- Advertisement -

Әлеуеті артқан Әулиеата

234

- Advertisement -

Бүгінде әлеуеті артып, мүмкіндігі молайған Әулиеата өңірі табиғи минералдар мен шикізат көзіне өте бай. Иен даланың осынау игілігін игеру үшін инвестиция тарту мәселесі өңір алдында тұрған маңызды мақсаттардың бірі екені белгілі. Осы ретте екі күн бойы аймақта ұйымдастырылған «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өңір келешегі үшін өнімді қорытындыланды. Ауқымды шара барысында шетелдік инвесторлармен 700 миллион АҚШ долларынан астам келісімдерге қол қойылды.

Маңызды келісімдерге қол қойылды

Аймақта алғаш рет мыңға жуық отандық және шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлердің басын қосқан форум өңірдің инвестициялық имиджін ілгерілетуге, ынтымақтастықты нығайтып, тұрғындардың ырысын арттыруға, ірі жобаларды іске қосып, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталды. 150 жамбылдық тауар өндіруші компанияның өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қойылды. Оның ішінде 40 тауар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қатысып отыр. Көрме қонақтары кәсіпті бұрыннан қолға алған, сондай-ақ, жаңадан бастаған 30 тауар өндірушінің тауарларымен танысты.

Көрме-байқауға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Шүкіжанова, Тараз қаласы әкімдігінің өкілдері, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ, өңірдің кәсіпкерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Бұдан кейін шараға қатысушылар форумның пленарлық отырысына қатысып, аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған алдағы жоспарларды талқылады.

– Біздің облыс барлық кәсіп түріне ыңғайлы. Әсіресе, агроөнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпке қолайлы. Осы салаларды дамыта отырып, аймақта жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жобалар жүзеге асатынына сенім білдіремін, – деді пленарлық жиынды ашып берген облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы.

Айта кету керек, өңірде өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жеткен. Ал, жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрапты. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып өтті. Ведомство басшысы өз баяндамасында еліміздің экономикасын жандандыру, оның тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің атқарып жатқан жұмысына қысқаша тоқталды. Сондай- ақ, Жамбыл облысындағы негізгі көрсеткіштерді де атап өтті.

– Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, өткен жылы біздің экономикамыздың нақты өсуі 3,3 пайызды құрады. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, көрсеткіш 18 пайызға өсті. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Елімізде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27 пайызға өсіп, 1,8 миллионнан асты. Аталған секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға артып, 3,9 миллион адамға жетті. Жалпы, өткен жылы 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды десек, осы ретте, Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жетті. Ал, жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрады, – деді Әлібек Қуантыров.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысында осы жылғы қаңтар-наурыз айларында құрылыста 31 пайыз, өнеркәсіп саласында 4,4 пайыз өсім қамтамасыз етілгендігі айтылды. Ал, инвестицияның нақты өсу қарқыны 3,1 пайызға айналып, 69 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, 2023 жылы іске асырылатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша, «Бизнестің жол картасын» қаржыландыру көлемі 224 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылған десек, оның 13 миллиард теңгесі Жамбыл облысы кәсіпкерлеріне жолданады деп көзделген.

– Даму әлеуеті бар ауылдарды қаржыландыру негізінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Осы жылы 900 ауылда 1800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оған 198 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте, Жамбыл облысының 90 ауылында, 13,6 миллиард теңгеге 271 жоба іске асырылатын болады, – деген Ұлттық экономика министрі облыстағы экономикалық жағдай мен негізгі көрсеткіштердің серпінді өсуі байқалатынын, ол қолайлы инвестициялық ортаны құруға жол ашатынын баса айтты.

Сонымен қатар, форумның пленарлық отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев және өзге де баяндамашылар форумның маңыздылығын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстарға, өзара ынтымақтастық-байланыс шараларына тоқталды.

– Аймақтың климаттық жағдайы қоңыржай континентальды климат, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біздің облыс баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Келесі артықшылығымыз – жоғары көліктік-логистикалық әлеует. Яғни, облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор. Біз, өз өнімдерімізді әлемнің 17-ден астам еліне, атап айтқанда, Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналуда. Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы көлемі 3,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ, өңір басшысы облыс шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және аймаққа туристерді тартуға мүдделі екендігін баса айтты.

Сондай-ақ, өз сөзінде Нұржан Молдиярұлы жергілікті билік тарапынан қажетті инвестициялық жағдайлар жүйелі жасалып келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, өңірде бизнес жүргізу үшін қолайлы орта құрылып, мемлекеттік деңгейде қолдау, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу жүргізілуде.

Жарқын жобалар жүзеге асады

Жамбыл облысы Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты ірі трансұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие. Облыста 350-ден астам ірі және орта кәсіпорындар болса, оның негізгі бағыттары – химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі. Аймақ 200-ден астам түрлі пайдалы қазбаларға бай. Облыс фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы ретінде түрлі түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының қоры да жеткілікті екендігі айтылды.

– Біз өзіміздің жобамызды Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймағында бастауды қолға алып отырмыз. Металл өңдеуге бағытталған жобамыздың құны 154 миллион АҚШ долларын құрайды. Өндірісіміз биылғы жылдың аяғында іске қосылса, 700 жұмыс орнын ашып, жыл сайын орта есеппен 500 мың тонна металл өндіретін болады, – деді өзбекстандық инвестор Шавкат Махмудов.

Айта кету керек, Жамбыл облысындағы өнеркәсіп орындарында 45 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2025 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын 75 инвестициялық жобалардың базасы қалыптастырылып, әр жобаны іске асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар іске асса, тағы 5000 жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы көлемі 300 миллиард теңгеге өнім өндіру күтілуде. Бұл өнімнің 40 пайызға жуығын экспортқа жіберу жоспарланып отыр. Басқосуда 700 миллион доллардан астам қаражатты құрайтын меморандумдарға қол қойылып, жаһандық кәсіпкерлермен жаңа келісімдер жасалды.

Ауқымды шара барысында жергілікті тауар өндірушілер көрмесінің жеңімпаздары марапатталды. Тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастықтар, салалық қоғамдық бірлестіктер және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған сараптама комиссиясының шешімі бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Agro Green Technolog» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ТАУ company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік атанды. «Халық үшін үздік тауарлар» номинациясында «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «KORKEM-AI COSMETICS» жеке кәсіпкерлігі, «Сарысу» жеке кәсіпкерлігі топ жарды. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «ӘулиеАта-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Пышка» жеке кәсіпкерлігі, «Сарыбас» жеке кәсіпкерлігі жеңіске жетті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Made in Zhambyl» жаңа номинациясының жеңімпаздары – «Talas investment company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Ellin Shoes» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ас коп» жеке кәсіпкерлігін марапаттады. Көрме-байқау аясында Жамбыл облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі «Жылдың серпіні», «Жылдың жаңалығы» және «Жылдың табысты жобасы» номинацияларын табыс етті. «Жанат» шаруа қожалығы, «Абдраимова» жеке кәсіпкерлігі және «Қамбарова» жеке кәсіпкерлігі номинанттар қатарынан табылды. Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздар жыл соңында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2023» республикалық көрме-байқауына қатысады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен биыл 9-рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға жыл сайын қатысушы жас кәсіпкерлер мен бастауыш кәсіпорындардың саны артып келе жатқанын да айрықша атап өту керек.

Сонымен қатар, алқалы жиын соңында бизнес қоғамдастықтар және инвесторлармен арнайы кездесу ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жоба-жоспарлар, ұтымды ұсыныстар жан-жақты талқыланды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support