Өткенді ұмытпау – ұрпаққа парыз

Өткенді ұмытпау – ұрпаққа парыз
ашық дереккөз
Өткенді ұмытпау – ұрпаққа парыз
Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласында Шымыр бабаға арнап Құран бағышталып, ас берілді. Оған Өзбекстан мен Қазақстан Республикаларының түрлі қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен қонақтар қатысты. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары Жамбыл облысында тұратын Шымыр атаның Бекболатынан тарайтын Сәмбет ұрпақтары. Шымыр баба зиратын алғаш рет 1993 жылдың қаңтарында сол тұстағы Жамбыл кірпіш зауытының директоры Сембек Сейдәзімов, облыстық «Ақ жол» газеті редакторының орынбасары Бақытяр Әбілдаев, жуалыдан Сейітқазы қажы Медетбекұлы мен жазушы Әбжапар Жылқышиев барып көрген. Содан бастап 2000 жылға дейін басында болған ұрпақтары тек Құран оқумен шектеліп келген екен. Ал, Құран бағыштаумен қоса, ас беруді сол 2000 жылы Өмірбек Байгелді бастап беріпті. Содан бері Ташкентте Жамбыл аймағында тұратын, баба кіндігінен тараған 24 ата баласы жылда кезекпен Құран түсіріп, ас беріп келеді. Бұл жақсы үрдістің жалғастырушылары биыл үлкен жұмыс тындырып отырғанын айтпай кетуге болмас. Осы танымдық іс-шараның ашылуында қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Карентайұлы баяндама жасады. Ол баяндамасында «ас берерден бір ай бұрын баба басына арнайы зиярат ете келген топ, кесененің қазіргі жағдайымен танысыпты. Шырақшымен сөйлесе келіп, оның 2014 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін естіп-біледі. Сол топта болған кісілер «Шырақшы сөзінің растығын көзіміз көрді. Шымыр баба кесенесі күмбезінің бояуы тозып, қабыршықтанып түсіп жатыр екен» деп айтып келді. Содан кейін биылғы іс- шараны ұйымдастырып отырған Сәмбет ұрпақтары ең алдымен кесенені жөндеуді қолға алып, бүгін қайта жаңғыртылған баба кесенесімен абаттандырылған ауласын көріп отырмыз. Осы істі қолына алып, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарған батыры мен жайсаңы көп Сәмбет ата ұрпағына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді ол. «Кесенені жөндеуді қолға алғанымызда ең күрделі жұмыс – күмбездің төбесін қырып, әрлеп, автомобиль бояуымен сырлау болды. Ол үшін мұнарасы ұзын кран табу да оңай шаруа болмады. Бұдан бөлек, кесене аумағындағы тас төсеніштер керамогранит тасына ауыстырылды. Сөйтіп осы жұмыстармен қатар, кесене аумағы толық құрылыс талабына сай абаттандырылды. Осы жұмыстарды Өзбекстандағы құрылысшылар өте сапалы жүргізді. Ал, біз үнемі келіп-кетіп әрі байланыс жасау арқылы олардың жұмысын қадағалап, бақылап отырдық»,– дейді «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС директоры Асылбек Жантаев. Шетелде мұндай құрылыс жұмысын атқару оңай шаруа емес. Мұндай жұмыстарға мемлекеттен қаржы бөлінбесі де белгілі. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген аталы сөзге тоқтаған баба ұрпақтары бұл жұмысты да көптің қолдауымен, ізгі тілек пен демеушілердің арқасында еңсеріп отыр. Кесененің құрылыс жұмысына 1 миллион 795 мың теңге жұмсалыпты. Ал, кесене шырақшысының бір жылдық жалақысы мен коммуналдық төлемдеріне 1 миллион 150 мың теңге берілген. Сөйтіп баяндамашы айтқандай, бір айға созылған құрылыс жұмысы аясында баба кесенесі қайта жаңғыртудан өтіп, ауласы абаттандырылыпты. Бұл көрініс зиярат етуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды тәнті етіп қана қоймай, ғажайып аурасымен баурап алды. Шымыр бабамен қатар Ташкентте жатқан Төле би бабаға да арнап Құран түсірілді. Осы қала аумағында мәңгі ұйқыда жатқан Әйтеке би, Жалаңтөс батыр мен басқа да қазақтан шыққан баһадүрлердің әруақтарына да арнап Құран бағышталды. Баба басындағы осы рәсімнен кейін негізгі іс-шара «MAROQAND» ресторанында жалғасын тапты. Бұл кешке қатысқан Өзбекстан Республикасы мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар сөз сөйлеп, жақсы дәстүрге айналған іс-шараның әсіресе жастарға берер тәрбиелік мәнінің зор екенін, екі ел арасындағы мәдени және тарихи байланысты жақсарта түсетіндігі айтылды. Елдің игі жақсылары мен баба ұрпақтары шежіреде тарқатып, талай тарих беттерін ақтарған танымы зор кеш болды. Іс-шара барысында «Шымыр ата» мен «Сәмбетұлы Қосы батыр» қорларының төрағалары, облысқа белгілі ел азаматтары Оңласын Есіркепов пен Дәулетбай Есімбеков бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Осы іс- шараны өткізуге атсалысқан екі елдің игі жақсыларының есімдері аталып, еңбектері ескеріліп, кейбірінің иықтарына шапан жабылды. Мұндай құрметке Шымыр ата кесенесінің шырақшысы Мовлан ака Атаходжаев та бөленді. Кеште ешкім ұмыт қалған жоқ. Құрметке бөленбеген ел жайсаңдары қалмады. Тілек бұрышына шығып сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтың сөз еткендер де аз болмады.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ташкент қаласы,

Өзбекстан Республикасы.

Ұқсас жаңалықтар