- Advertisement -

«Есепші ата» жайлы аңыз

349

- Advertisement -

Құт қонып, қасиет дарыған қазақ даласының қай қиырында да көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, ел ішіне даңқы тараған тұлғалар аз емес. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері де өткенін тануға ұмтылған өлкеміздің елге белгілі абзал азаматтарының сүбелі еңбектері жарық көрді. Әрине, ұлы бабаларымыз хақында жазылар шежіре-дастандар әлі алда. Өйткені арамыздағы уақыт кеңістігі алыстаған сайын ата-бабаларымыз бізге жақындай түсері хақ.

Заманында айдарынан жел есіп, айбарынан дұшпанның мысы қайтқан жанның бірі – Әлібек Бұғыбайұлы. Ел ішіндегі лақап аты – «Есепші ата». Жастайынан ерекше дарындылығымен, көріпкелділігімен жұртқа танылған оның мазары Т.Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылынан он шақырым жердегі таудың етегінде орналасқан. Кесене ақ кірпіштен өріліп, қоршалған. Күмбезі биік, кіре берісіндегі мәрмәр тасқа қашалып «Есепші атаның» өмір сүрген уақыты жазылған. Көкдөнен ауылында тіршілік еткен Әлібек Бұғыбайұлы көрегендігінің арқасында жас кезінде-ақ «Бала есепші» деген атаққа ие болған екен. Ел ішінде ол кісіге байланысты аңыздар өте көп. Сондай әңгіменің бірін немересі Қабыл Самыратұлынан білдік.

– Ата жайлы аңыз-әңгімелер аз емес. Олардың біразы жазылып та жүр. Әлі жазылмағаны қаншама? Жазылғандарының басты идеалы – көріпкел әулие, оның қасиетіне бас ию, құрметтеу, ұлағаттау және үлгі тұту. Ертеде ғұмыр кешкен атамыз жөнінде аңыздардың бірі алыс ауылдағы оқиға туралы. Бірде атамыздың үйінің жанындағы төбеге қарғалар келіп қонып қарқылдап жатады. Сонда атамыз сол маңдағы жұртшылыққа: «Ана қарғалардың айтысын қараңдар. Бір байдың жүйрік атының табанына қан құйып өліпті, сол көк тұлпарының көз майын жедік деп отыр», – деген екен. Осылайша, атамыз алыс ауылдағы сол оқиғаның қалай болғанын көрмей тұрып-ақ айтып берген екен, – дейді Қабыл Самыратұлы.

«Есепші атаның» көріпкелдігіне қатысты әңгіме жалғыз бұл ғана емес. Аңызға бергісіз ақиқатқа толы сондай әңгіменің бірі атаның жылқысы жөнінде. Аңыз бойынша «Есепші атаның» жылқысын біреу ұрлап әкетіпті. Сонда қатарлары: «Өзің сәуегейсің, бірақ жылқыңды кім ұрлағанын білмейсің», – деп қайрапты. Содан ол өзінің жылқысына барымта жасаған ұрының үйіне барыпты. Алайда ата бұл үйден ешқандай жылқы дауламаған. Халық «Есепші ата» келді деп шуылдап қоя беріпті. Үй иесі атаның неге келгенін түсініп, ат-шапан айыбын берген екен.

Көнекөз қариялардың айтуынша, «Есепші ата» ұшқан құс, жортқан аңның тілін білген. Бірде халық таудан құмға көшерден бұрын атаның алдына жапырақ түседі. Сол сәтте жапыраққа қарап тұрып: «Биыл құмға көшпеңдер! Ол жақта ауа райы шаруаға қолайсыз болады», – деген екен. Осылайша, тауда қалғандардың тасы өрге домалап, құмға көшкендер жұтқа ұшырап елге таяғын сүйретіп оралған.

Жалпы, атаның жайлауы Үмбет құмында болған. 1910 жылы 84 жасында қайтыс болар шағында үш күн ауырған екен. Сонда балаларына: «Егер мен алай-бұлай» боп кетсем, Әбілқайыр даласына барып жерлеңдер», – деп өсиет қалдырыпты. Ағайындар ат құлағы көрінбейтін тұманның салдарынан жүз шақырымдық Әбілқайыр даласына жете алмай, Көгершін сарайының аузына жерлеген екен. Сол сәтте сәуегей бір кісі: «Егер айтқан жеріне жерлегенімізде ұрпақтарының біріне ол кісінің әруақты данагөйлігі қонатын еді», – депті.

«Есепші атаның» кіндігінен тараған Бұзаубағар, Нүсіп, Самыратбай, Шайхы есімді ұлдары мен Салиқа атты қызы болған. Есепші атаның үлкен ұлы Бұзаубағар да әулие кісі болған екен. Сонда атамыз: «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», – деген екен. Кейіннен сол сөзіне өкінген көрінеді. Өйткені бауыр еті баласы дүниеден ерте озыпты. Сонда ұлын жылқының терісіне орап, қазақ үйдің шаңырағына іліп қойып, көктемде Тектұрмасқа апарып жерлеген. Яғни, әулиелер зиратына. Ал екінші ұлы Нүсіп атаның ұрпақтары бүгінде шырақшы болып жүр. Ал Салиқа апамыз әйгілі Есей бидің әйелі.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Т.Рысқұлов ауданы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support