- Advertisement -

Техника жаңарып, мал басы артты

63

- Advertisement -

Шу – Қордайдан кейінгі халық саны жағынан облыстағы екінші іргелі аудан. Тоғыз жолдың торабындағы жүз мыңның үстінде халық тұратын ауданда тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейді. Сондықтан да бірінші ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән беріледі. Соның нәтижесінде жыл сайын мал басы артып, егістік жер көлемі ұлғая түсуде.

Көктемгі дала жұмыстарын бастамас бұрын қай шаруашылық болмасын, бірінші техникасын сайлап, дайындық сапына қояды. Биыл 922 ауыл шаруашылығы техникасын жұмылдыру жоспарланса, оның 533-і трактор, 204-і соқа, 49-ы қопсытқыш, 131-і дән сепкіш және 5-еуі тұқым дәрілегіш.

«Техника» дегеннен шығады, жүруінен тұруы көп ескі ауыл шаруашылығы техникаларымен жұмыс істеу мүмкін емес. Осыны ескергендіктен, шаруашылық құрылымдары былтыр 3301,9 миллион теңгеге 165 ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде лизингтік тәсілмен 1136 миллион теңгеге 60, өздерінің қаржысына 2165, 9 миллион теңгеге 105 техника сатып алған. Техниканы жаңарту көрсеткіші 11 пайызға орындалған. Биылға техниканы 12 пайызға жаңарту жоспарланып, шаруа қожалықтары 132,3 миллион теңгеге 19 техника алған. 46,46 миллион теңгеге 7-еуі лизингтік тәсілімен, өздерінің қаржысына 85,84 миллион теңгеге 12 техника алып, 1,2 пайызға орындалған.

– Ауданда 139 451 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жер бар. Оның 28261-і суармалы, 111 190 гектары тәлімді егістік жер. Былтыр 131 258 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, биыл 132 800 гектар егістік жерге егу жоспарланды. Бұл былтырмен салыстырғанда 1542 гектарға артық. 16 сәуірге дейін 84429 гектарға егіс егіліп, 63,5 пайызды құрады. Шаруаларымыз 46250 гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егуі тиіс болса, 43900 гектарға егілді. 11550 гектарға егілуі тиіс майлы дақылдар 4627 гектарға орналастырылып, 40,1 пайызды құрады. Егілуі тиіс 4700 гектар техникалық дақылдың 617 гектарына, 29300 гектарға көкөніс және 8051 гектарға бақша дақылы егілді.

Жыл сайын мал басы да артып келеді. Сондықтан, мал азығы дақылдарын дайындау да біздің назарымыздан тыс қалмайды. Биылғы меже – 41 мың гектар. Оның 27234 гектарына сүрлемдік жүгері, біржылдық және көпжылдық шөп егілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет және облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты сезініп, көрсетіліп жатқан көмекті алып жатыр. Көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері өзім де егістік алқаптарына барып, жер жыртып, егін салып жатқан шаруашылық құрылымдарының жұмысымен жүйелі түрде танысып отырмын, – дейді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.

Облыстың басқа өңірлеріндей, Шу ауданында да биылғы көктем жайсыздау болса да, әсіресе сәуір айының екінші жартысындағы қара суыққа қарамай шаруалар даланы дүбірге бөлеп, тынымсыз еңбек етуде. Аудан әкімі атап өткендей, мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекті шулық шаруалар да алуда. Тыңайтқыш та жетеді. Мәселен, былтыр 13650 тонна минералды тыңайтқыш енгізілсе, биыл егіс алқабының артуынан шығар, оның көлемі 14 мың тоннаға жетіпті. Аммиак селитрасының бір тоннасының жалпы бағасы 12 пайыз қосымша құн салығымен 184184 теңге, ал, субсидияланатын сомасы – 82225 теңге. Аммофос болса, 193760 теңге, субсидияланатын сомасы – 86500 теңге. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері минералды тыңайтқышты бүгінде 100 пайыз бағасымен сатып алғанымен, кейін 50 пайызы субсидияланады. Қазір қоймада 6700 тонна аммиак селитрасы сақтаулы. Ауданда «ҚазАзот» және «Қасфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілі әрі операторы болып Әлия Егімбаева белгіленген. 11 шаруашылық 270,4 тонна минералды тыңайтқыш алу үшін келісімшартқа отырып, 200,4 тонна аммиак селитрасы 10 шаруашылыққа таратылған.

Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отыны да ауадай қажет. Былтыр екі мезгілге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысы бойынша көктемгі дала жұмыстарына – 1040, күзге – 845, барлығы 1885 тонна кепілдендірілген дизель отыны таратылған. Ал, биылға ауылдық округ әкімдіктері мен шаруашылық құрылымдарының сұранысына сәйкес, көктемге – 1560, күзге – 1105, барлығы 2265 тонна жанар- жағармай бөлінген. Ақпан және наурыз айына бекітілген жанар-жағармай 100 пайыз игерілсе, сәуірге бекітілген 455 тоннаның қаржысы төленіп, мұнай базасына жеткізілуде. Ауданда дизель отынының операторы болып «Шу мұнай өнімдері» ЖШС бекітілген. Басқа аудандардағыдай мұнда да литрі 212 теңгеден таратылуда.

Техника бар, дизель отыны және тыңайтқышпен қамтамасыз етілген, енді су керек. Сондықтан да су үнемдеу технологиясын көптеп енгізудің маңызы зор. Бұл мәселеге де шулық шаруалар сергектікпен қарайды. Аудан әкімі Б.Жәнібеков: «Былтыр жалпы көлемі 10090 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, оның 8329 гектары тамшылатып, 1761 гектары жаңбырлатып суару технологиялары. Биыл тағы да 410 гектарға ұлғайтып, 10500 гектарға жеткізу жоспарланды», дейді.

Ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде агроөнеркәсіп кешені саласында осындай тірлік қолға алынып жатыр. Ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Шудың халқын ғана азық-түлікпен қамтамасыз етіп қоймайды, мойынқұмдықтар да мұндағы базарлар мен басқа да сауда орындарына жиі келіп, сауда жасайды.

 

Амангелді ӘБІЛ

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support