- Advertisement -

Асқаржан ақынның журналистік жолы

311

- Advertisement -

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсында «Еңбек туы» газетінің редакциясында әзіл-қалжыңдары жарасқан екі ақын қызмет істеді. Бірі – бүгінде елге кеңінен танымал сықақшы Толымбек Әлімбекұлы да, екіншісі – бақилық болғанына он бес жылдан асқан Асқаржан Сәрсек. Ол кез атағы аспандап тұрған, таралымы да мол газетіміз аптасына бес рет шығады, қызметкерлер арасында нағыз шығармашылық бәсеке орнаған. Жазудан сәл қолы босаған сәтте шылым шегетін жігіттер екінші қабаттың дәлізінің батыс жағына қойылған орындықтар қасында тоқайласып, жаңалықтар бөлісіп, әзілі жарасқандар сөзбен қажасып жататын.

Толымбектің газетіміздің 75 жылдық мерейтойына арнап жазған, 1997 жылдың 7 мамырында жарияланған «Ақ жол» салған ізбенен» деген арнау жыры бар. Осында «Әзілі жарасымды бала сынды, Ағайын қоңыр қаздай Асқар, Берік» деген жолдар ұшырасады.Ақын дәл сипаттағандай, Асқаржан да, ауыл шаруашылығы бөлімінде тілші болып істеген, сарысулық Берік Шәмшиев те мінездері орнықты, ашу шақыруды білмейтін, терісі кең жандар еді. Берік марқұмды керемет домбырашы десетін. Бірақ, көп алдында күй тартқанын көрген жоқпын. Жақсы адам еді, жарықтық!

Алғаш танысқанда білгенімдей, Асқаржан менен төрт жас кіші болып шықты. Мәдениет бөлімінде бірге істеген жасы кіші Толымбекті «Төке» дейтін Асқаржан жұмыс бабында да, жайшылықта да маған «Түке» деп үн қататын. Мен де өз тарапымнан құрметімді танытып «Асеке» дейтінмін. Бірге қызмет істескен жылдары осы қалпымыздан танған жоқпыз.Талай жыл әріптес болғандықтан өмір жолын, шығармашылық жетістіктерін бір кісідей білемін.

Көп кейін жастар газетіне берген сұхбатында өзі айтқанындай, кіндігі облыс орталығының дәл түбіндегі Ақбұлым ауылында кесілген Асқаржанның үй шаруасымен айналысқан анасы Фәтиманың ауыз әдебиетінен, халық ертегілерінен хабары мол болған. Ал әкесі Шырынбек негізгі қызметіне қоса сурет салумен де айналысқан. Ата-анасының осындай тәлім-тәрбиесі Асқаржанның өлең-жырға құштар болып өсуіне әсерін тигізгені сөзсіз. 1960 жылы отбасы ол кез Жамбыл қазіргі Тараз қаласына көшіп келгенде болашақ ақын Жамбыл атындағы орта мектепте оқи бастаған. Қабілетін ерте байқаған ұстаздарының айтуымен тоғызыншы сыныпта жазып, хатпен жолдаған «Көбелек» деген өлеңін «Балдырған» журналы жариялаған:

Мен тимеймін, жасқанба,

Дос болайық көбелек.

Жайнап тұрған бақшамда,

Гүлдерімді көре кет.

Тұтқиылдан састыра,

Жаңбыр жауса себелеп.

Тақиямның астына,

Тығыла ғой, көбелек!

Зейінді балдырған бір оқығанда-ақ жаттап алатын, табиғатқа сый-құрметпен қарауға үндейтін тамаша өлеңі араға жылдар салынып, 1990 жылы «Бабочка, давай дружить» деген атпен Мәскеудегі «Просвещение» баспасы шығарған «Хрестоматия для детей старшего дошкольного возраста» деген кітапқа еніп, кешегі құдіретті Одаққа тегіс тарады. Осы арада айта кетер нәрсе, Асқаржан орыс тілін де керемет жақсы білетін. Кейбір өлеңдерін осы тілде жазған.

Талай танымал тұлғаларды, солардың ішінде қазақ әдебиеті мен журналистикасының алыбы Шер-ағаңды – Шерхан Мұртазаны білім нәрімен сусындатқан Жамбыл орта мектебін бітіретін 1967 жылы облыстық «Еңбек туы» газеті 8 қаңтардағы санындағы «Әдебиет бетінде» Асқаржанның «Мақтаншақ», «Шаңғышы», «Жақсы» аталатын өлеңдерін беріп, сәт сапар тіледі.

Жалпы, жас талапкер Асқаржанның бейінін байқап, үміт артып журналистік, ақындық сапарына жол ашқан марқұм Әлдихан Қалдыбаев ағамыз болатын. Әлдекең жарықтық, өзінің зейнет демалысына шыққаннан кейін жазған «Көңіл көмбесі» аталатын әдеби мақалалардан, эсселерден тұратын кітабында Баттал Жаңабаев пен Арғынбай Бекбосынның тұсында бас редактордың орынбасары болып істеген жылдарында редакция жанындағы жас журналистер мен әдебиет бірлестігінің жұмысына жетекшілік еткенін айта келіп, үмітін ақтаған шәкірттері қатарында Асқаржан Сәрсекті де атай кетеді.

Орта мектептен кейін Асқаржан Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде оқыған. Оны тәмамдаған соң еңбек жолын қаладағы «Россия» кинотеатрында киномеханик болып бастаған. Бірақ, көп істемей, облыстық баспаханаға газет беттеуші болып орналасқан. Бұл істі шебер меңгеріп, жұмысын тез атқаруға төселген бозбала 1973 жылы «Еңбек туына» корректорлыққа қабылданды, секретариатта макетті де керемет сызуға төселді, қызметі сәл жоғарылап газет шығарушы болды. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсті, оны бітірген, 1981 жылдан тілшілік қызметке ауысты.

Газет тілшісінің тынымсыз тірлігін мінсіз атқара жүріп, бос уақытын өлең жазуға арнады.Тұңғыш кітабы 1976 жылы «Жалын» баспасынан «Мереке» деген атпен он мың дана таралыммен шықты. Кітап редакторы – көрнекті балалар ақыны Бердібек Соқпақбаев. Араға бес жыл салып, «Жалын» баспасы «Қарға мен қарлығаш» деген екінші кітабын шығарды. Үшінші кітабы «Міне, қызық, керемет» 2001 жылы Тараздағы «Салық тәртібі» баспасынан шыққан.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұзафар Әлімбаев өзі отыз жылға жуық басқарған «Балдырған» журналын балалар әдебиетінің бас кітабына теңеген. Оның батасын алған Асқаржан осы журналдың тұрақты авторы болып, шығармаларын жариялап отырды.Журналда Талас ауданының тумасы, талантты ақын Серік Томанов марқұм қызмет атқарғаны белгілі. Ол Асқаржанмен қатты сыйласып өткендердің бірі. Мәскеудегі «Просвещение» баспасы шығарған, Асқаржанның өлеңі енген кітапты іздеп тауып әкеліп берген де осы Серік ақын болатын. Бұл туралы Асқаржан ерекше ризалық сезіммен әңгімелейтін. Сондай-ақ университетте бірге оқыған қимас досы Көпен Әмір-Бекті де аузынан тастамайтын Ал Толымбек Әлімбекұлының Таразға әр келгені Асқаржан үшін мерекеге тең еді. Толымбектің өзінің осы туралы, әзілі қуақы, қалжыңы терең, сөздері ойлы келетін, жақтырмағанын мысқылдағанда оңдырмайтын, білімді аға-досы Асқаржанмен бір бөлімде отырған да, қатар жүрген де қызықты болғанын баяндаған «Ұмытылмас бейнелер» естелігін оқығанымыз бар.

Әдебиетке балалар ақыны болып енген Асқаржан ән сөздерін де жазған. «Сырлы Тараз» өлеңін жазған Асқаржан, оған шығарылған әннің авторы кезінде Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде бірге оқыған досы, танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов. Ал «Өмірімді өзіңсің өрнектеген, Айтқаныңды әрдайым жөн деп келем», – деген жолдары бар «Аягөзге» ән-өлеңі «Еңбек туы» газетінде корректор болып көп жыл бірге істеген жары, бүгінде зейнеткер, ерінің артында қалған алтын асықтай немерелері Тоғжан мен Айжанның сүйікті әжесі Аягөз Аятоваға арналған. Сондай-ақ туған ауылына арналған «Ақбұлым», «Сағыныш», тағы басқа өлеңдеріне шығарылған әндер бар.

Қаламы төселген, сақа журналист Асқаржан газет материалдарын аз жазса да, саз жазатын. Көбіне әдебиет, мәдениет, өнер тақырыптарына қалам тербейтін. Байқаған кемшілік, олқылықты мақтаман бауыздағандай астарлап жеткізудің шебері болатын. Осыдан да газеттің мерекелік нөмірлерінде берілетін достық әзілдерді жазу көбіне Асқаржанға тапсырылатын. Ауыл шаруашылығы тақырыбына «бауыр басып» алған мен туралы мынандай достық әзіл жазғаны бар:

«Мал баққанға бітеді» – ұраныңыз, «Сулы жер – нулы» Сіздің жыр-әніңіз. «Көктемнің әрбір күні – жылға азық» деп,Тимейді жастыққа жар құлағыңыз. Ойыңыз әрқашанда ауыл жақта, Болса да қала жақта тұрағыңыз. Ет, сүтті қымбаттатып жібердіңіз, Келеді соның үшін жылағымыз.

Кеңестік дәуірде егін егіп, мал баққан қауымды осындай жаттанды ұрандармен жігерлендіруге төселгеніміз шындық енді…

Енді бірде, газеттің 75 жылдығына арналған мерекелік нөмірде:

Жазу-сызу деген де ауыр бір жүк, Қаламыңды келесің тәуір түртіп.

Түке, бірақ несіне жасырамыз, Жаза-жаза ауылды жауыр қылдық.

Қызықтырып бизнестің «балқаймағы», Енді жазып жатырсың реформаны. Тілшілерді түртуің нашар ма әлде, Қу нарықта қозғалыс байқалмады, – деп жазды…

Мен ғана емес, редакцияда істейтін басқа да қаламдас ағалары мен іні-қарындастары Асқаржанның өздеріне арнап жазған достық әзілдерін оқығанда бір жасап қалатын.

Өлең-жыр бәйгесінде Асқаржанның аты озған, мерейі тасыған сәттеріне куә болған кездер де жадымда. 1993 жылы қобызшы Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жыл толуына арналып Сарысу ауданында ұйымдастырылған жазба ақындар мүшәйрасында Асқаржан жүлдегер атанды. Ал 2004 жылы облыс әкімі Серік Үмбетов пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесі бірлесіп жариялаған әдеби бәйгеде екінші орынды Ерлан Жүніс пен Асқаржан Сәрсек бөлісті.

Нарықтық қатынастарға өтпелі кезеңде «Ақ жол» газетінде штат қысқарту жүрді. Өзі қалжыңдап айтқандай, қысқартуға ұшыраған Асқаржан біраз уақыт «ЖҰМЖУР» (жұмыссыз журналист) ЖШС-ның белді қызметкері» болды.Әйтсе де, қарап жүрген жоқ. «Дүние дастан» газетін айтыс ақындары Серік Қалиев, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиевтермен бірге біраз уақыт қызықты етіп шығарып тұрды. Осындай қиын шақта да, кейін де өз газеті «Ақ жолынан» қол үзген емес. Өлеңдері жарияланып тұрды. Көлемді «Айша бибі» дастанын оқырмандарына алдымен «Ақ жол» таныстырды.

«Өмірім бе? Өмірім – өлең еді, Өлең барда өзгеше деме мені», – деп толғаған қайран ақын, бақилық болып кеткеннен бергі кезеңде жары Аягөздің, ақындық талантын сыйлайтындардың әрекеттеніп, қолдауымен Тараздағы баспалардан «Қарақшының қимас досы» (2006 ж.), «Менің жұлдызым» (2007ж.) деген кітаптары шықты. «Балдырған» журналы 2020 жылы желтоқсан айындағы санында «Мерейтой» айдарымен «Белгілі балалар ақыны Асқаржан Сәрсектің туғанына 70 жыл» деген тақырыппен өлеңдерінен топтама берді.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық маңызы бар әдебиет санатында қаржы бөлуімен «Таймас» баспасынан Асқаржан Сәрсектің «Алақай» аталатын ғибратқа толы өлеңдері, ертектері, мысал, хикаяттары енген кітабы шыққаны жайлы хабар ғаламторда таралды.

Артында қалдырған жазба мұрасын насихаттаудың жалғаса бергені керек, әрине. Жары Аягөз Аятова Асқаржанның қолында бар қолжазбаларын жинақтап Астанадағы досы Көпен Әмір-Бекке табыстағанын айтады.Бұрын шыққан көлемі шағын кітаптарындағы ең таңдаулы шығармалары іріктеліп қосылып, балдырғандардың шынайы ақыны Асқаржан Сәрсектің толымды бір томдығы шығып жатса қанекей. Облыстың рухани өміріндегі айтулы оқиға, кітапханалардың жас оқырмандарына жақсы тарту болар еді.

Күні ертең, 21 қазан – Асқаржан Сәрсектің туған күні.

Ғасырлық жолды жүріп өткен «Ақ жол» газетінде қызмет істеген жылдарында басылымның әр саны мәнді де мазмұнды шығуына өз үлесін қоса жүріп жазған шығармаларымен балалар әдебиетінен ойып тұрып өз орнын алған Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Асқаржан Сәрсектің рухани өмірі шыққан, Алла қаласа алда да баспадан жарық көретін кітаптарымен жалғаса береді.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

ардагер журналист,

Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support