- Advertisement -

Отандастарымыз әлем чемпионатына жолдама алды

81

- Advertisement -

Оларды жамбылдықтар құрметпен қарсы алды

Тайландтың Бангкок қаласында су добынан Азия чемпионаты өтті. Жалпы сарықұрлық бәсекесінің жүлдесіне Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Сингапур және жарыс қожайыны – Тайланд құрамалары таласқан болатын. Ойындар айналмалы жүйе бойынша өтіп, жартылай финалға төрт құрама жолдама алған-ды. Бұл ретте Қазақстан құрамасының намысын тараздық «Айша бибі» су добы клубы қорғағанын айта кеткен жөн.

Ақтық ойынға барар жолда жерлестеріміз жапониялық құрамға есе жіберді. Ал үшінші жүлде үшін болған кездесуде жарыс қожайыны тайландтық командадан 14-6 есебімен басым түсіп, Азия чемпионатының қола жүлдесін еншіледі. Сонымен қатар 2023 жылдың мамыр айында Жапонияның Фукуока қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. Сондай-ақ қазақстандық команда сапынан Дарья Муравьева Азия чемпионатының «Үздік шабуылшысы» атанды.

Азия чемпионатының Қытай құрамасы жеңімпаз атанса, жапониялықтар күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал еліміздің су добы шеберлеріне қола жүлде бұйырғанын айттық.

Азия чемпионатынан жүлдемен оралған құраманы жамбылдықтар зор құрметпен қарсы алды. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен жиында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов «Айша бибі» су добы клубының бапкерлері мен ойыншыларын құттықтап, алдағы жарыстарда да жеңіс тіледі.

Мұнан соң команданың бас бапкері Андрей Сазыкин сарықұрлықтағы ойын барысына тоқтала келе, алдағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуге күш салатындарын айтты. «Біз Азия чемпионатында елдің сенімінен шығуға күш салдық. Дегенмен бұйырғаны қола жүлде болды. Валерия Аносова, Анна Турова, Дарья Муравьева, Анастасия Цой және өзгелер де сәтті ойнады. Енді алдағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатын боламыз. Бізді қуана қарсы алған жамбылдық жерлестерімізге үлкен рақмет», – деді «Айша бибі» су добы клубының тағы бір бапкері Әділ Айымбетов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support