- Advertisement -

Ауыл әкімдері жауапкершілікті сезінуі тиіс

137

- Advertisement -

Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан активімен кездесу өткізді. Ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы жөніндегі аудан басшысының есебін тыңдады. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өткен жылдың қорытындысымен аудандағы барлық салада оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Бегзат Сейсенқұлұлының айтуынша, жалпы өңірлік өнім 215,9 миллиард теңгеге жетіп, экономикалық өсім 129,2 пайызды құраған.

– Ауданда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы мен бюджет кірісі арта түсті. Ал инвестиция көлемі 137,1 пайызды құрады. Жалпы, ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 9369. Бүгінгі таңда ауданымызда түрлі бағдарламалар бойынша 6,8 миллиард теңгеге несие берілді. Нәтижесінде 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 580,9 миллион теңгені құрайтын 51 жобаға қолдау көрсетілді, – деді аудан басшысы.

Былтыр қол жеткізген өзге де жетістіктерді жіпке тізген аудан әкімі бұдан әрі халықтың әл-ауқатын көтеруде, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде бірқатар мәселелер бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, Қордай ауылының тұрғындары бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар 270 төсектік жаңа ауруханаға мұқтаж. Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысанына байланысты жобалық-сметалық, мемлекеттік сараптама қорытындысына қажетті құжаттар әзірленуде. Ал оның жобалық-сметалық құны 27 миллиард теңгені құрайды. Мұндай мәселелер Бетқайнар, Күнбатыс және Кенен ауылдарында да бар. Осылай деген аудан басшысы облыс әкімінің бұл түйткілдерді шешу үшін ықпал етуін сұрады.

Аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы аудандағы проблемалық мәселелер тек денсаулық сақтау саласына ғана қатысты емес екенін баса айтты. Облыс әкімі спорт, мәдениет салаларындағы туындаған мәселелердің басым бөлігі жобалық-сметалық құжаттардың тиісті деңгейде дайындалмауының салдарынан орын алып отыр, деді.

Нұржан Нұржігітов ауыл әкімдері өздері басшылық жасайтын елді мекен тұрғындарымен кері байланыс орнатпайтынын, ондағы жұмысқа қабілетті жастардың немен айналысып жүргендерінен хабарсыз екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы қойған басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іс жүзінде орындау. Алайда бұл істе ауыл әкімдерінің үлесі жоқтың қасы. Ауыл әкімдеріне өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықты есепке алып, еңбекке орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, мемлекеттік жеке серіктестік пен «Жомарт түлек», «Асар» жобаларының механизмдерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Кейбір ауыл әкімдерінің берген мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді. Жалаң есеп пен жалған ақпарат беру – жауапты мемлекеттік қызметшілер үшін ұят емес пе? – деген Нұржан Молдиярұлы тазалық жұмыстарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген Қордай ауылының әкіміне ескерту жасады.

Жиын соңында облыс басшысы әрбір басшы жауапкершіліктің жүгін сезініп, орын алған кемшіліктерді жою қажеттігін еске салды. Қолда бар қорды тиімді пайдаланып, халықтың тұрмысын жақсартуды қатаң тапсырды.

Қордай ауданы

Есен Өтеулі 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support