- Advertisement -

Ерлікке мәңгілік құрмет

40

- Advertisement -

Ұлы Жеңіс күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров тараздық Виктор Долгановтың шаңырағына барып мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Майдангер 1926 жылы туған. 1945 жылы соғысқа шақырылған. Ол соғысқа дейін Кемерово облысы Ленинск- Кузнецск қаласындағы соғыс зауытында жұмыс істеген. Соғыс аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарында, Жамбыл қаласындағы №37239 әскери бөлімінде және суперфосфат зауытында қызмет еткен.

«II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және «Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдармен марапатталған.

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов сұрапыл соғыс жылдарындағы Жамбыл қаласындағы госпитальдарда жарақаттан қаза болған Совет армиясы жауынгерлеріне арналған обелискке гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы, қазынашылық департаменті, құрылыс басқармасы, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары және қала тұрғындары қатысты.

Сондай-ақ, бұл күні жергілікті атқамінерлер Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаевтың шаңырағына арнайы барып, айтулы мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Жылы жүздесу барысында жауаптылар майдангермен сұхбаттасып, ардагерге зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Шалданбай ата да ризашылығын білдіріп, қазақстандықтарға бейбітшілік пен амандық тіледі.

Шалданбай ақсақал 1924 жылдың 10 ақпанында қазіргі Т.Рысқұлов ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың 15 тамызында Меркі аудандық комиссариатынан әскер қатарына алынады. Осылайша, советтік Қызыл әскердің жауынгері атанған ол соғыс аяқталғанға дейін 227-полк құрамында шайқасады. Ал, соғыс біткен соң әскер қатарында қалдырылып, 1949 жылы елге оралады. Туған жерге табаны тиген соң, трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып қызмет етеді. 1959 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «Маршал Жуков» мерекелік медальдарымен марапатталған. Айта кетейік, қарт жауынгер 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 32 немере, 53 шөбере және 4 шөпшек сүйіп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев соғыс ардагері Базарбай Бурбаевтың шаңырағына арнайы атбасын бұрып, мерекесімен құттықтады. Адамзат тарихында ірілі-уақты он бес мыңға жуық соғыс болған екен. Бірақ, солардың ішінде ең жантүршігерлігі осы Ұлы Отан соғысы болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қияр соғыс жүріп жатты.

Осынау соқтықпалы, соқпағы көп сұрапыл жолды жамбылдық майдангер Базарбай Бурбаев ерлікпен еңсеріп өтті. Ол 1924 жылы сол кездегі Жамбыл қаласында дүниеге келген. Каганович атындағы мектепте қара танып, 1942 жылы әскерге шақырылған. 393-атқыштар полкінде минометші болған. Манжурия, Мукден, Харбин және тағы басқа қалаларды азат етуге қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі мен қайсарлығы» үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Манжуриядан 1947 жылы елге оралған.

1949 жылдан 1988 жылға дейін Жамбыл локомотив депосында машинист болып қызмет атқарған. Өшпес ерліктің иесі бейбіт күнде де бейнетпен еңбек етіп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қазірде 15 немере, 18 шөберенің қызығына тоймай, ұлт ұрпағының болашағы жарқын болуын тілеп жүрген қазыналы қария.

– Кез келген соғыс адамзат баласы үшін үлкен қасірет. Соғыстан асқан зауал жоқ. Ол адамзаттың ғана емес, күллі тіршіліктің, мемлекеттердің болашағына балта шабатын зұлымдық. Біз сондай сұрапылдың куәсі болдық. Қазақ балалары енді ондай қиындықты көрмесін. Біздің бар тілеуіміз – еліміздің амандығы. Ұрпақ өніп-өсіп, мемлекетіміздің берекесі арта берсін, – деді қарт майдангер.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары ардагердің деніне саулық, отбасына амандық тілеп, келер жылы ғасырлық тойына аман-есен жетуіне тілеулестік білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тараздық ардагер Григорий Нещеретновті, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ардагер Иван Макеевті мерекесімен құттықтады.

Өз кезегінде майдангерлер де қиын кездегі естеліктерімен бөлісіп, елдің амандығын тілеп, жас ұрпақты бүгінгі бейбіт күннің бағасын білуге шақырды.

Айта кетейік, осы секілді ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, Жеңіс мерекесімен құттықтау шаралары аудандарда да өз жалғасын тапты.

 

Есен ӨТЕУЛІ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support