- Advertisement -

Өлең өлкесінің көктемі

14

- Advertisement -

Көктем – поэзия әлеміндегі лириканың лебі есіп, муза бақшасы мәуелейтін сәруәр сәт. Жыр нөсерін «селдетіп», көңіл теңізі тербелетін табиғаттың осы мезгілінде «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында әдеби жүздесу ұйымдастырылды.

Әулиеаталық қаламгерлер мен ақындардың өмірі һәм өлең жолымен, сонымен қатар, олардың ізінен ерген жастардың шығармашылығымен танысуға арналған кездесуге ақын, белгілі журналист, облыстық «Аq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, ақын, аталған газеттің тілшілері Нұржан Әліш пен Нұрболат Аманбек қатысып, шығармашылық тұрғысында өрелі әңгіме өрбітті.

Жалпы, «Ақындай сезімтал, әлемде жан бар ма?» тақырыбындағы іс-шараның басты мақсаты – аймақтағы ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген ықыласын көтеру, сонымен қатар жасөспірімдердің зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету. Басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған журналист Ерман Әбдиев Шона Смаханұлы секілді сатириктердің сарынын жалғайтын жастардың аздығын алға тартты. Ал, қаламгерлер Қамар Қарасаева мен Ардақ Үсейінова қазіргі қазақ прозасы туралы орамды ойларын ортаға салды. Нұржан Әліш, Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Аманбек бастаған ақындардың жыр шашуын жүздесуге қатысқан жастар жалғап, лирикалық өлеңдер оқылды. Басқосуға шақырылған ақындардың жырларын кітапхана қызметкерлері мен жастар жатқа оқып, әдеби-сазды ән шырқалды.

Жас болса да әдебиет әлемінде өзіне тән соқпақ жол салған ақындардың өмірлік және шығармашылық жолдарымен кітапхана оқырмандарын жан-жақты таныстыру, кітапхананың жас оқырмандарын ақындармен жүздестіру арқылы, олардың туындыларын оқуға баулу мақсатын көздеген кітапханашылар мұндай игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

 

«Aq jol»-Aqparat.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support