- Advertisement -

Ильяны жұрт неге Ілия дейді?

158

- Advertisement -

Музыка әлемінің корифейі, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың қазақ өнеріндегі орны бөлек. Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың екі елге ортақ тұлға екені рас.

«Адамзаттың Айтматовы» атанған әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесінің желісімен жазылған «Жәмиләнің әні», «Даниярдың әні» секілді туындылар композитор шығармашылығын жаңа бір белеске көтергеніне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, мамандар сол әндердің деңгейін әлдеқашан айқындап қойған.

Әсіресе, «Даниярдың әнін» тыңдағанда заңғар жазушы жерлесіміздің шеберлігіне сүйсінгеннен: «Абдан жакшы. Оқумыш. Абдан жакшы. Ең сонын обон менің Жәмиләмның ғашығы Даниярдың ең сонын обоны бұл қазақ-қырғыз тааласына шұрқап кететін кенен обон екен. Иним, саған зор урматым менің» депті риясыз көңілмен.

Әйдік шығарманы алғаш тыңдаған атақты композитор Евгений Брусиловский да композитордың музыкалық сауатына сүйсініп, «Даниярдың әнін» романсқа теңеген. Мықтылардың жерлесіміздің талантына деген құрметі композитор шығармаларына берілген жоғары баға екені рас. Олардан асырып кім айтсын?

Сарысудың сартап даласының жұпар ауасын жұтып өскен Илья Жақановтың есімін жұрт жиі шатастырып, «Ілия» деп айтып қалады. Композитордың айтуынша, оның есім- сойы ел айтып жүргендей «Ілия» емес, «Илья».

«Менің туған жерім Сарысу ауданының «Ілгерібас» деген колхозы екенін айта кеткен жөн. Ел-жұрт Қаратаудың Жон деп аталатын жайлауына қонып, түйемен көшкен керуен Нұртай өзенінің жағасына қонайын деп жатқан шақта далада жайнап тұрған жауқазын, алқызыл гүлдер, сартап қыр сондай исініп, жәннат әлемі секілді гүл атып тұрған кезде, көш қонатын жерге таяғанда ойда-жоқта қара дауыл соғады…

Қара жаңбыр, қара дауыл, айнала түгел алай-дүлей болып кетеді. Дауыл соңы қалың жауған қарға ұласады. Ақтүтек қар борап, даланы басып қалады. Түйе біткен қадамын ілгері баса алмайды. Осылайша, көш тоқтайды. Сол кезде түйелерді тоқтатып, шөгеріп, адамдар абдырайды да, көштегі барлық керегілерді босатып, бастырма жасап жатқан уақытта анам Балкенді толғақ қысады. Әжем Биежан да сол маңда болған екен. Дамылсыз соққан қара дауылдың артынан қар құйып тұрған уақытта мен шыр етіп дүние есігін ашыппын. Әрине, мұндай жағдайда үлкендер жағы да абдырап қалатыны рас қой», дейді Илья Жақанов өзінің дүниеге келген шағын есіне алып.

Илья Жақановтың есімін Илья Ульяновпен байланыстыратындар да бар. Белгілі композитордың есімімен қойған азаматтар расымен де Лениннің әкесінің атын назарға алған ба?

«Қара дауыл соғып, қар жауып тұрған шақта бастырманың ығына туырлық, киізге орап, көрпелермен шешеміз екеумізді қымтайды. Кейін шешемнен: «Содан кейін не болды?» – деп сұраймын ғой. Ол кісі: «Екеумізді орап тастаған соң бір сәттің ішінде айнала, дүние қайта жайнап, жауған қардың бәрі тасқынға айналды. Қаратаудың үстіндегі Жон деп аталатын жайлаудағы сай-саланың, жыраның бәрі сарқырап, дүниенің бәрі Еділ-Жайық болып кетті. Бұл не деген жаңбыр, бұл не деген мезгілсіз жауған қар, бұл не деген тасқын деп ойладық. Сөйтіп сен сондай жағдайда, Нұртай өзенінің жағасында дүниеге келдің», – дейді.

Арада бірер күн өткенде ауыл адамдары, анығырақ айтсақ Мәделі, Мүсірәлі, Сәрсен, Смағұл деген молда- қожалар, Биежан әжейдің немересіне құтты болсын айтайық деп біздің үйге келіп, қымыз ішіп отырған сәтте әкей үйге кіреді. Ол кісі ауылдық мектептің директоры қызметін атқарып жүрген. Қолында кітаптары бар екен. Үлкен кісілер «Жақан, сенің қолыңдағы кітаптың ішінде Ленин ақсақалдың суреті бар ма?» деп сұрайды. Әкей кітаптың бетіне қараса, әліппенің бетінде Ленин мен Сталиннің суреттері тұрады. «Лениннің суреті бар екен» деп үн қатады. «Әкесі кім екен?» – дейді үлкендердің бірі. «Әкесі – Илья Ульянов» деп жауап береді.

«Онда сенің дүниеге келген батырыңның, Биежан әженің немересінің аты Илья болсын» деп, менің атымды Илья қояды. Содан бастап менің атым Илья аталып, барлық құжаттарымда солай жазылған. Ілия емес, Илья. Міне, менің дүниеге келген кезім мен атымның қойылу тарихы осылай», дейді қазақ ән әлемінің дарабозы өткен шаққа көз жүгіртіп. Илья Жақановтың есіміне қатысты барлық сыр осы бір естелікте анық жазылған екен.

 

 Мақпал СҮЙІНБАЙ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support