- Advertisement -

Бірқатар басшы тәртіптік жазаға тартылады

349

- Advertisement -

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен Шу ауданының актив отырысында 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы талқыланды. Жиында осыған дейін аудан әкімінің міндетін атқарып келген Серік Сәрсенбеков баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ауданда өткен жылы өнеркәсіп саласында 21290,9, ауыл шаруашылығында 110977,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген.

– Ауданның даму жоспары аясында 2022- 2025 жылдары құны 185,7 миллиард теңгені құрайтын 165 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 1221 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұдан бөлек, өткен жылы түрлі салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жасыратыны жоқ, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу, тұрғындарды ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, мәдениет ошақтарын салу мен жастарды жұмыспен қамтуға қатысты мәселелер бар, – деді Серік Жұмалыұлы.

Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы 2022-2025 жылдарға арналған ауданның даму жоспарының орындалу барысына көңілі толмайтынын кесіп айтты. Облыс әкімі көптеген көрсеткіш көңіл көншітпейтінін атап өтіп, бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдерін сынға алды.

«Ауданда шешімін күткен күрделі мәселелер шаш етектен. Бір ғана мысал – өткен жылдың қорытындысы бойынша Шу ауданы бюджет кірісі орындалмаған жалғыз аудан болып отыр. Нәтижесінде 412 миллион теңге игерілмей қалды. Осының өзі мұндағы жұмыстың тым сылбыр жүріп жатқанын аңғартады. Сондай-ақ аудандағы 35 елді мекеннің тоғызында ауыз су жоқ болса, 17 елді мекен табиғи газбен қамтылмаған», – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетпаев баяндама жасап, тиісті салаларда атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Алайда облыс әкімі аудан бойынша тіркелген 2930 шаруа қожалыққа субсидия беру жұмыстары тым баяу жүріп жатқанын ескертті.

Ал аудан әкімдігіне қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның айтуынша, ауданда барлығы 21845 аула болса, соның ішінде 4569 отбасының тұрақты табысы бар.

Сондай-ақ көпбалалы отбасылардың саны 3201-ді құраса, қалғаны аз қамтылған отбасылар мен өзін өзі жұмыспен қамтып, маусымдық жұмысты атқарып жүр. Жиын барысында өңір басшысы ауыл әкімдерінен әр ауладағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оған қажетті құрал-жабдық пен қаражат көлемі және ауылдықтардың жүзеге асырғысы келетін шағын жобалары мен олардың тұрақты табысы бар-жоғын сұрады.

Алайда қойылған сауалға ауыл әкімдерінің ешқайсысы да мардымды жауап қайтара алмады. Облыс басшысы аудандағы 47 мектепте білім алатын 20740 оқушыны тиісті үйірмелермен қамту жұмыстары да төмен деңгейде екенін атап өтті.

– Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы ең алдымен ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Өйткені әрбір елді мекен тұрғындарымен жеке-жеке жолығып, олардың ауласындағы ахуалын күн сайын көзбен көріп жүрген де дәл осы әкімдер. Өз қызметкерлеріңізді тиісті жұмысқа дұрыс бағыттап, бізге шынайы ақпарат берулеріңіз қажет. Оған қоса, мемлекеттен берілетін түрлі жеңілдіктер мен тиімді жобалар жайлы ақпаратты әрбір тұрғынға жеткілікті деңгейде жеткізу керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ауыл әкімдері бұл бағытта жүйелі жұмыс істей алмауда, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов аудан әкімі орынбасарларының, бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің сылбыр жұмыстарына сәйкес оларға тәртіптік шара қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ауданның жаңа әкімі Бақытжан Жәнібековке барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігін баса айтып, түйткілді мәселелерді жуық арада шешуді жүктеді.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта ауданның өндіріс саласында қолға алынып жатқан жұмыстардың көп екенін және оны жүзеге асыруда ең алдымен аудан басшысының үлесі зор болу керектігін баса айтты.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support