- Advertisement -

Нақысбектің нағыз білгір баласы

76

- Advertisement -

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар қазақта, оқимын дегеніңе қарсылығым жоқ. «Әкесі жоқ болған соң оқуын әрі қарай жалғастыра алмады» деген де жақсы емес. Бірақ Жамбылдан әрі ұзауыңа рұқсат бермеймін. Мына шиеттей көгенкөздерді қалай жетілдіремін? Маған арқасүйер азамат керек. Ол – сен. Ауылда тірәктір айдағандар да ешкімнен кем болып жатқан жоқ», – деп бір тоқтаған Ақшай апа «Алла алдыңнан жарылқап, жолыңды ашсын!» деген ақ батасын бергенде Тұрсынәлінің жүрегі тоқтап қала жаздап барып қайта соққандай. Өйткені анасы «тірәктір айдағандар да ешкімнен кем болып жатқан жоқ» деген кезде, «оқуға жібермей қоя ма» деп қорқып кеткен. «Жоқ!» десе бітті ғой, ана сөзіне кім тоқтамаған?!

Тұрсынәлі де тоқтар еді. Бірақ Ақшай апа үлкен түсіністікпен баласының оқып, мамандық алуына рұқсат беріп отыр. Тіпті батасын қоса берді. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын!» деген ақ тілеулі аналардан айналсаң болмай ма! Ақшай апа сол үлкен жүректі аналардың санатынан еді. Көрмейсің бе, аналық ақ тілекпен ұлы Тұрсынның (оны барлығы осылай атайды) институтта оқуына рұқсатын беріп отыр.

Бұл 1969 жылдың көктемінде болған әңгіме. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының экономика факультетіне құжат тапсырған. Жолы болып оқуға түсіп кетті.

Ол институтта жүргенінде апасының арқасүйері болды. Сырттан дүние тауып келмесе де, үйдің шаруасына құмбыл. Мал жайғау, отын-су, жемшөп дайындау, қора- қопсыны бүтіндеу, бәрі-бәрі Тұрсынның мойнында. Қай уақытта үлгеретінін қайдам, әйтеуір, барлық ісі тап-тұйнақтай. Институттағы сабағына да үлгереді. Оқу үлгерімі де жақсы. Стипендиясыз қалған кезі жоқ.

Институтты бітіріп жатқан 1974 жылдың жазында оқу орны бітірушілерден 25-30 баланы іріктеп алып қалып, оларды сол кезде ел өміріне жаңадан еніп жатқан ЭЕМ-ге (электрондық есептеп шығару машиналары) оқытуға алып қалған. Таңдау түскендер – институтта үздік әрі жақсы оқығандар. Тұрсынәлі Төлеев солардың қатарында. Олар ЭЕМ-ге институт базасында және Мәскеуде 6 ай оқыды.

– Осы 6 айлық оқу маған өмірлік азық болды, – дейді Тұрсын өзі туралы әңгімелегенде. – Апама салса, ауылға барып экономист болып жұмыс істегенім дұрыс. Менің ол кісіге қарсы келмейтінім де белгілі. Бірақ оқу орнының басшылығы болашағы зор мамандыққа оқытқалы жатыр. Өйткені алдағы уақытта барлық есептеу-есептеп шығару жұмыстары ЭЕМ- ге жүктелетіні сол кездің өзінде-ақ айқын болған. Бұл озық технология жеке бір саланың емес, бүкіл елдің экономикалық дамуына зор үлес қоспақ. Мен соған анық көзім жеткеннен кейін, ЭЕМ-ға оқуға келістім. Келіспеген күннің өзінде институт дипломымызды бермес еді. Өйткені алда осы салаға арнайы маман дайындау міндеті тұр.

Іріктелген топ институт базасында 4 ай оқыды. Оқулықтар аз да болса бар болғанымен, материалдық-техникалық база талапқа сай емес. Жаңалыққа жаны құмар жастар бар ынта-ықыластарымен оқыды. Әсіресе Мәскеуде өткен соңғы екі айдың бергені көп. Онда бұлар теорияда оқығандарын тәжірибеде қолданудың қыр- сырларына қаныққан.

Сүйген істің сүйініші бар, Тұрсын осы мамандықты үлкен қызығушылықпен беріліп, сүйіп оқыды. Оқу-білімге, ғылымға бейім адамға керегі де осы. Өзі де елтең- селтеңге онша құмар емес еді, мұнда ол үнемі ЭЕМ техникасының айналасынан шықпайтын болды. Мұны «мамандыққа деген махаббат» сипатында түсінгеніміз дұрыс болар.

Оларға ЖЖТӨТИ-ді (Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын) бітіргендігі жөніндегі диплом 1975 жылдың қаңтар айында тапсырылған. Сонда ғой бұрынғы курстастарының «бұлар – курстан қалып қойып, дипломды кейін алғандар» деп әзілдейтіні. «Іштарлық» демей-ақ қояйық, дегенмен таңдаулылар қатарына ілікпегендеріне өкінгендері болуы керек. Қазір қайдам, біздің кезімізде үлгерімі төмен оқушыны кластан класқа қалдыру тәртібі болған. Әлгі әзілкеш курстастары соны меңзеп тұр.

Мәскеудегі 2 айлық курстан келіп, дипломды төсқалтаға салып, енді осы оқыған-тоқығандарын іс жүзінде жүзеге асыратындай қолайлы жұмыс орнын қарастырып жүрген Тұрсынәлі Төлеев қысқамерзімді міндетті әскери қызметке шақырылып, бір жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан. Келе салысымен, КСРО Орталық статистика басқармасы жанындағы есептеу-есептеп шығару жұмыстарын автоматтандыру жөніндегі Бүкілодақтық Мемлекеттік жобалау-технологиялық институтының Алматы филиалына қарасты Жамбыл бөлімшесіне инженер болып жұмысқа орналасқан. Негізгі міндетті жұмыстары – өңірдегі ірі өндіріс, өнеркәсіп орындарының бухгалтерлік құжаттарын ЭЕМ-ге енгізу. Олар Жамбылдағы жүнді алғаш өңдеу фабрикасы, былғары-аяқкиім комбинаты, химия зауыттары сынды кәсіпорындарды ЭЕМ-ге енгізіп, заманауи технологияның дамуына зор үлес қосты.

– Қазір ғой барлық ақпарат, мәлімет – компьютерде. Жұмыс жеңіл әрі кез келген құжатқа қолжетімділік бар. Осы бір ғылыми-техникалық прогрестің басында біз тұрған екенбіз ғой, – дейді Тұрсын өзі сол кезде атқарған жұмысы жайында сұрай қалсаң.

– Біздің жұмысымызды көпшілігі түсіне бермейтін. Бірақ кейін игілігін көрген кездегі ризашылықтары зор.

Осы мекемеде 6 жыл қызмет атқарғанда қатардағы инженерден сектор меңгерушілігіне дейін өсті. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шықты» деген осы шығар. ЭЕМ-ның құлағында ойнайды, бірақ даму өте жылдам. Соған сай болу үшін оларды әр 5-6 айда біліктілікті жетілдіру институттарына жіберіп, оқытып алатын. Әйтпесе, ғылыми-техникалық прогреске ілесе алмай қаласың. Соның арқасында Тұрсын КСРО-ның Мәскеу, Таллин, Рига, Киев, Минск, Тәшкен, Алматы, тағы басқа ірі қалаларындағы білім жетілдіру институттарында курстан өтіп, біліктілігін арттырып қайтқан. Оның «білген үстіне біле түссем» деген ынтасы да арта түсті. Ынтамен, ықыласпен атқарған жұмыс жемісті ғой. Қызмет істеген жерінде тек алғыс алып, қызмет алушылардың ризашылығына бөленіп жүрді.

Білікті маман қайда да қадірлі және қажет. 1981 жылы өзі бітірген «техқа» қызметке шақырылған Тұрсынәлі осында табаны күректей 23 жыл ЭЕМ орталығының бастығы болыпты. Елімізде қоғамдық құрылым өзгеріп, институттар біріктіріліп университетке айналған кезде оқу орнының барлық бөлімдеріне ақпараттандыру жүйесін енгізіп, маман кадрлар дайындау ісінің жетілдірілуіне өз үлесін қосты.

– Елімізде 1994-1996 жылдары республикада орта білім беру жүйесін ақпараттандыру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Мектептерді компьютерлендіру бағдарламасын жасап, оны ғылыми тұрғыда қорғап, биліктің алдында дәлелдеп шыққан Білім министрлігінің жауапты әрі жоғары лауазымды қызметкері Ермек Қазбекұлы Балапановтың табандылығы ерекше. Ол осы мақсатты жүзеге асыру үшін сол кездегі Президенттің алдына екі рет кіріп, бағдарламаның тиімділігіне көзін жеткізген. Содан бүкіл республикада қауырт қимыл жүріп берсін. 1996-1998 жылдар бедерінде облыста 200-ден астам мектепке компьютер қондырғыларын орнату жұмысы Тұрсынәлі Төлеев басқаратын орталықтың еншісіне тиген. Осы істің «алғашқы қарлығаштары» болған олар барлық жерде жұмысты біліктілікпен, жоғары жауапкершілікпен және кәсіби шеберлікпен жүргізді. Жұмыстың сапалы атқарылғаны ғой, аттарына ешқандай шағым түскен емес.

– Ол кезде кей мектептерде кеңестік кезеңде де жұмыс істеген «қызыл директорлар» бар еді ғой, солардың жаңалыққа жатырқай қарағандары да болды. Бірақ заман талабына бағынбасқа шаралары жоқ. Олар біздің жұмысымызға коммунистік қырағылықпен қарап, білікті мамандарына қадағалатып қойды. Кейін, жұмыс нәтижесін көріп, көздері жеткеннен кейін рақметтерін айтты, – деп еске алады Тұрсекең мектептерді компьютерлендіру кезіндегі жұмыстары жайында.

Шындығында, қазір бәрі де дамыған заман. ЭЕМ алғаш өмірімізге енген кездегі техникалар әжептәуір үлкен болатын әрі тасымалдауы қиындау. Қазір сол «түйедей» аппараттардың жұмысын «түймедей» аппараттар атқарып жатыр. Таңданасың, таңданасың да риза боласың. Ал Тұрсынәлі Төлеев секілді осы жұмыстың «майын ішкен» маман үшін ол қалыпты жағдай. Ол үшін бәрі де солай болуға тиіс. Сол жолда жұмыс істеп жатыр. Жұмысы жеміссіз емес.

Тұрсынәлі Төлеев кеңестік кезеңде өзі жұмыстарын ЭЕМ-ге енгізген мекеме, кәсіпорындар мен облыс, аудандар басшылықтары тарапынан, одан беріде, яғни Тәуелсіз Қазақстан тұсында, министрліктің, әкімдіктің тарапынан талай мақтау қағаздары, Құрмет грамоталарымен марапатталып, Алғыс хаттар алған. 2016 жылдан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар басқармасының бастығы болып қызмет атқарып жатқан Халықаралық Тараз инновациялық институтында да (Оқу орны бұрын «Инновациялық гуманитарлық университет» деп аталған. Институтқа жақында ғана қарымды қаламгер, жалынды журналист, Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Көреген басшы Ерболат Саурықов жазушының көзі тірісінде-ақ осында Шерхантану орталығын ашқан. Ол бірнеше жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Автор.) марапаттан кенде болған жоқ. Грамоталар мен Алғыс хаттардан бөлек, оның омырауында оқу орнының 10 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгі жарқырайды. Жуырда оның қатарына «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі келіп «жайғасты». Еңбектің бағаланғаны да!

«Еңбектің бағаланғаны» дегеннен шығады, осы көктемде ғана Тұрсынәлінің тұңғышы, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Ерлан Төлеев «Құрмет» орденімен марапатталып, награданы Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен тапсырған.

Баласы туралы әңгіменің шеті шығып қалған соң, кейіпкеріміздің шыққан ортасы, отбасы туралы айтпасақ болмас.

Тұрсынәлінің әкесі, марқұм Нақысбек Төлеев ұлағатты ұстаз болған кісі. Тарих пәнінің мұғалімі. Мектеп директорының орынбасарлығына дейін лауазымды қызмет атқарған. Әттең, өмірден ерте кетті! Небәрі 45 жасында… Суреті өзі туып-өскен Дихан ауылындағы «Ардагерлер аллеясында» ілулі тұр. Осыдан-ақ оның қандай адам, қандай маман болғанын біле беріңіз.

Алтын құрсақты ана – Ақшай апа 9 перзентке өмір сыйлаған. Бір ұл, бір қызы ержетіп, ес біліп қалған кездерінде дүниеден озды. Алланың ісіне адамның шарасы жоқ.

Төлеевтер отбасын «ұстаздар әулеті» деп те атауға болады. Үлкендері Сәрсенкүл әке жолын қуып мұғалімдікті таңдаған. Осы мамандықтан мәртебесі өсіп, атақ-даңққа кенелді, қошемет-құрметке бөленді.

Сәрсенкүлден кейінгі Тұрсын туралы оқып отырсыздар. Назымкүл мен Анаркүл де мұғалімдік мәртебелі мамандық иелері. Кенже ұл Ералы Нақысбекұлы ауылдағы орта мектепте директор. Бибігүл адам жанының арашашысы болуды таңдапты, медицина маманы. Гүлмира Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметте. Шені – полковник.

Түздегі азаматының үйдегісін сай етіп отырған отанасы Әншірхан екеуі отау құрғанына ендігі жылы 50 жыл толады екен. Әншірхан отбасын «балалы үй – базарға» айналдырған ана болумен қатар, ширек ғасырдан астам «есепті шемішкеше шаққан» бухгалтер болды. Қызметте «жасбухтан» «басбухқа» дейінгі жолдан өткен. Жауапты маман болғаны осыдан-ақ белгілі. Ал жауапты қызметкер қашанда сыйлы, құрметті.

Олардың тұңғыштары Ерлан туралы айттық. Ерланның екі қарындасы – Ғалия мен Жансая да өмірден өз орындарын тапқан жандар. Ғалия атадан, әкеден дарыған ұстаздық қызметте. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде аға оқытушы. Аға лейтенант шеніндегі Жансая – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаментінің жауапты қызметкері.

Тұрсынәлі мен Әншірхан олардан Құдайдың берген немерелері мен жиендерін сүйіп отыр.

Нақысбектің нағыз білгір баласы, білікті маман, жақсы адам, бүгін 70 деген биікке туын тігіп отырған азамат Тұрсынәлі Төлеев туралы айтпағымыз осы еді. Осы жерде Ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың «маған бір қария жетпістен желіп өт, сексеннен секіріп өт, тоқсанға тоқтама, жүзге келгеніңде көрерміз» деп бата беріп еді» деген ұлағатты сөзі еске түсіп тұрғаны.

Мен де замандас, құрдас Тұрсынәліге сондай тілек тілеймін.

 

 Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support