді ірі қара болса, бұл малдың 534-і сауынды сиыр, яғни жобаға қатысып отырған округ тұрғындары сүт бағытын таңдаған. Бұдан бөлек, 920 бас жылқы, 3999 бас қой, 570 құс алынған.

Сондай-ақ, былтыр жыл соңында бұл округтерде жобаға 1393 аула қатысып, олардың күшімен 193 гектарды құрайтын үй іргесіндегі жер телімдері игерілген. Бұдан бөлек, жобаның бесінші бағыты бойынша тоғыз азамат жалпы құны 84,2 миллион теңгеге өздерінің жеке кәсібін ашып, жұмыс істеуде. Атап айтсақ, Үлгіліде бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу, бір тігін цехы мен бір инкубатор орталығы құрылған. Ал, Өрнекте бір кондитер цехы ашылған. Ақсай ауылдық округінде бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылды.

Қазір де жобаға қатысуға ниет білдіріп отырған округтер көп. «Жалпы 2025 жылға дейін облысқа қарасты он аудандағы барлық елді мекенді қамту жоспарлануда. Биыл таңдап алынған округтерде бұл бағыттағы жұмыс жандана түседі деген сенімдеміз. Биыл осы жобаны жандандыру үшін қосымша 24 миллиард теңге бөлінді, оған 26 ауылдық округ қатысады. Осы жоба аясында 4644 кәсіпкерді несиелендіру көзделуде», – дейді Нұрби Жігітеков.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support