- Advertisement -

Айт мерекесін қалай тойлап жүрміз?

9

- Advertisement -

«Отыз күн оразаның бір айты бар…» демекші, Рамазан айтына да жетіп отырмыз. Айт – діни мереке. Ол байға да, кедейге де, үлкен-кіші, баршаға ортақ. Айттың қуаныш пен ізгілікке толы мәнісі бала күнімізден жадымызда жатталып қалған. Балаға да мәре-сәре қуаныш сыйлайтын айт мейрамының маңызы бөлек.

Дегенмен, осы айтты қазіргі таңда қалай атап өтіп жүрміз? «Кемі жеті үйге айттап шығу қажет» дегенді жасөспірім шағымыздан естіп өскен едік. Бұл жерде «жеті үйге кірмесең болмайды» деген ескертпеден гөрі, «айтты жақсылап тойла, қуан, шаттан» деген ұғым басым секілді. Бір өкініштісі, қазіргі таңда қалалы жердің тұрғындары көршісімен араласудан қалып барады. Айт мерекесінде де үйден-үйге айттап жүрген қалалықтарды аз кездестіреміз. Ал, ауылдық жерде айт мерекесінің мәні әлі де сақталып отыр деуге болады. Бірақ, ауылдық жерлерде ораза айт күндерінде шек тарату, марқұм болған кісілерге арнайы құран оқыту секілді жағдайлар сыналап еніп барады. Бұл туралы бірқатар кісілердің пікірін білген едік. Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Пантай Рахманбердиев: «Айттың мерекелік мәні жоғары. Бала күнімізден ауылда айттап өстік. Әлі сол алтын бесік – ауылда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бұл күнде елдің ақыл берер ақсақалына айналдық. Рас, ел іші болған соң, шек таратып, құран оқытып жататын отбасылар да бар. Дегенмен, айт – мереке. Бұл күні қазан көтергеннен гөрі айттаған абзалырақ. Айт – достық пен ынтымақ, қуаныштың мерекесі. Тіпті, ренжіскен кейбір кісілер осы айт мерекесінде татуласып жатады. Бір өкініштісі, қазір адамдардың көпшілігі бір күн ғана айттайтын болды. Бұрынғыдай үш күн бойы мерекелеп жүретіндер аз. Бұрын бірінші күні өз көшеңе, екінші күні туған-туысқа айттау үрдіс болатын. Бұл үрдіс те біртіндеп қалып барады», – деді.

Біз имамдарды да сөзге тарттық. Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев: «Айт – мереке. Ол күні айттаңыз. Бұл күні шек тарату дұрыс емес. Ал, Құрбан айтта құрбан шалуымыз қажет», – десе, Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Негізі, айт – діни мереке. Алла бұл күні ауызымызды ашып, мерекелеуді бұйырды. Айт – қуаныш пен шаттықтың мерекесі. Сондықтан, үлкендер болсын, балалар болсын айт кезінде шат-шадыман қуанып, мерекелеуіміз қажет. Бұл – құран мүлдем оқылмауы керек, құран оқытуға болмайды деген сөз емес. Бірақ, айттың мерекелік сипаты жоғары болуы қажет», – деді. «Бұрын қалалы жерде де керемет айттап жатушы еді. Қазір тұрғындар арасында онша құлшыныс байқалмайды», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Сәрсенкүл Қадырова.

Барша мұсылман халқы үшін айттың мәні мен мағынасы бөлек. Ол – тұрғындардың шат-шадыман қуанышы, бір-біріне деген ықылас пен пейілі.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support