- Advertisement -

Бәрі еңбекпен, табандылықпен келеді

108

- Advertisement -

Ақтөбе ауылдық округінде ондаған ұлт өкілі тату-тəтті тұрып жатыр. Олар бір шаңырақ астында араласып, біте қайнасып жұмыс істеп, өмір сүруде. Адам өмірінде татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Елдің аузы ала болса, айтқаны бір жерден шықпаса, жұрты көсемінің соңынан ермесе, әр үй өз ынтымағын қызғыштай қорғамаса, бірлігі кетіп, берекесі тозған ел содан шығады.

Дәл қазір біздің кең-байтақ Отанымыз татулық сынды құндылықпен, осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Шүкір, біздің Жуалы ауданының өзінде қаншама ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алып, еңбек етуде. Соның бірі – Жаңаталап ауылының тұрғыны Евгения Самойличенко.

– Әрбір адамның алдына қойған арманы болады. Сол арманға жету үшін талаптанады, алдына мақсат қояды. Мен әкем Алексейді қатты жақсы көремін. Әкем менің аспазшы болғанымды көргісі келді, кішкентайымнан құлағыма соны құйып келді. Сол арманға қол созып, мектепте жақсы оқып, үздіктердің қатарында болдым.

Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепті бітірген соң, әкемнің жол сілтеуімен Тараз қаласындағы аспазшы оқуына түстім. Сөйтіп оны 2005 жылы аяқтап, Жаңаталап балабақшасына орналастым, – дейді ол.

Евгения қазақ тілін мектеп бітіргеннен кейін үйренген. Оған дейін мемлекеттік тілді жақсы түсінгенімен, сөйлеуге келгенде дыбыстарын дұрыс қолдана алмай қаламын ба деп, қысылады екен. Тұрған жерінің ортасына, айналасына қарап ол тіл үйренуге шындап бекінеді.

«2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жария еткеннен кейін, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықыласым артты. Сөйтіп, бір жылдың ішінде қазақ тілін жетік меңгеруді өзімнің алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл мақсатыма жету үшін маған тіл дамыту орталығының көп көмегі тиді. Бір жылдың ішінде кездескен қиындықтарға қарамай мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, өз ойымды еркін жеткізе білуді үйрендім. 2007 жылдан бастап өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған облыстық, қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындарды алып жүрдім», – дейді Евгения.

Қазір Евгенияның әкесі Тараз қаласында жүргізуші болып жұмыс істейді. Анасы Надежда да қызының бұл таңдауын құп көрген. Аспаздығының шапағаты отбасына да тиюде. Қажет болса көршілеріне, басқа да көпшілік жиналатын орындарда ас мәзіріне араласып, көмек беріп, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген жайы бар. Ал оның бірге туған ағасы, әпке мен сіңлісі кәсіпкерлікпен айналысуда.

– Адамның мінезімен іскерлігін еңбек қана көркем етеді. Еңбектің арқасында өстім. Олардың үмітін ақтаған сияқтымын. Қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емеспіз. Барлығына белсене араласып келеміз. Менің бүгінге дейін еңбекте, түрлі байқауларда, қоғамдық жұмыста алған марапаттарым бір өзімнің ғана емес, ұжымымның, отбасымның, елімнің жемісі, жеңісі деп білемін. Бәрі еңбекпен, табандылықпен келеді екен, – дейді Евгения Самойличенко.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support