- Advertisement -

Ағаш тамырымен, адам досымен мықты

767

- Advertisement -

«Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» дейді дана халқымыз. Сірә, орынды айтылған пікір болу керек. Өткен өмір мен кеткен күндерге кейде сараптама жасай отырып, ой иірімдері базбірде санаңа салмақ салатыны бар. Оған жауап іздеп дал боласың, жаныңды қинап жан-жағыңнан аласұрып іздейсің келіп. Адам болып мына дүниеге келгеннен соң, әрине, адам болып өмір сүргің келеді. Ол үшін не істеуің керек, қандай амалдар бар? Лықып келген ойды бөлісу үшін ақыл-пікір қосатын сенімді, ой-санасы терең, өресі бар жолдас, жансарайыңды бөлісетін абзал, шын дос іздейсің. Тапсаң – бақыттысың. Бірақ, ол мына мың құбылған дүниеде жеңіл іс емес-ау, тегі.

Қойын дәптерімнің бір бетінде: «Өмірге қарасаңшы, айнала толған алдау, арбау, сатып кету, асып кету, үптеп кету. Ұрлық та, үптеу де тапа-тал түсте болып жатыр. Арамдық, жемқорлық, сыбайластық, бопсалау, тартып алу, қанау, қайыршылыққа ұшырату дегенің, әне… Қараңызшы, алысқа бармай-ақ айналаңызға.

Сезімді сабырға жеңдіріп көрелік. Бәрі рас, бәрін де ақпарат көздері күн сайын алдымызға жайып салып беріп жатыр. Бірақ өмірдің ғажаптығы сонда – адам өздері жасап жатқан іс-әрекеттің ортасында жақсылықтың барын, оның да өмір атты дүниенің тінін ұстап тұрғанын аңғара бермейді. Жақсының жолы жіңішке, әлбетте, елеңдейді, елеусіз қалады. Елеусіз қалмау үшін ел есіне адамдық пен адалдықты әркез еске түсіре білу парыз дер едік. Ең бастысы сол – адамдық пен адалдықты да көре білуіміз керек. Оның әділ де анық жолы – үлгі ете айтып жүру.

Жадымызда жүрер жақсылардың есімі жаңғырып отырса – жауап та, сауап та сол болмақ керек. Құдайға шүкір, ондай айтулы да айғақты сәттер өмірімізде аз деп кім айтар», – делініпті. Өкінішке қарай, ол кімнің пікірі екенін жазбаппын. Оқыдым да ойға қалдым. Санамнан оқыған, естіген, білетін дүниелерді өткіздім. Он сегізінші каф сүресінде былай депті: «Дәулет те, әулет те, балалар да тіршілігінің зейнеттері. Адамға мәңгі қалатыны – ізгі істердің сауабы. Тәңірінің назарында ол бәрінен артық». Адамдар арсындағы достық, бауырмашылдық қарым-қатынас шын ашық, бүкпесіз көңілмен, еш бақай есепсіз, сауда-қысапсыз, қулық-сұмдықсыз болғанын қалайтынымыз рас. Қазақтың: «Дос болсаң берік бол, досыңа серік бол» деген қанатты сөздері жиі есіме түседі. Шындыққа келгенде, ізгіліктің бір тармағы адамдар арасындағы берік, шынайы достық емес пе?

Өмір адамды таңдамайды, талғамайды екен. Керісінше, адам өмірді таңдайды, талғайды. Талғау мен таңдаудан өнеге туады. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» деген қазақ мәтелі бар. Расында, бұл сөздің жаны бар. Өнегелі істің қолдаушысы көп, өрісі кең. Жақсы адамдар арасындағы адал, шынайы достық айналасындағыларға таптырмайтын, нұрлы сәуле шашқан өнеге.

Анда-санда радио мен теледидардан «Бір досың керек екен…» деген терең ойлы әнді естіп жүрміз. Шынында, мына құйтырқыланған, беймаза заманда қиналғанда, жабыққанда, зарыққанда жаныңнан табылатын, барын да, нарын да бөлісетін адамға сенімді бір дос керек екен.

Сонау өткен ғасырларда, қайнап тұрған жаугершілік заманда – кескілескен ұрыста қазақтың екі жігіті қоршауда қалады. Бірінің астында аты бар, екіншісінің атының қолқасына сұр жебе қадалып, құлаған. Төс қағысып дос болған екен екеуі бала кездерінде. Астында аты бар жігіт атынан жерге секіріп түсіп:

– Мен жауды бірер сәт бөгей тұрамын, ал сен, досым, менің атыма мініп алды-артыңа қарамай қаш. Мыналардан сөйтіп құтыл. Ал кәнеки, уақыт созбайық, солай ет.

– Жоқ, мен сені жау қолына тастап кете алмаймын, – дейді екіншісі. – Сенің құтылғаның жөн.

– Көзім тіріде сені жау қолына тастап кете алмаймын.

– Кетесің, – дейді анау досы. – Сенің солай етуің керек.

– Неге?

– Мен үйлі-барандымын. Артымда ұрпағым бар. Ал сен әлі бас құрып үлгерген жоқсың. Сен өлсең – ошағың да өшеді. Өміріңді жалғастыратын ұрпақ жоқ. Ертең, болашақта, бізге келген жауға қарсы тұратын күш қалмайды. Яғни, жауға қарсы келе алмаймыз. Сөзді қой. Мін атқа!

Міне, достыққа деген нағыз адалдық, беріктік осы емес пе? Елдің болашағын ойлаған, ел-жұрттың қамын жеген ержүрек азаматтың елдің жүрегін елжірететін жанқиярлық, батыл шешіміне еріксіз риза боласың.

Халық арасында аңыз болып аузында жүрген, өмірде болған достық және оған деген құрмет жайлы тағы бір мысал келтірейік.

…Ту ерте бағзы жаугершілік заманда қазақтың екі жауынгері бір-біріне серік, жағасына шатыр тігіп, бейқам дамылдап жатқан жауынгерлерге жау тұтқиылдан шабуыл жасап, әлгі екі достың біреуі жау қолына түседі. Жау қарсыластарының мал-мүлігін, қолға түскен бір топ жауынгерлер жасағын айдап әкетеді. Досының жау қолына түскенін білген екіншісі күздің қара суығын елемей, ағысы мол терең өзенді малтып өтіп, жау орналасқан жағаға келеді. Анталаған жау әскерлері оны тарпа бас салып, тұтқындап, аяқ-қолын кісендейді. Қолға түскен жауынгер олардан қолбасшыларына алып баруды өтінеді. Қолбасшы алдында:

– Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Бірден сөздің ашығын айтайын, менің оған берер мал-мүлкім жоқ. Бір-ақ берер нәрсем, ол – өзімнің өмірім. Досымды босатсаңдар, ол үшін өзімнің өмірімді қияр едім, – дейді әлгі жауынгер.

Қолбасшы мына жас жігіттің сөзіне аң-таң болып, оны сынамақ болады да:

– Жарайды, мен сенің жас өміріңді қимай-ақ қояйын. Бізге өміріңнің бір бөлшегін берсең болды, – дейді.

Сонда досын жау қолынан құтқаруға келген жігіт:

– Ол не? – деп сұрайды.

– Маған сенің екі көзің керек, – дейді жау басшысы.

– Ол да болсын, келістім, көздерімді ал да, досымды босат, – деп келісімін береді батыл жауынгер еш қаймықпай. Сөйтіп, бұл сыннан ол әбиірмен өтеді, досын жау қолынан босатып алады.

Әлгі жауынгер тұтқыннан босанған досының иығына қолын артып, зағип күйге душар болып, екі көзден айырылса да, күлімдеп өз еліне қайтып бара жатады. Мұны көрген жау қолбасшысы:

– Мұндай ержүрек ерлері бар, достықтары берік халықты жеңу мүмкін болмас, сірә, – деген шешімге келіп, әскерлерін шегінуге бұйрық берген екен, – деген халық арасында ежелден келе жатқан ғажайып, терең мәнді философиялық әпсана бар. Міне, нағыз шынайы достықтың символы!

Орыс халқының «Досыңның кім екенін маған көрсет, сенің кім екеніңді содан танимын», – деген сөзі орынды айтылған. Досыңа қарап, сенің кім екенінді білуге болады. Өйткені әр адам өзінің ой-өрісіне, мінез-құлқына, өмірге деген көзқарасына, пейіліне, ниетіне қарай сырлас дос табады. Олар аз болса да, сенімді, шын достыққа берік жандар болса керемет жақсы.

Жақсы жолдастан келер пайдаларды санап тауысу мүмкін емес. Әрбір адам өзінің жолдасына қарап бағаланатыны және жақсы көрген досынан үлгі алатынын есінде ұстауы тиіс. Ал жаман адамдармен достасу біз айтқандардың бәріне кереғар сипатта.

Ел ішінде ертеректе Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары: «Достық нешеу?» – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып: «Достықтың екі түрі болады. Бірі адал достық та, екіншісі амал достық», – деп жауап қатады. «Дұрыс-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз?», – дегендерге: «Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады», – депті Әйтімбет шешен. Тауып айтылған сөз, шындық, аксиома.

Қожанасыр қазы болып тұрған заманда бір қылжақбас досы былай деп сұрақ қойыпты:

– Қожеке, досыңыз қанша? Бізге соны айтыңызшы.

– Оны қазылықтан түскеннен кейін дәл айтпасам, кәзіргі достарымның санында есеп жоқ, – деп жауап қатыпты. Онысы да рас.

Қазақта: «Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің; екінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші, қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың», – деген дана сөз бар.

Ертеректе жазылған қойын дәптеріме дос туралы мынадай сөздер жазыппын: «Достарды саны емес сапасымен бағала. Өмірде сыйласып, бірін-бірі құрметтеп, қиыншылықта қолдап, сүйеніш болып, ауырлықты да, қуанышты да бірге бөлісетін, сенің шыққан биігіңе, табысыңа шын жүректен қуанатын, орталарынан қыл өтпейтін берік достар, өкінішке қарай, өмірде сирек кездеседі. Ағаш көп салалы бұтағымен, саялы жасыл жапырағымен көрікті болса, өмірде жақсы, парасатты, адамгершілігі жоғары, мінезі жайдары, «дос» дегенде жанын беретін шын достарды табуға тырыс. Оларды қызметіне, қалтасына қарап бағаламай, адами қасиетіне, табиғи жайдарлы мінезіне, сыпайы жүріс-тұрысына, сана-түйсігіне қарап таңда. Ешқашан досыңды өзіннің бас пайдаң үшін сата көрме».

Адамдар арасындағы достық, бауырмашылдық қарым-қатынас шын ашық, бүкпесіз көңілмен, еш бақай есепсіз, сауда-қисапсыз, қулық-сұмдықсыз болғаны қандай ғанибет. «Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады», деген сөз бар қазақ атамда. Басыңа ауырлық түскенде, қайғы торлағанда досыңыз қасыңыздан табылып жатса, ауыртпалығыңды бөлісіп жатса сенің дос таңдауда жаңылыспағаның. Ол – уақтынша амал дос емес, сені сыйлайтын, ешқашан сатпайтын нағыз, берік шын дос. Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің, анық достың қадірін зарыққанда білерсің. Тектімен достас, тексіз доспен қоштас. Сол ойыңда болсын. Ал келесі бір мақал былай дейді: «Доссыз өмір – сөнген көмір».

«Достарсыз бұл күнде, күн көру мүмкін бе? Досымыз көбейсін, бола берсін…», немесе «Достар, достар, жүрсің қайда? Бірге еді ғой жанымыз…», – деп сағынышпен жүрегіміз елжірей, көңілімізді мұңға бөлеп, қимас достарымызды еске алатынымыз да бар-ау кей кезде. Адамның күні адаммен. Доссыз адам қанатсыз құспен, бұтақсыз ағашпен, балықсыз көлмен тең.

Кейде «Досыңды үш күн сынама, үш жыл сына», – деген сөз де орынды айтылған ба деп ойлаймын. Өйткені айнымас достық бір-екі күнде айқындалмайды, ұзақ уақыттан кейін ғана шын дос екені сезіліп, келбеті анықталып, сенімге кіріп, жүрегіңнен өз орнын тауып, ол қастерлі достық сезімге айналады.

«Достарың адал болса, ең бақытты болғаның. Достарың арам болса, бақытсыз болып сорладың», – деген сөздердің де жаны бар. Достыққа берік, досына мейлінше адал, өмірдің суығына бірге тоңып, отына бірге күйіп жүретін сенімді досы бар адам – бақытты жан. Сондықтан да қазақ: «Достардан қамал тұрғыз» деп бекер айтпаған болар, сірә. Достықты қадірлеу, құрметтей білу, оны ардақтау, бағалау, шын аялау – адамдық, үлкен ұлы қасиет. Ол әркімнің қолынан келе бермейді-ау. Кел-мей-ді «Бiр дос бар дастарқаннан дәм кеткенше, бiр дос бар қораңнан мал кеткенше, бiр дос бар кеудеңнен жан кеткенше» деушi едi ¬марқұм Рахымжан Отарбаев досым. Ол да рас айтылған пікір.

Ел аузында мынадай тағы бір әңгіме бар: …Бірде түннің ортасы ауа елге белгілі, арқалы, дарынды бір сазгер досына телефон шалып:

– Досым, мені құттықтауыңа болады. Көптен бері мазалап, берекемді алып жүрген, сыр мен назға толы әнімді дәл қазір жазып бітірдім. Қуанышым қойныма сыймай, оның сиясы кеппей тұрып, сенен сүйінші сұрап тұрмын, – дейді бақытқа кенелген жүрегі жарыла.

– Жарадың, досым. Құтты болсын. Бірақ, мені түн ішінде мазаламай, тәтті ұйқымды бөлмей, сол қуанышыңды таңертең-ақ жеткізсең болмас па еді, – депті самарқау ғана әлгі досы қайта-қайта есінеп.

Сонда композитор досының шалқыған көңілі бір пәсте су сепкендей басылып:

– Онда, кешір. Мен, аңқау басым, бұрын «достықта ешқандай шекара, санаулы мезгіл жоқ» деп ойлайтын едім, – деп телефонның тұтқасын тастай салыпты…

Иә, өмірде мұндай оқиғалар кездесіп жатады. Достықты арам есеппен, қарақан басының пайдасы үшін құратын адамдар ортамызда бар екені өкінішті. Ондай достарды орысша айтсақ, «самопал достар», яғни «амал дос уақытша достар» дегеніміз жөн болар.

Халық арасында «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген сөз бар. Расында да, болмашы нәрсеге досыңды ренжіту, теріс, арам пиғылмен алдау, көңілін қалдыру достықтың арасына сызат түсіреді. Кейде ол көңілді суытып, екі араны қашықтатып, сенімді таптап, адамдар арасын мүлдем ажыратып жіберуі де ғажап емес.

Пейілі ақ адамның көңілі мөлдір, кіршіксіз таза, бұлтсыз көк аспан секілді. Сондықтан достық көңілді, шынайы қарым-қатынасты құрметтеу, ардақтау, аялау әркімге үлкен жүк, жауапты міндет.

«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы», – деп АҚШ-тың байырғы Президенті Аврам Линкольн айтпақшы, әрбір есі кіріп, етек жапқан адам – белгілі бір қоғамның мүшесі. Ол қандай болмасын бір іспен айналысады, түрлі адамдармен қарым-қатынаста болады. Бірақ, сол ортадан жан дос табуы неке-саяқ. Сені қызметің үшін, одан асып тұрған білім-біліктілігің үшін, немесе «қалың қалтаң» үшін жақындасып, жалпақтап дос болғысы келетіндер табылар. Әттең, олар сенімді дос болып соңына дейін қала алмайды. Уақытынша, басыңнан бағың тайғанша сыйласады, құрметтейді. Ал ертең мүлдем теріс аунап түсіп, білмегендей-көрмегендей болып шыға келеді. Өмір солай, өмір құмның қызыл түлкісіндей, жалт етеді де қолға ілінбей зым-зия сағымға айналып кете барады. Айналаңда бірнеше ғана нағыз, саған берілген таза достарың ғана қалады. Шерхан аға Мұртазаның «Өмір бәрімізді електен өткізуде. Онда тек ірілері ғана қалады», – деген сөзінің тауып айтылғанын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Достар да солай. «Досым көп» деп ауыз толтырып, кеуде керіп айтуға менің батылым жетпейді. Сыйласатын, араласатын, сырласатын, қуанған-қиналған жаныңды түсінетін сенімді достарым саусақпен санарлық деп санаймын. Әттең, жыл өткен сайын уақыт айдауына көніп, олардың қатары сиреп бара жатқаны көңілге қаю түсіріп, кейде қалың мұңға батырады.

Белгілі қазақ жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаров өз замандастарының кейбір қылықтары туралы: «Тау мен тасты – су, адамзатты – сөз бұзады», – деп жатады. Жоқ, қазіргі адамзатты бұзатын – бақай есеп. Шіркін-ай, бақай есебі жоқ бір адамды көрсем, соның құлы болар едім. Қандай керемет ақылды, арлы, саналы жан болсын, өзінің бір керегін көздеп, сол үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенін көрсем, іріген сүттей айнып қала беремін», – депті ағынан жарылып. Бұл өмірдің ащы шындығы. Неге өмір солай екен? Достықты біздің замандастарымыз қалай түсініп, қай дәрежеде бағалап жүр?! Шындыққа келсек, қазіргі көптеген адамдар осы бір қимас нәзік қасиетті түбегейлі түсінбей, қадір-қасиетін төмендетіп жүр ме деген ойға кетем кей кезде.

«Жаман дос – көлеңке: басыңда күн барда қашып құтыла алмайсың, бұлт төнсе, іздеп таба алмайсың», «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты» деп жатады білімпаздар. Олары дұрыс. Досың көп болса, өмір де қызықты, мәнді, сәнді. Сенің басыңда қандай қиындық, ауыртпалық болмасын бірге бөлісуге, рухани қуатты, ізгілігі мол, ойы сергек, сана-парасаты биік, адами қасиеттерге мінезі бай, жақсылық пен игіліктің сәулесі айналасына нұр болып төгіліп жүрген, шапағаты мол досқа не жетсін, шіркін!

Мына зымырандай зулаған уақытта, ала-құла беймаза заманда жалғыз болу қиынның қиыны. Сондықтан әркім өзіне жақын, сенімді дос іздейді. Әрине, оның шынайы, адал, көңілді, мейірімді, жанашыр болғанын қалаймыз. Бірақ, төбеміздегі көк аспан әркез ашық бола бермейтіні рас. Көмек керек болғанда достарымызға жүгінеміз, олардан қолдауды қажет етеміз. Міне, сол сәтте, кімнің қандай екенін түсінеміз. Сол кезде сенен бас тартпаған, бар көмегін аямаған жолдасыңды бағала, одан айырылма. Досты жоғалту оңай, ал табу қиын. Ойланыңызшы, бір сәт ой елегінен өткізіп көріңізші, саусақтарыңызды бүгін санаңызшы, шын, айнымас досыңыз нешеу?

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,

профессор,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support