- Advertisement -

Отанды қорғау — қасиетті борыш

48

- Advertisement -

Міне, мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық. Өтуде түн, өтуде күн.
Қасиетті жерімді қарауылдап,
Қайыспай күзетуге бекінгемін.

Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай,
Әрі қарай мекен жоқ жаныма жай.
Осы жерден шығады күнім менің,
Осы жерден атады таңым арай, — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ел мен жер бәрінен қымбат және бағалы. Өз мемлекетіңнің патриот перзенті болудан артық бақыт жоқ. Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен іс-шара сахнаға мемлекеттік Тудың әкелініп, Әнұранның шырқалуымен басталды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, әскерилерді төл мерекелерімен құттықтады.

– Қадірлі жамбылдықтар! Құрметті Отан қорғаушылар!

Елді кірпік қақпай қорғау – жауынгерлік ерекше міндет. Отан қорғаушылар барда тұрғындар алаңсыз, бейбіт өмір сүреді. Қарулы Күштер – мемлекетіміздің айбыны. Біздің өңірде 26 әскери бөлім бар.

Ұлттық ұлан сарбаздары, шекара қызметіндегі жауынгерлер өз міндеттерін адал атқаруда. Отан қорғаушылар – елдің мызғымас берік тірегі. Отанды қорғау – патриоттықтың биік үлгісі. Әуе, жер, көктегі әскери құрылымдар – ел тыныштығының кепілі. Мықты армия – еліміздің берік қорғанысы. «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының қызметі ауқымды. Қадірлі Отан қорғаушы сардарлар мен сарбаздар, сіздердің атқарып жүрген еңбектеріңізге алғыс айтамын. Отбасыларыңызға береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деген облыс басшысы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының бас қолбасшысы, генерал Мереке Көшекбаевқа, аға сержант Жанат Төлепбергеновке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, бірқатар сардарлар мен сарбаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мұнан соң «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының бас қолбасшысы, генерал Мереке Көшекбаев сөз сөйлеп, Қазақстан армиясының басты мерекесімен әріптестерін құттықтады. «Айбыны асқақ, тағылымы терең Отан қорғаушылар күні құтты болсын. Мемлекетті қорғау – қасиетті борыш. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген батыр Бауыржан Момышұлының сөзі бекер айтылмаған. Жылдар талай мәселені өзгертсе де, Отанға деген патриоттықты өзгерте алмайды. Отанын кірпік қақпай қорғау – әр жауынгердің міндеті. Барлықтарыңызға жақсылық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!», – деді ол. Мұнан соң Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, бірқатар Отан қорғаушыларды І, ІІ, ІІІ дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапаттады.

Келесі кезекте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен әскери топтар сахнада өнер көрсетті.

Іс-шара барысында «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының бас қолбасшысының қызы Аяжан Мәтін патриоттық ән шырқап, залда отырған әкесін – генерал Мереке Көшекбаевты арнайы барып мерекесімен құттықтағаны залдағыларға ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиын соңында аталған филармония ұжымы және әскери әншілер Ескендір Хасанғалиевтің «Жасыл жайлау» әнін хормен шырқағанда, бүкіл зал қосыла шырқады.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support