- Advertisement -

Еңбекпен келген абырой

84

- Advertisement -

Жексенбі. Кезекті демалыс күніміз еді. Қоңыр күздің жанға жайлы мейзамшуағында әріптесім, дәрігер Еркінтай Аштайұлы Сауранбаевпен қалалық саябақта жолығып қалдық. Ауа райының мына шуақты жылулығын пайдаланып, саябақтың таза ауасымен тыныстап жүр екен. Бір-бірімізге серік болып саябақта серуендеп, жағажайды жағалап, өткен-кеткенді еске алып, қазіргі әлемде, елде болып жатқан саясатты да білгенімізше қозғап, бірер сағат әңгіме-дүкен құрып, көңіл-күйіміз сергіп қалды.

«Толқынды толқын қуады, ойды ой тудырады» демекші, сөзден сөз туындап әңгіме ауаны өлкеміздегі қасиетті орындар, әулие жерлер туралы мәліметтерге ауысты. Еркінтай Аштайұлы таластық азамат болғандықтан Талас өңіріндегі бірнеше қасиетті әулие орындары жайлы айта келе: «Қазыналы қарт Қаратаудың етегінде, Қаратау қаласының шығыс жағында ту сонау көне заманнан Тамды деген ежелгі қалашық, әулие бұлақ және өзен бар. Ол жергілікті мәнісі бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген археологиялық ескерткіш болып саналады.

Елдің айтуынша, Тамды атауы осы жерде ғұмыр кешкен әулиенің есімі екен. Сонау ерте заманда Қожа Ахмет Ясауи шәкірті Тамдымен бірге осы жерге аялдап, өзен жағасына келіп жуынғандарында мөлдір бұлақтың көзі пайда болыпты. Мұны Құдайдың бір ерекше құдіреті деп қабылдаған Қ.А.Ясауи қасындағы сенімді шәкірті Тамдыға бата беріп, осы әулие бұлаққа ие, қарауыл етіп қалдырады. Уақыт өте келе әлгі бұлақ та, қасындағы өзен де әулие Тамдының атымен аталып кетеді. Ел қоныстанып, қалашық пайда болады. Тамды әулие де кейін осы жерге жерленеді. Аңыз болса да бұл, сірә, ақиқат болу керек. Бұл күндері сол бұлаққа және әулиеге көпшілік тәу етеді. Бұлақ суының емдік қасиеті де мол дейді көпшілік.

Әйтеуір қысы-жазы өз денсаулықтарына шипа іздегендер, ұзақ уақыт бала көтермей жүрген жас келіншектер үзілмей келіп жатады», деп Тамды әулие жайлы біраз мәлімет берді. Әрине, әр өңірде суы шипалы бұлақ көздері, әулие саналатын орындар баршылық екенін білеміз. Бірақ мына тың мәліметтер мені қызықтырғаны рас. Тамдыны реті келсе көріп қайту керек екен деп ой түйдім.

Содан бірер күндер өткенде өңірімізде көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері, шындықтың айбозы атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Сол айтулы іс-шараға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген қонақтар келді. Әрине, келген қонақтар арасында белгілі жерлестеріміз де аз болған жоқ. Солардың арасынан Алматы қаласының Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) филиалының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тлеухан Шілдебайұлы Әбілдаев та бой көрсетті. Тлеуханның бір жақсы қасиеті – елде болып жатқан жылт еткен жақсылыққа сергек қарап, жұртпен бірге қуанып жүруі. Бұл жолы да ел-жұрттың мақтанышына, халықтың дара ұлына айналған Шерағаның тойына қатысуға келіпті. Жайраңдаған мінезімен жерлес-таныстарымен қауышып жүр. Әңгімеден әңгіме шығып, өзінің өсіп-жетілген ауылы Тамды туралы да сөз қозғады.

Менің есімде қалғаны – осы Тлеухан 1985 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдап, дәрігер-хирург болу үшін бір жылдық мамандыққа дайындау курсын, яғни интернатурадан өту үшін Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық жедел жәрдем ауруханасына келді. Жас жігіт елгезек, жұмыс десе жанып тұр, ота жасаймыз десе болды «мен барайын» деп ұмтылып, талпынып тұрады. Уақытпен еш санаспай, күн демей, түн демей ауруханадан, ота жасау бөлімінен шықпайды. Дәрігер болуды өмірлік мұраты етіп белгілеген ол күндіз тәжірибелі, ота жасап ысылған дәрігерлердің, кешке кезекші дәрігердің қасынан бір елі қалмайды. Білімге деген құштарлығы да ерен, қолы қалт етсе ғылыми журналдарды, оқулықтар мен монографияларды ерінбей парақтап отырғаны.

Жыл бойы сөйтіп білім мен тәжірибе жинап, емтиханнан сүрінбей өтіп, хирург болып шықты. Одан кейін ол жұбайы, жас дәрігер-гинеколог Гүлнар Теренқызы Әлиева екеуі қол ұстасып, өзінің туып-өскен Талас өңіріне барып, аудан орталығы – Ақкөлдегі аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне қызметке орналасты. Ауданның сол жылдардағы медицина саласының жағдайы, оның ерекшелігі көпшілікке жақсы мәлім: мамандар тапшы, қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жетіспейді. Сол қиындықтарды қабақ шытпай қарсы алып, күні-түні керекті дәрігерлік көмекті дер кезінде көрсетіп жүрген дәрігерлердің жұмысы жеңіл болмағаны белгілі. Жас маман Тлеухан да жатсынбай, жұмыстан тежелмей сол қызу қызметке араласып кетті.

Жалпы хирургиялық оталардан бөлек, травматологиялық, гинекологиялық операциялар, тіпті жас балаларға ота жасап, көптің батасын алып, елдің алғысына бөленді. Білімі мен біліктілігі жетілген оны 2 жылдан кейін-ақ сол бөлімшенің меңгерушісі етіп тағайындады. Әріптестерімен етене араласқан оның шеберлігі өсіп, күрделі оталар жасауға машықтанды. Оның талпынысы бос, далаға кеткен жоқ, уақыт келе өз нәтижесін берді. Зеректігін, ұйымдастыру қабілетінің баршылығын, әріптестерімен жылы қарым-қатынасын байқаған билік иелері оны аудандық аурухананың бас дәрігері етіп қызметін жоғарылатты.

Өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Кеңес Одағы тоз-тоз ыдырып, республикалар жеке-жеке мемлекет болып, тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары көптеген қиындықтар туындағанын білеміз. Сол кезеңдерде халыққа медициналық көмек көрсету сапасы құлдырап, керекті дәрі-дәрмек таптырмай ел-жұрт сарсаңға түскені, айлық алмай қиналған медицина қызметкерлерінің күйбең тіршілігі күні кешегідей есімізде.

Сол қиындықтардың бел ортасында емдеу орындарының басшылары да жүрді, қиындықтардан тезірек, қысқа мерзімде шығу жолдарын іздеді. Міне, сол кезде аудан орталығы – Ақкөлден Қаратау қаласына ауысып, аудандық аурухана жабылып тынды. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибесі мол Т.Әбілдаевті 1996 жылы Тараздағы облыстық туберкулезге қарсы күресу орталығына бас дәрігер етіп тағайындады. Бұл саланың қызметін ол ұршықтай үйіріп алып кетті: әлеуметтік қиындықтарға байланысты ел арасына кең тарай бастаған құрт ауруына (туберкулезге) тосқауыл қоюға, олардың алдын алуға, дер кезінде анықтауға, тиімді ем-дом жүргізуге күш салды және онысы уақыт оздырмай жақсы нәтиже берді, көрсеткіштер оңдалды.

1999 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып келуіне сол іскерлігі, еңбекқорлығы, жоғары ұйымдастыру қабілеті, адами қасиеттері, кісілік келбеті себеп болған болу керек. Енді облыс көлемінде халыққа медициналық көмекті жақсартуға, оның сапасын арттыруға тер төгу қажет болды. Жауапкершілігі мол бұл істерден де ол абыроймен шыға білді. Халыққа дәрігерлік көмек жақындап, сапа жақсарып, қолбайлау болып отырған біраз мәселелер өз дәрежесінде шешілді.

2009 жылы облыстық емдеу сапасын бақылау басқармасына ауыстырылып, бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, науқастарға көрсетілетін ем-домның сапасын жақсартуға үлес қосты. 2015 жылы Алматыға Республикалық фтизиопульмонология және туберкулез ғылыми-зерттеу институтына директор қызметіне барды. Алда тұрған проблемалармен бұрынғы тәжірибелерінен жақсы таныс ол көптеген іс тындырды. Ал 2017 жылы елімізде жаңадан енгізілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалының басшысы болып тағайындалды. Құдайға шүкір, бұл қызметте де абыройсыз емес, аянбай еңбек етіп келеді.

Білімі мен жинақтаған тәжірибесін қоғамға бір кісідей беріп отыр. «Адам жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рақмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады», деп ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, Тлеухан Шілдебайұлы өзіне сенім білдіріп тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, әрдайым ел мүддесінен шығып жүр.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов бірде дастарқан басында көңілді отырып: «Көп жасап, жақсы өмір сүрген біреуден адамның бақыты туралы сұрағанда, ол кісі көп жасаған жылдардың бірнеше жылында, күнінде, сағатында ғана бақытты болғанын айтыпты. Ол санаулы жылдар, айлар, күндер, сағаттар осындай, нақ қазіргі өздеріңізбен бірге отырғандай көңілді достардың, шәкірттердің арасында және сыйлас, сүйікті адамдардың қасында болған сағаттардан тұрады. Сондықтан жақсы-жайсаңдармен өткізген әр сәтіңді бақытқа бала» деп ой қозғаған екен.

Расында солай. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімі терең, мінезі жайсаң жандармен өткізген әр сәтіңді бақытты сәттер деп ұққаныңыз жөн. Тлеуханның өмір жолында небір айтулы азаматтар, парасатты ағалар кезікті, олардан көп нәрсені үйренді, базбірімен бір кісідей араласты, сыйласты. «Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы», – депті АҚШ-тың байырғы Президенті Аврам Линкольн. Қазір міне, өзі де артына ілескен жастарға жөн айтатын, ақыл үйретер дәрежеге жетті. Білгенін олармен бөлісуді артық санамайды.

Әлемдегі 3 мыңнан астам мамандықтың ішінде адам өміріндегі маңыздысы да, адамға тікелей қатыстысы да дәрігерлік мамандығы. Бұл салада жүрген ақ халатты абзал жандар – әрбір науқастың өмірінің арашасысы. Көңілі пәс, тәні дертті жандардың өміріне қайтадан тіршілік тамырын соқтырып, өмірге деген қызығушылық пен жаңа леп беретін дәрігерлердің атқарып жүрген қызметтері – жауапкершілігі мол іс. Жаныңа дауа іздеп келген жанның бәріне көмек қолын созып, шипалы емімен бірге, жігерлендіретін, қайраттандыратын, үміт отын жағатын демеу сөздерін қосып ұсынып жүрген дәрігерлер ең қайырымды жандар.

Дәрігердің жылы, шуақты сөздері науқастың жанына мыңда бір ем. Осындай қиыншылығы мен артылған жауапкершілігі де зор міндетті қабақтарын шытпай, әрбір күнді жаңашылдықпен қарсы алып жүрген, мамандығына адал медицина қызметкерлері аз емес. Әсіресе кешегі коронавирус эпидемиясы бүкіл әлемді дүрліктіріп келген сәттерде дәрігерлердің еңбегі ерлікке тең болды. Солардың қажырлы еңбегінің арқасында қатерлі пандемия айылын жиды, елде тыныштық орнады. Олардың еңбегі мемлекет тарапынан орынды бағаланып келеді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тлеухан Әбілдаевтың көп жылғы денсаулық сақтау саласында атқарған еңбегі бірнеше мемлекеттік наградалармен аталған. Практикалық қызметте жүрсе де ғылыммен айналысып, кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, профессор ғылыми атағына ие болды. Бұл – әркімнің маңдайына жазыла беретін табыс, жетістік, бақыт емес. Еңбектенген, тер төккен адам ғана осындай биік жетістіктерге жете алады, абыройға бөленеді.

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support