- Advertisement -

Парасаты жоғары кісі еді

270

- Advertisement -

Кімде кім болмасын, қандай қайраткер болса да өмірден өткеннен кейін іздеушісі болары анық. Биыл жүзге толып отырған замандас-аға, ауыл шаруашылығы саласының білгірі – Сейілбек Әбдиев артына із қалдырған, салиқалы, парасатты кісі еді. Тегіне тартып туған Секеңдей азаматтар өзі қадау-қадау бірінің орнын бірі жауып тұратындай көрінетін маған. Өйткені төменгі Талас бойында үш азаматтың есімі қатар аталатын. Олар – Әнуарбек Тәжімбетов, Әбдір Сағынтаев және Сейілбек Әбдиев. Әбдір Сағынтаев – Социалистік Еңбек Ері. Ал Әукең мен Секең кеудесіне Алтын Жұлдыз тақпаса да, ел ішінде «Алтын жұлдызды» атанған, есімдері аңызға айналған азаматтар еді.

1957 жылға дейін сыртта болдым да, елге келген соң ағалармен араласа бастадым. 35 жыл газетте, оның 20 жылы редактор, 3 жыл обкомда идеология бөлімінде хатшы болғаным бар. Обкомда жүргенде көп азаматтармен араластым. Идеологияда жүрген соң адам жанын, мінезін зерттеуге де тура келді. Айтайын дегенім, Секеңдей мінезге бай, байсалды, сабырлы жан сирек келеді. Ол кісінің ұстамдылығы, іскерлігі, көрегендігі, ұйымдастырушылығы жайлы көп айтуға болады. Талас ауданындағы «Бостандық» совхозын 21 жыл басқарған уақытында өз ісін білетін басшы ретінде танылып, еңбегінде еш қылау болмады. Біреу сынайтындай жағдайға ұрынған кез болған емес.

1965 жылы Асқар Тоқмағамбетов 60 жасқа толып, Жамбылға келді. Обкомнан маған тапсырма болып, аудандарды аралаттық. Сарысудан бастап, Таласқа «Бостандыққа» келдік. Жол жүріп шаршаған Асекең осында сәл ғана аялдап, көп болмай жолға шығайық деді. Сонда Секең: «Шақырсаң келтіре алмайтын қонақсыз, сәл де болса аялдап, дәм татып кетіңіз», деді. Кейін жолға шыққанда Асекең «Бұл кісі кім болып қызмет етеді?» – деп сұраған еді. Мен ол кісі ауаткомда төраға, аупарткомда хатшы, үшінші хатшы болғанын айттым.

Сонда Асекең: «Ойпырым-ай, ой-өрісі кең, әр сөзін шегелеп, нықтап айтады екен, бір оқыс қимыл, артық қозғалыс жоқ, қаншама уақыт отырдық, асықтырып сөз айтқан жоқ» – деген-ді. Мен де ол кісіні апарғаныма, бірге болғаныма риза болдым. Кейін жұмыс бабымен Асекеңе жолыққан сайын «Қалай, Секең аман ба?» – деп сұрап тұрды.

Секеңмен кездесіп, сөйлесу – бір ғанибет еді. Адамдармен тіл табысу немесе ерекше тұлғасына қарап өзіңнің жан дүниең іздеп тұратын ізгіліктің ізі жүзінде жанып тұратын. Ол кісінің отырысының өзі мектеп еді. Кейде карта, болмаса шахмат ойнағанда орындыққа малдасын құрып алып, таңға отыра беретін. Салмақтылығы, байсалдылығы осыдан байқалатын. Өз басым Сейілбек ағаның ашуланғанын көрмеппін. Асауына айқайлатпай тұсау салу, тентегін бір ауыз сөзбен түзеп, бұзығын дұрыс жолға бұратын байсалды мінезге бай еді ол кісі. Ал шаруашылықты басқарудағы шеберлігі тек өзіне ғана тән әдіспен әдемі үйлесетін. Елге сыйлы, ағайынға қадірлі, төңірегіне төбе бидей төреші болды.

Секең әкесі Әбді, інісі Сардан үшеуі соғысқа қатысты. Үшеуі де елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде еңбек майданының қаһармандары атанды. Еңбек – елім деген ерлердің тұлғасын еңселетті. Әбді қарияның да көзін көрдік. Қарапайымдылық, шынайылық, шыдамдылық та өмір соқпағында шыңдалатыны анық. Сондықтан бұл қағиданың өміршеңдігін – осындай құт қонған әулеттің, текті ұл-қыз тәрбиелеген қадірлі ата-ананың өнегесінен алу ақыл болар.

Қарапайымдылық демекші, ұмытпасам, жетпісінші жылдардың басында Секеңді «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынды. Ол жайдың барлығын біліп отырдым. Қожапаров деген кісі Секеңнің құжаттарын алып Мәскеуге кетті. Бұл мәселенің созылып бара жатқанын ішім сезіп жүрді. Әрине, олар ашып айтпаса да Таласта «герой» көп қой деген болу керек, оның үстіне жоғарыдағылардың тапқан сылтауы малшы да, ауыл шаруашылығы мамандары да алды, енді егін шаруашылығы саласының маманы алсын деп, жуалылық азаматқа берді. Ал Секең кеудесіне Ленин орденін қадады. Дегенмен Секең омырауына «Алтын жұлдызды» тақпаса да «Алтын жұлдызды» азамат еді. Біздің мақтанышымыз еді. Секең ешқашан «бұл былай болу керек еді» деп ренжіген емес. Болмаса, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров (соғыста бірге болған), Шона Смаханұлы, Смағұл Молдабековтей асыл жандармен замандас, пікірлес болған азамат тыңнан шығар жол табар еді ғой. Бірақ, бойындағы адамгершілік, адами қасиеттері жоғары Секеңнің сүрлеуі бөлек болатын.

Секеңнің Құдай қосқан жары Мадира Имашқызы ағамызға сай қосылған жақсы жан еді. Секеңнің үйі қай кезде болмасын қонақ күтіп жататын, тіпті кей күндері қонақ үстіне қонақ болып, беймезгіл келетін күндеріміз де болатын. Сондай сәттерде «жарасқан қос жақсының» шарапатына бөленуші едік. Қос жақсының төбесі көрінсе ағайын-туған, замандас төрін берді, төбесіне көтерді. Ол құрметке бұл кісілер толық лайық еді. Секең жары Мадира екеуі жақсы ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде дәулеті тасыған әулеттің ұрпақтары сан салада абыройлы еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген азаматтар.

Иә, Секең – Сейілбек Әбдиев ағамыз парасат-пайымы биік, болмысы бөлек, елге деген құрметі ерек, еңбегі ерен, білімі терең, сүрлеуі аңыз болған ел ағасы еді. Абай айтқандай, жан-жақты «толық адам» болып қалыптасқан азамат абыз жасқа жеткенде, 1995 жылы 73 жасында өмірден өтті. Одан бері де біраз жыл өтті ғой. Дегенмен де Секеңнің жылы жүзі, өнегелі сөзі жадымыздан алыстаған емес. Ұрпағы аман болсын жақсы адамның!

 

Баттал ЖАҢАБАЕВ,

облыстың Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support