- Advertisement -

Жақсы ағаның шапағаты

104

- Advertisement -

1981 жылдың жазы. Қазақ мемлекеттік университетінің екінші курсын бітіріп, облыстық «Еңбек туы» газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Ол кезде газет редакциясы қазіргі Төле би көшесінің шығыс бетіне орналасқан «Жамбыл құрылыс» тресі ғимаратында болатын. Редакцияны тауып алып, бірден бас редактор Баттал Жаңабаев ағамызға кірдім. Амандық-саулықтан соң практикант екенімді айтып, жолдамамды ұсындым. Аға онымен танысты да, хатшы қызға Сыздықовты шақыртты. Көп кешікпей аласа бойлы, мығым денелі жас жігіт кіріп келді.

– Бұл ағаң біздің «Мәдениет және тұрмыс» бөлімінің меңгерушісі Мұрат Сыздықов болады. Сен өндірістік тәжірибеңді ағаңның басшылығымен осы бөлімде өткізесің, – деді де мені Мұрат ағаға таныстырды.

Бөлім деген аты болмаса кішкене ғана тар бөлмеге екі адам әзер сыйып отыр екен. Мұрат аға бөлімдегі тілші Толымбек Әлімбековпен таныстырды да, алғашқы тапсырманы бере бастады. Көп ұзамай бөлімге жапсарласа отырған өнеркәсіп-транспорт және құрылыс бөлімінің тілшісі Доқтырхан Тұрлыбековпен таныстым. Әңгіме арасында аталған бөлімнің меңгерушісі, өзімнің ұстазым, әрі жерлесім, қазіргі «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы болып отырған Жаңабай Миллионов екенін білдім. Сол сәтте Жаңабай ағаға арнайы барып, сәлемдесуге де уақыт таптым. Мектепте жүріп жазған шағын хабар, мақалаларымды сол кезде Сарысу аудандық газетінде қызмет жасайтын Жаңабай аға талай мәрте «түзеп-күзеп» дегендей газетке шығарып беретін. Аракідік жазуды қалай ширату керектігін айтып, үйрететін. Байқасам олардың бөлмесі де біздікіндей тар, ыстық күнде қапырық екен.

Екі бөлімнің тілшілерімен де тез тіл табысып кеттім. Олар да маған ақыл-кеңестерін айтып, көмектесіп жүрді. Бір күні жұмыс аяғына қарай Толымбек маған 3 сом мен тор сетка беріп (ол кезде пакет жоқ) дүкеннен сусын мен тіске басар әкелуге жұмсады. Оны екі бөлім басшысы көрмесін дегенді қатаң ескертті. Алып келгесін Толымбек пен Доқтырхан оны қақ бөліп ішті де, үйлеріне қайтты. Екінші жолы Доқтырхан жұмсап тұрып, Мұрат білсе де менің бастығым (Жаңабайды айтады) білмесін. Ол кісі білсе қиын болады деп ескерткені есімде қалыпты. Сөйтіп, сол жылы Мұрат ағаның қол астында бір ай өндірістік тәжірибеден өттім. Әдебиет, өнер, спорт тақырыптарына бірнеше мақала жазсам оған ағаның көмегі көп болды. Ал «Аq jol» газетінде еңбек жолын бастап елге танылған Доқтырхан мен Толымбек көп ұзамай республикалық басылымдарға ауысты. Екеуі де кейінірек бірнеше кітап шығарып, алдыңғы қатарлы жазушылар қатарына қосылды. Бірнеше мемлекеттік марапаттарға қол жеткізгенін де білемін. Күні бүгінге дейін қара шаңырақ «Аq jol» газетімен байланыстарын үзбей, аракідік жазғандарын газетке ұсынып та тұрады. Мен де олармен қарым-қатынасымды үзгенім жоқ.

Оқу бітіргенше жыл сайын өндірістік тәжірибемді «Аq jol» газетінде өткізіп жүрдім. Бұл кездерде Мұрат ағамен таныстығым арта түсіп, жақынырақ араласа бастадық. Мұкеңді өзім қатты жақсы көріп сыйлағаннан соң 1992 жылы туған кенже баламның атын сол ағасындай алғыр да, ардақты азамат болсын деп атын Мұрат деп қойдым. Араға жылдар салып, менің де 2008-2009 жылдары өзім жастайымнан жаздырып оқитын, сүйікті газетім «Аq jol»-дың Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарғаным бар. Бәлкім осы Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм таңы» газетінде 15 жылға жуық бас редактор қызметін атқарып, зейнетке абыроймен шығуыма бұл да бір сеп болған шығар.

Жоғары оқу орнын бітіріп, шалғайдағы Мойынқұм аудандық «Коммунизм таңы» газетіне 1984 жылы тілші болып жұмысқа орналастым. Сол жылдары аудан орталығы Фурмановкада 13 мыңға жуық халық тұратын. Тұрғын үй мәселесі өте қиын екен. Алайда аудан басшылары ары кетсе 5-6 айда пәтер тауып беруге уәде берді. Уәде орындалмай кеткен соң мен кезінде дүкен, кейіннен «Сельхозхимия» мекемесінің кеңсесі болған, өзі құлағалы тұрған 3 бөлмелі ғимаратты жөндеп, ешкімге айтпай бір түнде кіріп алғаным бар. Үш бөлме едені де цементтелген. Аудандық мәдениет үйі жанындағы ғимараттың тұрған жері де ыңғайсыз. Не көше бойы емес, жалғыз үй, сырты қоршалмаған да. Жазда ыстық, қыста азынаған суық. Осында 2 жылға жуық тұрдым.

1986 жылы ерте көктемде жұмыста отырсам кабинетке Мұрат аға кіріп келді. Орнымнан атып тұрып, ағаны құшақтай алдым. Ол кезде Мұкең облыстық партия комитетінде нұсқаушы болатын.

– Бүгін осында іссапармен келдім. Аудандық партия комитетіне кіріп, келгенімді айтып, осында бұрылдым. Сені осы ауданда жұмыс істеп жатыр деп естігенмін. Жағдайың қалай? – деп барлығын сұрап жатты.

Мұрат ағаның ертең қайтатынын естіп алдым да кешке үйде қонақ болуға шақырдым. Жұмыс аяғына таман аудандық партия комитетіне барып, ағаны үйге ертіп келдім. Мұрат аға үйге кірместен менің жаман үйімнің айналасына ұзақ қарады. Ішке кірген соң бөлмелерді аралап көрді. Ерте көктем болған соң үйдің іші салқындау еді. Төбесі жұқа, едені тас, қабырғасы қаңырап тұр, терезе де оңып тұрған жоқ. Үй қайдан жылы болсын?

– Сонда жас маман деп саған берген үйлері осы ма? – деп сұрады Мұрат аға.

Мен ағаға 5-6 ай пәтер жалдап тұрғанымды, кейіннен жалдауға пәтер табылмағанын айттым. Содан соң осы құлап тұрған ескі мекеме ғимаратын өзім шамам келгенше жөндеп, түнделете «ұрланып» көшіп келгенімді жасырмадым. Кейін бұл үйден шық деп қуғандар да болды. Мұрат аға мұны мұқият тыңдады да, қатты қапаланды.

– Бұл ауданда журналист кадры жоқ қой. Редакциядағы 8 шығармашылық қызметкерден арнайы маман Бекен Қадықов екеуің ғана. Сен жас маман ретінде облыстық партия комитетінің жолдамасымен келдің, партия мүшесісің, отбасыңды көшіріп алдың. Неге дұрыс пәтер бермейді. Мен мұны ертең партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Рахымбердиевке айтамын, – дегені.

– Мұрат аға, мен сізге арызданғандай болмайын. Айтпай-ақ қойыңыз, керек емес, – дедім де тамақ ішкен соң Мұкеңді қонақүйге дейін шығарып салдым.

Мұрат аға ертесіне сағат 10-ға таман жұмысқа тағы келді. Сөйтсем аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бар жағдайды жеткізіпті. Сөйтіп, маған пәтер бергізуді талап еткен көрінеді. Хатшы аз-кем ойланып барып, орталық Аманкелді көшесі бойындағы 2 қабатты 8 пәтерлі үй 1 мамыр мерекесі қарсаңында бітетінін айтып, содан маған пәтер беріледі деп уәдесін берген. Ал Мұрат аға мұны өзі ерекше бақылауға алатынын ескерткен көрінеді. Мұны естігенде отбасымызбен қатты қуандық. Сол күннен бастап аталған 2 қабатты үйге барып, оның тезірек бітуін асыға күттім. Арада 1,5 ай өткенде үй пайдалануға берілді. Алғашқы болып мен бірінші қабаттан 4 бөлмелі пәтерге орналастым.

Міне, осылайша мен сонау шалғайда жүріп-ақ жақсы ағаның шапағатын көрдім. Мұны қалай ұмытайын. Мұрат аға алып берген үйде екі балам өмірге келді. 1990 жылы «Шу» совхозына партия комитетінің хатшысы болғанымша сол үйде тұрдым. Араға 11 жыл салып Мойынқұм ауылына қайта көшіп келдім. Сол үлкен көшемен өткен сайын өзім тұрған үйді көрсем болды Мұрат ағам есіме түседі.

Мұрат Сыздықовтың «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүргенде журналистиканың әр жанрынан жазған өзекті мақалаларын талай мәрте оқыдық. Кітаптары жарық көріп жатты. Ол талантты журналист, тамаша балалар жазушысы ғана емес, талай шәкірттерді тәрбиелеген ұстаз да еді. Адамгершілігі жоғары азамат болатын. Талай қызметтерді атқарды. Өкініштісі сол, өмірден ерте кеткені. Ағамыздың қызмет еткен жерлерде қолтаңбасы, жүрген жерлерінде өшпестей ізі қалды. Соның бірі – биылғы жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өткен облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Аq jol» газеті.

Қаламгер азамат облыстық партия комитетінің нұсқаушысынан кейін, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің облыстағы меншікті тілшісі, Баспасөз министрлігінде баспа бөлімінің бастығы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы сынды лауазымды қызметтерге тағайындалғанда да қуанып отырдым. Ол қай қызметте болмасын өзінің іскерлігін, қайраткерлігі мен қайсарлығын, білімділігі мен біліктілігін, ұтымды ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» демекші, бір адамның дұрыс берген ақыл-кеңесі талай адамға азық болары анық. Біз сөз етіп отырған журналист-жазушы Мұрат Сыздықов осындай жан еді.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Байзақ ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support