- Advertisement -

Интернационал әулет

127

- Advertisement -

Любовь пен Әмірді жас кезінде жұрт «қос ғашық» деп атап кеткен. Олар бір-бірін бір көргеннен құлай сүйді. Шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болуға ниет білдірген орыс қызы мен қазақ жігітінің қосылуына үлкендер қарсылық білдірді. Қазақи ортада тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бозбала үшін үлкендердің айтқаны заң. Сезімін жүрегінде тұншықтырып, Әмір Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанып кетеді. Ал сүйген қызы бұл уақытта Ресейге бет түзейді.

Екі жылдан соң елге оралған жігіт келе сала бірден сүйіктісін сұрастырып, іздей бастайды. Алыстап кеткенін естіген сәтте- ақ бойын қимастық сезімі билеп, қандай қиындық кездессе де жеңіп шығуға бекінеді. Сөйтіп, Ресейдің Смоленск қаласына аяқасты аттанып кетеді. Міне, солай орыс қызын шын сүйіп, жар етуге бекінген Әмір өз Отанына екеу болып оралады.

Үлкендердің сөзі ш ы н ғашықтардың махаббатына бөгет бола алмай, шынайы сезім бәрін жеңіп шығады. Любовь Әріпбаевтар әулетінің бо с ағасын қазақтың жөн- жоралғысымен аттап, келін атанады. Ол шаңырақ көтеріп, шымылдық түрілген күннен бастап, жаулық тағып, сәлем салып, барлық дәстүрді меңгеріп, қазақтың маңдайалды мақтаулы келініне айналды. Сүйген жарына алты перзент сыйлап, қазақтың келініне тән барлық асыл қасиеттерді 70-тен асқан шағында да мүлт етпей орындап жүр. Люба жеңгей қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен қатар, тілін де меңгеріп алған. Абысын-ажынның ортасында сый-құрметке бөленген келіннің табалдырығын оң аяғымен аттаған жұртына сүйіспеншілігі ерекше. Бүгінде немере мен шөберенің ортасында бақытқа бөленіп жүрген Люба әжей келін мен күйеу балаларының шұғылалы шаңырағында шуағына бөлеп отыр.

Алтынайда осы интернационал шаңырақтың үлкенұлы–Қуаныштың келіншегі, яғни ырымалды келіні. Алтынайдың әкесі қазақ болғанымен, нағашы атасы – өзбек, ал әжесі – татар ұлтының қызы.

– Әкем анамды бір көргеннен ғашық болып, атпен алып қашқан екен. Ал Қуаныш екеуміз келісіп, бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Бірде құрдасым «Міне, осы жігітпен сені таныстырайын деп жүр едім», – деп Қуанышты сыртынан көрсетті. Мен шошып: «Орыс екен ғой», – дедім. «Жоқ, бұл қазақтың баласы», – деп құрдасым сыртынан мақтай жөнелді. Арада біраз уақыт өткенде біз танысып, сөзіміз жарасып кетті. Сыпайы, тәрбиелі жігіт маған қатты ұнады. Медбике екендігімді білетін Қуаныш бірде «Система салып берші», – деп өтініш білдірді. Системаға аллергиясы бар болып шықты. Әлгі дәріні еккенде тынысы т арылғанын көргендіктен, уайымдай бастадым. Кейін қоңырау соғып, Қуаныштың амандығын біліп тұрдым, – дейді Алтынай.

Қуаныш та медбике қыз туралы көп ойланып, ертесі қызға қыдырып қайтуға ұсыныс білдіреді. Сөйтіп, олар небәрі екі аптаның ішінде отбасын құрып, шаңырақ көтереді.

Ең қызығы, әулеттегі немеренің үлкені Мақсат та татар ұлтының қызымен бас қосып, бақытты ғұмыр кешуде.

– Көзім көгілдір, жүзім ақсары болып, анамнан аумай қалғандықтан, мені танымайтындар орыс деп ойлайды. Той-томалаққа барғанда қазақша сөйлеп тұрған асаба да, маған келгенде орыс тілінде сөйлеп микрофон ұсынады. Жасың ұлғайған сайын негізіңе тартады екенсің. Бойымда 70 пайыз қазақтың қаны бар деп ойлаймын. Үйде бала күнімізден тек қазақша сөйлеп, қазақша тәрбие көріп өстік. Ұлым Мақсат «татар қызына үйленемін» дегенде сәл-пәл ыңғайсызданғаным рас. Ұлым ниетімді бірден түсініп: «Мама, мен ол қызды жақсы көремін» дегенде, махаббаттан ұлы күштің жоқ екенін түсініп, келістік. Қазір қазақша түсінгенімен, тілге шорқақ татар келінім, орыс тілді бола тұра, екі бірдей ененің бабын тауып, алғысын алып отыр. Ақ жаулығын да тастаған емес, – дейді Нағима Әмірқызы.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support