- Advertisement -

Су қауіпсіздігі – күрделі мәселе

82

- Advertisement -

Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында, басқа да республикалық алқалы жиындарда су қауіпсіздігі мәселесіне үнемі назар аударып, Үкіметке нақты міндеттер жүктеп келеді. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын атап көрсетіп, бірқатар түйткілдерді алға тартты. «Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», деді. Жолдау жүктеген міндеттің орындалуы туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Кенжеғали Шилібекпен сұхбаттасқан едік.

– Кенжеғали Қошқарбайұлы, Президент тапсырмасын орындауда сіз басқарып отырған оқу орнына да жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес сияқты?

– Мемлекет басшысы бұл мәселені әлденеше рет көтерді. Енді оны іс жүзінде жүзеге асыруға тиіспіз. Жасырын емес, су қауіпсіздігі үлкен мәселе. Жолдауда «Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі, әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн», – деп Президентіміз нақтылап айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының мұрагері ретінде 1962 жылдан бастап су шаруашылығы мамандарын даярлауды жүзеге асырып келеді. Университет құрамындағы «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадрлық әлеуеті мықты, ұжымда 19 ғылым докторы, профессорлар, 50-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер, 13 PhD докторлары, республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің былтырғы 22 қыркүйектегі №64 бұйрығымен университетіміз су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің базалық ұйымы ретінде айқындалды. Бұл – үлкен жауапкершілік.

Институттың екі кафедрасы «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» тікелей су шаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысады. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз қарым-қатынаста. Университетте «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» мен «Мелиорация, жерді баптау және қорғау» білім беру бағдарламалары бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру үшін диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес қызмет атқарады. Жоғары оқу орны жанында «Су шаруашылығы» дайындық бағыты бойынша жобаларды басқарудың ре спубликалық оқу- әдістемелік бірлестік тобы жұмыс істейді.

Су шаруашылығы саласында кадрлар даярлау үшін оқу-ғылыми және өндірістік міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін қондырғылармен және аспаптармен (Armfield, England) жарақтандырылған мамандандырылған зертханалық база сақталды және жұмыс істеп тұр. Мұнда саланың білім беру бағдарламалары бойынша зертханалық- практикалық сабақтар өткізу үшін оқу полигоны бар.

– Сіздердің шетелдік және отандық су шаруашылығына мамандар даярлайтын оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстарыңыз қалай?

– Біздің университет шетелдік және отандық оқу орындарымен, ғылыми- зерттеу институттарымен су мамандарын дайындау бойынша ынтымақтастық көкжиегін кеңейте түсуде. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен University Nebraska – Linkoln (АҚШ) және тағы басқа оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, 100 миллион теңгеден астам қаржыға бірқатар бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк өткізетін «Орталық Азия білім алмасу желісі: су ресурстары және энергетика бойынша өңірлік ынтымақтастық үшін серіктестікті дамыту (CAKN)», «Орталық Азияға арналған су-энергетикалық бағдарламасы (KAWEP)» шеңберінде аталған жобаны Қазақстан атынан орындауға қатысады. Соңғы екі жылда біздің ғалымдардың қатысуымен су шаруашылығы саласында бірнеше кәсіби стандарттар әзірленіп, енгізілді.

Тағы бір айта кететін жайт, алдағы оқу жылынан бастап біздің университет «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетімен қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл студенттерімізге екі университеттің дипломын қатар алуға мүмкіндік береді. Жақын арада университеттің бастамасымен су шаруашылығына қатысты жоғары оқу орындары мен мекемелер арасында су саласы үшін кадрларды даярлау және бірлескен зерттеулер жүргізу сапасын арттыру үшін консорциалдық келісім жасау қолға алынбақ.

«Академиялық үстемдік орталығын» (мықты өңірлік ЖОО) құру жобасы аясында университетіміздің «Су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібінің ғылыми-білім беру хабы» жобасы бойынша құрылатын зертханалардың бағыттары мен атаулары мақұлданып, министрлік тарапынан 4 миллиард теңге бөліну жоспарлануда.

– Гидротехникалық құрылымдардың жай-күйі мен трансшекаралық өзендерден түсетін ағын суды бірлесіп пайдалану туралы және олардың бүгінгі жай-күйіне тоқталып өтсеңіз?

– Бүгінде қолданыстағы гидротехникалық құрылымдардың басым бөлігі 1950-1985 жылдары салынған, апаттық қаупі жоғары. Суармалы алқаптардағы гидротехникалық құрылымдар жұмысының сапасы да өте төмен. Қазіргі таңда республика бойынша 268,5 мың гектар алқап су үнемдеу технологиясы бойынша суарылуда. Су үнемдеу технологияларды ендірудің даму болжамы бойынша 2025 жылға қарай оның көлемі 487,8 мың гектарға ұлғаймақ.

Трансшекаралық өзендер бассейндерінің су ресурстарын бірлесіп кешенді пайдалану мәселелері өте өзекті. Ертіс, Іле (Қытайдан бастау алады), Сырдария (Өзбекстан), Жайық (Ресей), Шу, Талас (Қырғыз) және тағы басқа өзендердің су ресурстарын пайдаланудың мемлекетаралық келісімшарттары толығымен жасалмаған. Экономика салалары бойынша, оның ішінде су шаруашылығы саласы бойынша кәсіби стандарттардың жеткілікті саны әзірленбеген.

Суға байланысты келетін қауіп- қатерлер туралы ғалымдарымыз айтып та, жазып та жатыр. Бұл өзекті мәселені «Aq jol» газеті де жиі көтеріп келеді. Су ресурстарын тиімсіз басқарудың тікелей экономикалық шығындары экономиканың барлық салаларында, оның ішінде ауыл шаруашылығында өнімділіктің төмендеуіне, суға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және бақылау шығындарының өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, энергия бағасының өсуіне, әлеуметтік және экологиялық зардаптарға, ауыл тұрғындарының күнкөріс деңгейінің және денсаулығының төмендеуіне, экожүйелер жүктемесіне және олардың деградациясына әсері мол. Тұтастай алғанда су шаруашылығына бейжай қарау бұл – мемлекетімізге келетін қауіп.

– Мемлекет басшысы биылғы наурыз айында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде де «Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды» деп тағы да нақты міндет жүктеді…

– Президенттің су қауіпсіздігі туралы әрбір айтқан сөзі, Үкіметті міндеттеуі бұл бізге де тапсырылған жұмыс деп қабылдаймыз. Шыны керек, Жолдауда да, Парламенттің бірінші сессиясында да атап көрсеткендей, қазіргі уақытта Қазақст анның су шаруашылығы гидротехникалық құрылымдар мен су шаруашылығы жүйелерін жобалау, жабдықтау, салу және пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қабілетті мамандарға аса мұқтаж.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су саласындағы жағдайды жақсарту үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жоғарыда аталған мамандарды даярлау бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Сондықтан да су шаруашылығына білікті мамандар даярлайтын өңірлік жоғары оқу орнына мемлекет деңгейінде көңіл бөлу керек деп ойлаймын.

Президенттің Жолдаудағы тапсырмасын орындау үшін су бағытында мамандарды даярлауды жүзеге асыру және дамыту бойынша төмендегі ұсыныстар тез арада шешімін табу керек деп есептеймін.

Біріншіден, су мамандарының мәртебесін (имиджін) көтеру мақсатында су бағытында білім алатын студенттерге шәкіртақыны екі есеге көтеру;

Екіншіден, су саласы бойынша оқуға қабылданатын барлық сырттан келетін студенттерді жатақханамен және шақырылған жас мамандарды пәтермен 100 пайыз қамту;

Үшіншіден, дуалды білім алу мақсатында студенттердің тәжірибе өткізу орындарын – республиканың ірі су шаруашылығы мекемелері базасында өткізуге мүмкіндік беру;

Төртіншіден, «Су ре сурстары және суды пайдалану» білім беру тобы бойынша дайындалатын мамандардың сапасын жоғарылату мақсатында, университеттің материалдық базасын ескере отырып, республика бойынша бакалаврларды, магистрлерді, докторанттарды тек М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дайындау, мамандарды осы университетке шоғырландыру;

Бе сіншіден, «Су ре сурстары» және «Мелиорация және агрономия» кафедраларының материалдық базасын нығайтуға, заманауи зертханалар ашуға қомақты қаржы көздерін қарастыруға үкімет тарапынан қолдау көрсету;

Алтыншыдан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен арнайы гранттармен студенттерді қабылдау;

Жетіншіден, су саласы бойынша диплом алған студенттерді жұмыспен 100 пайыз қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және су саласының мамандарының еңбек ақысын жоғарылату.

Үкімет М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне, су саласындағы іргелі, әрі бірегей жоғары оқу орнына қолдау көрсетсе, ұсыныстарымыздың негізінде ұтымды шараларды жүзеге асырса, Үкіметтің су проблемасын шешуге бағытталған дұрыс, тиімді әрі батыл қадамы болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support