- Advertisement -

Әлемнің әдемілігін алақанына сыйдырған

81

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының ашылғанына биылғы күзде бір жыл толды. Жуырда аталған орталықтың бір жылдық мерейтойы аясында «Ақ отау» қолөнершілер этнофестивалі өтті.

Әйелдердің сырлы да салиқалы ордасына айналған «Анаға тағзым» орталығының алдында бұл күні де әдеттегідей қыз-келіншектер көп жиналды. Әппақ киіз үй тігіліп, сол ақ отауда әдемі кимешегі желбіреген әз әжелер әуелете ән салса, саусағынан бал тамған қолөнер шеберлері фестиваль-жәрмеңкесінің көрмесін алға тартты. Бар әлемнің әдемі тіршілігін алақанына сыйдырған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.Тау бөктерінде, ақ раушан гүлдерінің ортасында отырған оюлы қамзол, қос етек көйлекті арудың бар болмысын жұдырықтай тастан қашап жасапты.

Әне-міне тіл бітіп кетердей болған бойжеткен тас мүсін емес, болашақты ойлап тұрған қаракөздің ой үстіндегі албырт шағы іспетті елес береді. Ал ағаштан жасалған күреңді ерттеп мінген салт атты серінің бірі, үкілі домбырасын қағып жіберіп, маңайды күйге бөлейтіндей көрінсе, оның жанындағы ақ сауыт асынып, қоңыраулы найзасын қолға алған салт атты, қол төңкеруге бара жатқандай сұсты екен. Киізден жасалған дүниелер де бір-бір дәуірдің сырын ішіне бүгіп тұрғандай-ақ сан алуан.

Алқа, моншақ, білезік пен сақинаның да сан алуан түрі осы жәрмеңкеде жарқ-жұрқ етіп менмұндаласа, тіпті қамшы өріп, киіз өңдеушілер, текемет басушылар мен алаша тоқушылар да осында өз еңбектерін паш етіп, қаз-қатар тізіліп тұр. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков орталықтың бір жылда атқарған жұмысына оң бағасын беріп, әлемді тербеткен аяулылардың салиқалы образымен қатар, ұлттық құндылықты дәріптеп отырған орталықтың әр ісіне сәттілік тіледі. Қолөнершілердің еселі еңбектері үшін рақметін айтып, Алғыс хатпен марапаттады.

Бір жылдық белесті артқа тастап, жоғары жетістіктерге жеткен «Анаға тағзым» орталығына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Құрмет грамотасын облыстық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева орталық басшысы Эльмира Мырза-Ғалиға табыстады.Қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарды сақтай отырып, бір жыл ішінде 270-ке жуық іс-шара ұйымдастырған.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support