- Advertisement -

Имани істерден шет қалмайық

150

- Advertisement -

Қасиетті Рамазан айының соңғы күндері.

Исі мұсылман баласы шарапаты мен шапағаты мол осы айды асыға күткені, бұл күнге аман-есен жеткені үшін тәуба айтып, шүкіршілік еткендері шүбәсіз шындық. Жүректе Аллаға деген сүйіспеншілік орнықтырып, оның нұры мен ризалығына бөленуден артық не бар, дүниеде?! Сол үшін ауыздарын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылған құлдарының сауапты айдан күтері аз емес. Бұл айда жаман істерімізді кемітіп, жақсы амалдарымыз бен имани істерімізді еселей түскеніміз абзал.

Нарық билеген қазіргі заманда дүниенің соңына түсіп, түн қатып, түсі қашып, ақша мен байлық қуып шарқ ұрған жандардың әрекетін түсінуге болады. Отбасы мен бала-шағасын асырау үшін сабылып сауда жасап, базар жағалап нәпақа тауып жүргендер жетерлік. Иман бар жерде өмір мен имани тірліктің барына, жүректерде нұрдың сәулесі ұялап, жарқырай береріне күмәнсіз сенгің келеді. Қанша қиын-қыстау кезең болса да, имани істеріміз еш кедергісіз жалғаса бергенін қалайсың, Жаратқаннан соны тілейсің. Қазақты о бастан төбесіне көтеріп, сақтап келе жатқан төрт нәрсе бар. Олар – ар-ұят, иман, обал және сауап. Соның ішінде иманның алатын орны ерекше дер едім.

Он екі айдың сұлтаны болып есептелетін Рамазан айында жасалатын амалдарымыз бен құлшылықтарымызды бір Алланың разылығы үшін істеп, жүректерімізді жақсы істерімізбен нұрландыра бергеніміз абзал. Жасыратыны жоқ, дүкендеріміз бен сауда орындарында осы қасиетті айдың өзінде арақ-шараптың көрмеге қойғандай самсап тұрғанын көреміз. Өзін Алланың құлы санайтын әрбір мұсылман баласы Ораза айында харам асты барынша шектеп, оны аузы берік жандардан тасалап, ауыз ашқаннан кейін саудаласа деген де ой келеді. Рамазан айының құрметі үшін осылай істесек барша мұсылман қауымының алғысына ие болар едік.

Арақ – атадан қалған ас емес. Оны қазақ еліне әкелген Кеңес өкіметі болатын. Олардың басты мақсаты – қазақ ұлтын арақпен аздырып, ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберу болатын.

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылының ақ жаулықты аналары «Арақсыз ауыл атанайық!» деген атпен бүкіл қазақ еліне үндеу жолдапты. «Қазақстан дәуірі» газетінің биылғы 16 наурыздағы санында осы үндеудің мәтіні жарияланыпты. Оңды ауылы Қазақстанның ең үздік 30 ауылы қатарына кірген, соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлының туып-өскен ауылы екен.

«Не арақсыз ел боламыз, не араққа жем боламыз. Таңдау өз қолдарыңызда. Аналардың ақ тілегін қабыл алыңыздар!» депті осы ауылдың ардақты аналары. Бұл үндеуді Жамбыл облысының жүректері ел деп соғатын азаматтары мен аналары қолдап әкетсе нұр үстіне нұр болар еді. Осы ретте қазыналы қарияларымыздың имани істердің басы-қасында жүргендерін көргіміз келеді. Тойларымызды да ішімдіксіз өткізуге барынша ықылас танытып, салауатты өмірге ынта-шынтамызбен бет бұратын уақыт жеткен секілді.

Осыдан он шақты жыл бұрын Малайзия елінде болудың сәті түсті. Көптеген аралдан тұратын, өркендеп дамыған қуатты мемлекет екен. Адамдары да ақжарқын, кішіпейіл, құшақ жайып қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салады. Ең бастысы, мұсылман ел екендігін осында келгенде білдік.

Малай халқы керемет мемлекет орнатқандығына көзіміз жетті. Экономикасы мен мәдениетін айтпағанда, әл-ауқаты артқан, имандылық салтанат құрған, жүректері ізгілікпен нұрланған иман жүзді малайларды көріп сүйсіндік. Жемқорлығы, ұры-қарысы жоқ мемлекетке қалайша риза болмассың. Дүкендер мен дәмханада, тағы басқа сауда орындарында биік-биік қоршауы мен қорғаны жоқ, есіктерінде құлып жоқ. Қоршау болмағандықтан емін-еркін кіре бересің. Жұма намаз басталғанда есіктерін бір Аллаға тапсырып, мешітке қарай ағылады.

Айтайын дегенім мынау. Бұл елде арақ-шарапқа тыйым салынған. Харам асты сататын бірде-бір дүкенді кездестірмедік. Оны сұрап білудің қажеті жоқ екендігін де білдік.

Екінші айтпағым мынау. Дәмханалардың бірінде түскі асымызды ішіп отырғанбыз. Бір кезде даяшымыз стол үстіне қауынның көлеміндей болатын кокос жемісін және сап-салқын минералды сусын әкеліп қойды. Қасымда отырған балама да соны қайталады. «Ақысын төлеуіміз керек пе?» деген сауалымызға басын шайқады. «Жоқ, төлемейсіздер. Бүгін күн жұма, сондықтан тегін таратамыз» деп жауап қайтарды. Міне, имандылықтың үлгісі осылай болса керек.

Рамазан айында Аллаға құлшылық етіп, жақсы амал жасаған мұсылмандардың күнәлары кешіріледі дейді. Қайырымды істерін еселегендер, мейірімділік танытуда және жақсылық жасауда өзара жарысқа түскендер, жаман істерден жерініп, имани істерге бет бұрғандар Жаратқан иеміздің шексіз рақымына бөлене бермек. Ұстаған оразаларың қабыл болсын, мұсылман бауырлар!

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

ардагер журналист.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support