- Advertisement -

Қоқыстар тазартылып, көшеттер егілді

14

- Advertisement -

Талас ауданы, Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек елді мекені аумағындағы Бөлтірік шешен кесенесінің маңында «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында сенбілік өтті. Аталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысты.

Жастарға тәрбиелік мәні зор сенбілік іс-шарасы басталар алдында Ойық ауылының қарт тұрғыны, еңбек ардагері Жаңабай Алдаберген қазақылық дәстүрмен бата берді. Батамен басталған жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығына тоқталды. «Қадірлі ауыл тұрғындары! Ойық ауылдық округі – аудандағы үлкен округ. Өзінің тарихы, жүріп өткен жолы, көпшілікке белгілі түлектерімен танымал ауыл. Осында әйгілі Бөлтірік шешен кесенесінің бой көтеруі бекер емес. Кесенені құрметтеу, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – өте маңызды іс. «Таза Қазақстан» акциясын елімізде алғашқы болып біздің облыс қолдап отыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осы акцияға ерекше назар аударуда. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, ауылдың береке-бірлігі арта берсін!», – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Мұнан соң сенбілік жұмысы басталып кетті. Көпшілік ел ағалары да, ауыл ақсақалдары да тал егу жұмыстарына атсалысты. Жалпы, кесене маңайына 40 түп туя көшеті, 450 түп қарағаштың көшеті егілді. Мұндағы сенбілік жұмысына 250 ауыл тұрғыны қатысты. Олар кесене айналасын тазалау, өсіп тұрған талдардың түбін қопару жұмыстарына да ерекше мән берді.

Осындай тазалау, көшет отырғызу жұмыстары аталған округтің Ойық, Көктөбе, Тұрымқұл ауылдарында да ұйымдастырылды. Жалпы, ауыл көшелерінен 60 тонна қоқыс шығарылып, жолдар мен аулалардың тазалығына мән берілді. Ауыл тұрғыны Тұхан Бекетаев: «Жалпы, сенбіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына қуанып, құптаймын. Ауыл тазалығы – өнегелі іс. 73 жасқа келген ауыл ардагері ретінде де елдің ынтымағына көңілім толады. Тазалық пен еңбекке тәрбиелеу – жастарға үлкен өнеге», – деді.

Бұл күні Ойық ауылдық округінің тұрғындары бірлік пен берекені, ынтымақты, еңбекке деген құлшынысты сезіне түсті. Ауылдың еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін игі шараға атсалысты. Мектеп оқушыларының да белсенділігін байқадық. «Бүгін біздің ауылда мереке. «Еңбектің наны тәтті» дегендей, жастар мен жасөспірімдер де тазалық жұмыстарына атсалысып жатқандарына қуанышты. Ауылдың жаппай тазаланып жатқанына ақсақалдар қауымы да риза. Тазалық ең алдымен өзіміз үшін керек. Тазалық бар жерде, нәтиже бар. Біз бүгін ата мен немере аралығын қамтыған халықтық іс-шараның куәсі және ұйымдастырушысы болдық. Облыстан, ауданнан келіп игі іске ортақтасып жатқан қонақтарға да алғысымыз мол. Алдағы уақытта да ауылдың тазалығын, жас көшеттердің көгеріп өсуін ерекше назарда ұстаймыз. Жадырап келген көктеммен бірге тұрғындардың бойын қуаныш пен шаттық кернеп, алтын күннің шуағына малынғандай жылы лепті сезінуде», – дейді округ әкімі Қайрат Ошақбай.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support