- Advertisement -

Түйткілді мәселелер оң шешімін табады

127

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесу өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Үлгілі ауылдық округіне барған Нұржан Нұржігітов көпшіліктің талап-тілегін тыңдап, ұсыныстарына назар аударды.

– Президенттің Жарлығына сәйкес, өңірімізде былтыр тұрғындармен 1200 кездесу, ал биыл жыл басынан бері 400 кездесу өтіп отыр. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу. Менімен бірге құқық қорғау саласының өкілдері де келді. Ол азаматтарға да сауалдарыңыз болса қоюларыңызға болады. Біз сіздердің уақыттарыңызды алмай, сұрақ-жауап кезеңіне көшсек. Қоғамдық негіздегі сұрақтарыңыз болса, жауап беруге әзірміз, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Ауыл тұрғыны Фазыл Шаухаров ауылда интернет желісі нашар екенін айтып, осы мәселеге байланысты өңір басшысынан көмек сұрады. Бұл орайда, Нұржан Нұржігітов тұрғынның сұрағына нақты жауап берді. «Облыста 367 елді мекен бар. Соның 156 елді мекенінде 4-G интернетіне қосылған. Оларда мәселе жоқ. Ал, көпшілігінде 2-G интернеті қойылған. Бұл елді мекендерде мәселе бар екені рас. 5 елді мекенде мүлдем интернет жоқ. Міне, осы мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Оның ішінде Үлгілі ауылы да бар. Біз қазір тиісті министрлік, әкімдік және жеке компаниялар үшжақты келісімшартқа қол қойып, үш жылдық жоспар жасап жатырмыз», деді Нұржан Молдиярұлы. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов та аталған ауылдағы интернет мәселесі шешімін табатынын, мектептердің мүмкіндігі 20 мегаватт жылдамдыққа жететінін айтты.

Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Әділхан Садуақасов та «Ауылда 588 гектар суармалы жер бар, оның 150 гектарына су жетпейді. Оған «Қаражота» каналы арқылы су әкелуге болады. Бірақ, осы канал жеті жылдан бері жөндеу көрмей отыр. Осы мәселені оң шешуге бола ма?» деп сұрақ қойды. Осы орайда, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы «Сеңкібай», «Өтеміс», «Медеу» каналдары жөнделгенін, бәрін реттеуге қаржы және уақыт керек екенін айтты.

Сол сияқты, өзге де ауыл тұрғындары кейбір көшелерде жарықтың мүлдем нашар екенін, «50» бағыттағы қоғамдық көлік Үлгілі ауылының ішімен жүрсе деген өтініштерін айтты. Бұл ретте аудан әкімі Бақыт Қазанбасов көше жарықтарын реттеуді және қоғамдық көліктің мәселесін назарға алатынын жеткізді. Ал, ауыл тұрғыны Мамытбек Алдабековтің «Осы ауылда суармалы жерлерге құрылыс салынып жатыр. Оған рұқсат бар ма?», деген сұрағына облыс әкімі аталған мәселені түсіндіруді Үлгілі ауылдық округ әкімінен талап етті. Ауыл әкімі Омарғали Әлдаппарұлы бас жоспар бойынша белгіленген құрылыс аумағына 200 гектар суармалы жер еніп кеткенін айтты.

Осы орайда, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Тиісті құзырлы мекемелерге мәселені түсіндіре отырып, бас жоспарға заңды өзгеріс енгізуге болады. Сөйтіп, ақсақал айтқан суармалы жерді сақтап қалуға болады», деп бұл мәселенің шешілу жолдарын атап өтті. Мұнан соң ауыл тұрғыны Ақжол Сәлімбаев «Медеу» каналының тазалығы нашар екенін айтса, Айдархан Байболов электр бағаналарының тозығы жеткеніне, желдің салдарынан жарықтың жиі сөне беретініне алаңдаушылық білдірді.

Бұл ретте аудандық электр торабының басшысы Алтынбек Жәмшиев биыл жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Мұнан соң бірқатар тұрғындар Үлгілі ауылында тұрғын үйді ипотекалық жолмен сатып алуға мүмкіндік болса, спорт кешені салынса деген де тілектерін білдірді.

Жиынды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылап, бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті.

«Мәселелер бар. Атқарылып жатқан жұмыс та бар. Сұрақтарыңыздың көбісі ауылдық деңгейде шешілуі тиіс жұмыстар. Бағана сұрақ қойған көпбалалы ана неге жеңілдікті толық пайдалана алмай отыр. Оны зерделеуді Үлгілі ауылдық округінің әкіміне тапсырамын.

Ал, спорт кешенін салу үшін өзінің заңдылығы бар. Ол үшін ауыл тұрғындарының саны 10 мың адам болуы тиіс. Сіздерде 3222 тұрғын бар. Бірақ, Сарыкемерде үлкен спорт кешені салынады. Мемлекет тарапынан ауылға, тұрғындарға көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Облыс тұрғындарының 6,5 пайызы әлеуметтік жәрдемақы алады. Төрт балалы отбасыға атаулы әлеуметтік көмектер бар. Баласы жоғары немесе арнаулы оқуға түссе, жәрдемақы жалғаса береді. Алдағы қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының бастамасымен 1-4 сынып аралығындағы оқушылар тегіс ыстық тамақпен қамтылатын болады. Біз облыс аумағындағы мектеп оқушыларына жеткілікті қаржыны бөліп қойдық. Оқу орнын бітіріп келген жас маманға «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама бар. Кейбір кәсіпорындар жұмысшыларын толық қамтамасыз ете алмай жатса, 35 пайыз көлемінде мемлекеттің қолдауы бар. Зейнетке жасы жақындаған кісілерге «Күміс жас» атты қолайлы бағдарлама бар. Мемлекет ауылдың көркеюі және тұрғындардың жайлы өмірі үшін осындай мүмкіндіктер жасап отыр», деген Нұржан Молдиярұлы аудан әкімі мен ауылдық округ әкіміне жұмысты ширатып, үнемі тұрғындармен бірге, істің басында жүруі керектігін тапсырды.

Жиыннан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады.

Бұдан кейін облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы Қостөбе ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебай Жұбанышов «Талас ауылына Мәдениет үйі салынса» десе, Талас ауылынан келген Нышанқұл Әжібаев бірқатар көшедегі ауыз су мәселесін көтерді. Ал, Кенжегүл Тоқбетова жол белгілері реттелсе деген ойын жеткізді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қостөбе ауылдық округінде газ, ауыз су толық жүргізілгенін, абаттандыру жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Кездесу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support