- Advertisement -

Ерлік ескерусіз қалмайды

49

- Advertisement -

Кеше Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен облыс орталығында 5 адамнан тұратын отбасының өмірін сақтап қалуға қатысқаны үшін Тараз қаласындағы №22 орта мектептің педагогтері және полицияның учаскелік инспекторы марапатталды. Марапаттау рәсімі облыстың төтенше жағдайлар департаментінде өтті.

«Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен облыстық полиция департаментінің Тараз қаласындағы №2 полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Әлішер Ермеков, №22 орта мектептің директоры Шолпан Диханбаева, директордың орынбасарлары Аида Есенаманова мен Эльмира Еселбаева, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Исмайылов марапатталды. Сондай-ақ, азаматтық борышын орындағаны үшін Александр Юрьевич Штольцке облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хаты тапсырылды.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев бүгінгі күннің батырларына марапатты тапсыра отырып, Төтенше жағдайлар министрінің және өз атынан марапатталғандарға қырағылық, сауатты іс-әрекеттері, өздерінің кәсіби міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы және азаматтық борышын орындағаны үшін алғыс білдірді.

Еске сала кетсек, 6 наурызда Таразда бір топ педагогтер, атап айтқанда мектептегі полиция инспекторы ауаға тараған газдан улану жағдайына ұшыраған бүтін бір отбасы мүшелерін ажал тырнағынан арашалап қалған болатын. Кез келген нәрсеге бейжай қарамайтын, үлкен жауапкершілік танытқан ұжым осылайша бір отбасындағы бес адамды құтқарып қалды.

Сол күні әдеттегідей №22 мектепте сабаққа қатысушы оқушыларды түгендеу кезінде 2-сынып оқушысының сабаққа қатыспағаны анықталады. Ал, балалардың ата-анасы үстін-үстіне соғылған телефон қоңырауларына жауап бермеген. Баланың анасының жұмыс орнындағы әріптестерінен де олардың қызметкері жұмысқа шықпағаны туралы ақпарат түскен. Іле-шала басқа мектепте оқитын екі апалы-сіңлілі қыздардың да сабаққа келмегендігі анықталды. Осы орайда мектеп директоры отбасының тұрғылықты жеріне бару туралы шұғыл шешім қабылдайды. Мектеп қызметкерлерінен құралған топ оқушының тұрғылықты мекенжайына жедел жеткен.

Алайда, есік қоңырауына да, есікті ұрған дыбысқа да ешкім жауап бермегендіктен, инспектор Ә.Ермеков пен педагог Қ.Исмайылов және үйдің көршісі үй қоршауынан асып түскен. Алдыңғы есік құлыптаулы болғанымен, олар табиғи газдың иісін сезген. Ал, терезеден ішке үңілгенде бала жатқанын байқаған. Уақыт оздырмай, ер кісілер пластикалық терезені бұзып, үйге кіреді.

Осылайша олар барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, ұтымды әрекет еткен. Яғни, қауіпті болғандықтан үйдегі жарықты да қоспастан газды сөндірген. Іле-шала барлық зардап шеккендерді шұғыл түрде таза ауаға шығарған. Көршісі де ересектерді шығаруға көмектескен. Осы уақытта әйелдер жедел жәрдем, полиция, газ қызметін шақырып үлгерген. Ал, жедел жәрдем қызметі оқиға орнына келіп жеткенше педагогтер тобы мен инспектор қол қусырып отырмай, зардап шегушілерге алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсеткен.

– Кәмелетке толмағандардың ата-аналарын үйден көтеріп шығаруға көршілер көмектесті. Газдан уланған отбасы мүшелері стационарлық мекемеде тиісті ем қабылдады. Жағдайлары тұрақты, үйлеріне шығарылды, – дейді мектеп директоры Шолпан Диханбаева.

Осылайша, мектеп қызметкерлерінің жедел әрі ұтымды әрекеттерінің нәтижесінде бір отбасы ажалдан аман қалды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support