- Advertisement -

Отбасы ұстанымы айқын

113

- Advertisement -

Қордай ауданында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келеді. Соның бірі – Шарбақты ауылының тұрғыны Ирина Турдахунова.

Ирина интернационалды отбасында дүниеге келіп, дәл сондай көпұлтты әулетке келін болып отыр. Оның әкесі – шешен, анасы – орыс. Ал, жұбайы Рахаттың анасы – қазақ, әкесі – ұйғыр. Ұлттары бөлек болғанымен, отбасының ұстанымы біреу. Ол – қазақ халқының салт-дәстүрі мен мемлекеттік тілге деген құрметі. Бұл отбасының жасы да, қарты да қазақ тілінде еркін ойын жеткізеді.

Иринаға мемлекеттік тілді үйрену қиынға соқпаған. Ол ата-енесі, жұбайы, тіпті көрші-қолаңымен араласа жүріп, қазақ тілін тез меңгеріп алған.

– Теледидарды да тек қазақша көреміз. Бір күні кешкі жаңалықтарды тыңдап отырып, онда не жайында айтылып жатқанын толық түсіндім. Өз-өзіме таңырқап әрі қуандым десем де болады. Осылайша, бірте-бірте қазақша сөйлеуді де үйреніп алдым, – дейді Ирина.

Қазір ол қазақтың нағыз үлгілі келіні дерсің. Ата-енесіне сәлем салады, сиыр сауып, құрт-майын шайқайды, дастарқанынан ұлттық тағамдарды үзбеуге тырысады. Балаларын да қазақ сыныбына берген. «Өзіміз тұратын мемлекеттің тілін, ғұрпын сыйлауымыз керек. Мен балаларыма қазақ тілін білуге, қазақ сыныбында білім алуға міндеттісіңдер, ал орыс тілін онсыз да үйреніп аласыңдар деп айтып жүремін. Өз туған жерін, елін сүйетін адам сол елдің тілін де сүюі қажет деп ойлаймын. Мен өз ауылымды жақсы көремін. Шарбақтының тұмса табиғатын, саф ауасын әлемнің ешбір жеріне айырбастамас ем», – дейді ол.

Биыл шаңырақ көтергендеріне 18 жыл болғанын айтқан Ирина жұбайының қалай алып қашқанын еске түсіріп, бір күліп алды. – Жұбайыммен қыз-жігіт болып кездесіп жүрдік. Жақын арада үйленеміз деген ой менде мүлдем болмады. Бір күні әдеттегідей кездескен соң, болашақ жолдасым «шұғыл үйге барып келуім қажет» деді. Мені үйдің сыртында күте тұруымды сұрады. Сөйтіп өзі ішке кіріп кетіп, мен сыртта қалдым. Оның үлкен алабай иті болатын. Сол иті қасыма келіп, киімімнен тартқылап қоймай, есік алдына алып кірді. Сөйтсем, есік алдында үйдің үлкендері мені күтіп тұр екен. Басыма орамал салып, алып қалды. Болашақ жарым итіне мені алып кір деп жіберіп, бәрін алдын ала жоспарлап қойған екен ғой. Сол кезде иттің ақылдылығына таңғалдым. Қазір осы оқиғаны еске алып, мені үйге келін қылып түсірген сенің алабай итің деп күлеміз, – дейді ол.

Ирина бүгінде Шарбақты ауылдық клубының меңгерушісі. Ауылдағы өнерлі өрендерге өріс ашып, түрлі іс- шараларды ұйымдастырып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген маман. Өнер ордасында жүрген ол қазақша әндерді сүйіп тыңдайтынын айтады. Сұхбат барысында «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді…» деп ән де шырқап берді, қазақшасы судай келіншек.

Иә, түрлі ұлт өкілдерінен құралып, ынтымағы жарасқан шарбақтылық шаңырақтың шаттығы көпке үлгі. Жүзі басқа болғанымен, жаны қазақ, тілегі бір осындай жанұялар барда мемлекетіміздің іргесі үгілмесі анық.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support