Жастарға жаңаша бағыт

Жастарға жаңаша бағыт
ашық дереккөз
Жастарға жаңаша бағыт
Бүгінде еліміздің дамуын уақыт талабына сай жеделдететін қай саланы алып қарасақ та, кәсіби біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды қажет етеді. Бұл ретте ішкі еңбек нарығын жаңа ақпараттық технологияларды меңгерген кәсіптік және техникалық білімі бар, шетелдік стандарттарға сәйкес келетін өз мамандарымызбен қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан, болашақта еліміздің тұрақты дамуын көздесек, әр салада білікті мамандарды дайындап, сапалы кадрлармен қамтамасыз етуді назарға алған жөн. Осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда тұрақты түрде жүргізілуде. Аудан жастарын кәсіптік білімге баулып, оларды жұмыспен қамтуда №9 Меркі колледжінің атқарып отырған іс-шаралары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мәселен, аталған білім ошағында ауданымыздың ішкі еңбек нарығын жергілікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды. Рәсімге аудан әкімі Жорабек Баубеков, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының директоры Ербол Дүйсебаев және колледждің әлеуметтік серіктестері мен бірқатар кәсіпорындардың басшылары қатысты. Салтанатты шарада әуелі №9 Меркі колледжінің директоры Ғалымжан Мамырбаев былтыр колледж тарапынан атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама жасады. Директордың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру бағдарламасында көрсетілген міндеттер толық орындалған. Ал алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын жаңарту, материалдық-техникалық базаны заманауи құрал-жабдықтармен тағы да толықтыру, кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау механизмін жетілдіру жоспарланған. Колледж ұжымының жетістіктеріне тоқталып өтсек, студенттердің де, оқытушылардың да олжалары аз емес. Колледждің 2-курс студенті Мұхаммед Зейнулла «AgroSkills» республикалық кәсіби шеберлік байқауында топ жарса, Ағакерім Сақина «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті» конкурсының жеңімпазы атанып, аталған байқаудың төсбелгісіне ие болыпты. Сондай- ақ, «Жаңа Қазақстан – шың белестер» республикалық байқауына қатысқан Нұрқанат Оспан ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар, колледж ұстаздары Нұрбала Кұрамаева, Серікхан Нұртаев, Гүлмира Бөрібаева, Асыл Тоқтаралиева еліміздің Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын алған. Әрине, бұл жетістіктер білім сапасын арттыруға жасалған жағдайдың нәтижесі екені анық. Мысалы, колледждің материалдық базасы өткен жылы 1 интерактивті панель, 4 маршрутизатор, 40 ноутбук, 3 түрлі түсті принтер, 4 жай принтер, 5 STEM жоба, 2 моноблокпен толықтырылған. Дуальді оқыту жүйесі де жолға қойылған. Соның негізінде соңғы 3 жылда өндірістік тәжірибеге қамтылған студенттер саны жыл сайын артып келеді. Нақты айтсақ, 2020-2021 оқу жылы – 330, 2021-2022 оқу жылы – 333 студент болса, 2022-2023 оқу жылында дуальді оқыту жүйесімен 7 мамандық бойынша 393 білім алушыға дейін өсіп, 73 әлеуметтік серіктестіктің кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Өткен жылы колледж тарапынан «Мақсатты кадр даярлау» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Меркі қант» зауыты, «Мерагро Холдинг», «Меркі ірімшік зауыты» сынды көптеген ірі кәсіпорындармен екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлының қатысуымен №9 Меркі колледжінің басшылығы, аудан әкімдігі, Сарымолдаев ауылдық округінің әкімдігі, «Халықты жұмыспен қамту» орталығы және №44 ЖББМ мектебінің басшыларымен ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум жасасты. Бұл шаралар өз кезегінде колледж студенттері мен түлектеріне мансаптық дағды қалыптастыруға, студенттердің тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуына көмек береді деп сенеміз.  

Қазыбек КАМАЛ,

журналист.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар