- Advertisement -

Қарашаңырақ

83

- Advertisement -

Ауылға барған осы сапарымда қуанып қайттым. Көктөбедегі біздің қарашаңырақ қайта салынады. Салынғанына 60 жыл болған ескі там. Қарашаңырақ атануы – мұнда Досалы атам мен Түйметай апам ғұмыр кешкен. Тіпті, бұл баспанадан бұрын да сол орында атам мен апамның қос бөлмелі қоржын тамы болған. Сол қоржын тамда Несіпбай көкем, Жаңабай әкем, Жақсыбек аға, Сарқыт әпкелер өмірге келген. Бұл күнде олардан тараған немере, шөбере отаудың өзі бірнеше. Шүкір!

Енді сол ескі тамның орнына жаңа, заманауи үй тұрғызылады. Ауылдағы Сәкен ағам – ұста. Өзі бригада жасақтап алып, ауылдың 10-15 үйін салып шыққан. Енді өз іні, бауыр, балаларын жұмылдырып, қарашаңырақты жаңартпақ.

Осы кезге дейін талай қарашаңырақ бұзылып кетті. Сағат, Әбзелхан, Рахым, Сауытбек көкелердің қарашаңырағы сақталған жоқ. Түрлі түрлі заман болды. Жұмыссыздық белең алды. Нәсібін басқа жақтан іздеп кеткен олардың ұрпақтарында да кінә жоқ.

Ауылға деген мемлекеттің қолдауынан болар, қазір елді мекендердің еңсесі көтерілген. Көп ауылда газ бар, таза ауыз су бар. Келіндер бұрынғыдай бұрқыратып күл шығармайды. Шырпыны тұтатып қалса, үй жылынып, қазан қайнап жатыр. Сондықтан, ауылдан жаңа үй салатындар көбейген.

Қарашаңырағын көшеміздегі Мырзағали ағам, Арман құрдасым жағалап салды. Ұят, Аман, Түзел көкелерімнің үйлері де күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып қалды. Әр үйдің қоршаулары заманауи материалдармен қоршалған. Бұрынғыдай шеңгелмен қоршалған алқа-салқа үйлер жоқ. Бұл – ауылдың түлеуі. Ауылдың түлеуі – үлкендердің тілеуі. Қазір ауылдан қалаға көшу азайып қалды. Қайта, қаладан ауылға бет түзегендер басымырақ.

Көктөбедегі қарашаңырақта барлығымыз қайта бас қосамыз. Бұл – үлкен қуаныш! Бұл – ауылдан тамырымыз үзілмейді деген сөз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support