- Advertisement -

Мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары

84

- Advertisement -

Қоғамның сан саласындағы бастамалар, айтулы жобалар ел дамуының қозғаушы күші һәм басты кепілі екені белгілі. Ал, кез келген елді алынбас қамалға айналдыратын алтын қазық – мәдениет пен руханият. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған әрбір Жолдауында да мәдениет саласына айрықша басымдық беріліп келеді. Президент пәрменімен 2025 жылға дейін сала мамандарының жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, жаңа мәдени нысандар ел игілігіне айналуда.

Мемлекет басшысы өз тапсырмасында саладағы жастарға қолдау көрсетуді, мамандардың біліктілігін арттырып, олардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуін қамтамасыз етуге, сонымен қатар шығармашылық әлеуетімізді арттыруға басымдық беріп келеді.

Айталық, Қасым-Жомарт Кемелұлы «мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», – деген еді Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында. Яғни, мәдениет саласының дамуы Мемлекет басшысының назарында. Сондықтан, сала мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп, оны шешу жолдары да қарастырылу үстінде. Айталық, бүгінгі таңда мәдениет саласында 3 561 қызметкер жұмыс атқараса, оның 958-і басқармаға қарасты мекемелерде, аудан, қала әкімдеріне қарастысы – 2 603 маман. Шығармашылық саласында 1 954 қызметкер болса, оның ішінде кәсіби сала мамандары 1 648-ді құрайды.

Мемлекет басшысының мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы бойынша биыл архив және кітапхана қызметкерлерінің айлық жалақысы 25 пайызға өсті.

Тіпті, мәдениет саласында қызмет етіп жүрген әкімшілік-шаруашылық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі салалық министрлікке ұсынылып отыр. Бұл салада сең қозғалып, қызмет сапасының артуына сеп боларына сеніміміз мол. Сондай-ақ, биыл 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 2022 жылдан өтпелі 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жуалы ауданындағы Қайрат, Қордай ауданындағы Қордай, Қақпатас, Бетқайнар, Қарасу, Меркі ауданындағы Мыңқазан, Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылдары алдағы уақытта жаңа мәдениет үйлерінің игілігін көретін болады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 мәдениет нысанының мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Байзақтағы Кеңес, Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар, Ақбұлым, Жуалыдағы Б.Момышұлы, Көлбастау, Қордайдағы Қарасай және Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылының тұрғындары да заманауи мәдениет үйімен қамтылатын болады. Жалпы алғанда осы жылдың қорытындысы бойынша 9 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 5 жоба жоспарға сәйкес 2024 жылға өтпелі. Сол секілді биыл 21 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында да: «Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды. Адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады» деп салаға тікелей қатысты салмақты ойымен бөлісті. Ел Президентінің мәдениет саласына айрықша мән беруі мамандарымыздың міндетін мінсіз атқаруына кәсіби тұрғыда үлкен стимул. Сондықтан, қиын-қыстау заманда өнерімен елінің атын әлемге мәшһүр еткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған киелі өңірде ұлттың құндылығын ұлықтап, ұрпаққа ұран ететін игі істер өзінің жемісті жалғасын таба береді деген сенімдемін.

 

Абирхан ЖАНҚҰЛОВ,

облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support