- Advertisement -

Елорда төріндегі ерекше форум

42

- Advertisement -

Бүгінде журналистика саласында жетістік те, жаңашылдық та, мәселе де көп. Әлемдік тәжірибені пайдалану, отандық журналистиканы бәсекеге қабілетті деңгейге сай дамыту да маңызды іс. Әсіресе өңірлік басылымдардың жай-күйі, оның даму деңгейі, жергілікті жерлерде кәсіби маман дайындау, таралым, тасымалдау, баспахана мәселелері де бүгінгі күннің салалық мәселесінің бірі.

Осы орайда, 25-26 қаңтар күндері Астана қаласында «Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өңірлік мерзімді басылымдардың форумы өтті.

Аталған форумға республикалық деңгейдегі БАҚ басшыларымен қатар, өңірлердегі медиа-құрылымдар мен басылымдардың басшылары да қатысты.

Форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов арнайы келіп, бүгінгі таңда дәстүрлі медиа саласын дамытуға, оның ішінде өңірлік басылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы алдағы уақытта да баспасөзге қолдау көрсетіле беретінін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз сөзінде министрліктің журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырғанын, Ақпараттық доктрина талқылаудан өткенін, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кіріскенін, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылып жатқанын, министрлік БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделі екенін, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізілетінін және өзге де жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар министр пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алған жөн екенін, осы орайда онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде екенін, бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейетінін айтты.

Сондай-ақ басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді мәселелер де сөз болды. Бұл ретте Дархан Қуандықұлы министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді.

Сонымен қатар министр ақпараттық қауіпсіздік мәселесі назарда болуы керектігін, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн екенін, мысалы, мұндай үрдіс 2017-2018 жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде жүзеге асырылғанын, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керектігін айтты.

Аталған форумда өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, журналистердің ықпалы мен мәртебесі, газеттері жарнама мен монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, балалар контентін қалыптастыру мәселелері де талқыланды.

Бұл ретте «Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ», «Баспа ісі – шындықтың күші», «Журналистиканың трансформациясы», «Медиа менеджмент: сұраныс пен ұсыныс», «Көрнекті баспа – бәсекелі БАҚ», «Дәстүрлі және жаңа медиа» тақырыптарында ұйымдастырылған 7 панельдік отырыста Сауытбек Абдрахманов, Нұртөре Жүсіп, Дихан Қамзабекұлы, Нәзия Жоямергенқызы сияқты кәсіби сала мамандарымен бірге жалпы 30-дан астам спикер өз ойларымен бөлісті.

Екі күнге созылған форумның жұмысы өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Біз де аталған форумға қатысып, жақсы ой түйіп қайттық!

 

Хамит ЕСАМАН
Астана қаласы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support