- Advertisement -

Математик – ең мықты мамандық

110

- Advertisement -

Бүгінгі таңда қазақ математика ғылымында ерекше өрлеу бар. Заманның, ілім- білімнің бағыты мен талабына сай келетін математика саласының мамандары өз елімізде ғана емес әлемнің түкпір-түкпіріне де танымал. Солардың бір шоғыры – Қазақстанға да және алыс-жақын шетелдерге дейін белгілі Республикалық физика-математика мектебінің түлектері.

Осы мектептен қанаттанып ұшқан кешегі шәкірттер ел экономикасы мен индустриясының нығаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Биыл РФММ-нің құрылғанына қазанның 16-ы күні 50 жыл толады. XX ғасырдың 60-жылдарының аяғында Алматыдағы орта мектептердің бірінің жанынан шағын класс есебінде ашылған физика-математика кластары академик Орынбек Жәутіковтің ауыл-елдегі математикаға талабы зор балаларды осы салаға тереңірек баулу үшін Республикалық физика-математика мектебін құруға айрықша тер төкті. Соның арқасында 1972 жылы іргесі қаланған осы орта оқу орнын бүгінге дейін 10865 оқушы бітіріп шықты. Оның 766-сы — Алтын медаль, Алтын белгі иелері. Ал республикалық, халықаралық математика додаларында дарабоз танылған оқушылар қатары бірнеше мыңдап саналады. Жаңа Қазақстанның білім-ғылымына келешекте де РФММ- нің шәкірттері өз үлестерін қоса беретіні кәміл.

Мектепте математика пәнін айрықша сүйіп, үлкен ықыласпен оқитын едім. Математик-ұстазымыз Жаңабек Абдраимов ағайдың есепке ерен жүйріктігі оқушы біткенді, әсіресе мені ерекше тәнті етіп, осы сабақты әрдайым асыға күтетінмін. Өз басым осы ұстазымның қандай қиын есеп болса да жік-жігімен талдап, түсіндіріп, шығарып көрсететініне өте қызығатынмын.

Алтыншыдан жетінші сыныпқа өткен кезім. 1976 жыл. Жазғы каникул. Өзім туып-өскен Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы. Алаңсыз ойнап жүрген күндердің бірінде анам Балкүл мені үйге шақырды. Жүгіріп келсем, сүйікті мұғалімім Жаңабек ағай келіп отыр екен. «Қазір сабақ емес қой, бұл кісі неғып жүр?» деп іштей таңғалдым.

Сөйтсем, Алматыға дарынды оқушыларға арналған республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсуге конкурсқа қатысу үшін министрліктен арнайы бөлінген жолдаманы алып келген екен. Біздің ауылымыздан табаны күректей 150 шақырым жерде жатқан облыс орталығы, сол кездегі Жамбыл қаласына бүгіннен қалмай жетуіміз қажет екенін қадап айтты.

Таң ата Алматыға жеткен соң мектептің жатақханасына орналастырды. Сол күннің ертесіне-ақ мектепке қабылдау жөніндегі ауызша және жазбаша олимпиадалық іріктеу турлары басталып кетті. Он күн бойы жүргізілген сынақтың нәтижесінде алғыр, зерек оқушылар іріктеліп алынды. Солардың қатарында мен де осы мектепке қабылдандым.

Осылайша, мен 1976 жылдың күзінде республикалық физика-математика мектебінде, яғни РФММ-де 7-ші сыныпта оқи бастадым. Сол тұстағы мектебіміздің директоры Александр Чернобай өте зиялы, көркем келбетті кісі еді. Өзі орыс бөлімінің оқушыларына физика пәнінен сабақ берді. Бойында нағыз ұстазға тән қасиет мол, шәкірттерін аса жақсы көріп, құрметтей білетін. Оқушылар топырлап мектепке кіріп немесе шығып жатқан кезде балаларға жымия күліп қарап, тосып тұратын. «Сіз өтіңіз» десе де «Жоқ, алдымен сендер өтіңдер» деп жылы шыраймен ілтипат білдіретін.

РФММ-дағы ең алғашқы сынып жетекшіміз Баян Шарахымбаева бізге орыс тілінен сабақ берді. Біз оқуға қабылданған жылы Баян апайымыз отбасының қызмет бабымен араб елдерінің бірінде бірнеше ай тұрып келген. Ол кісі оралған соң біз сынып жетекшімізді көргенде анамызды көргендей қатты қуандық…

РФММ-нің тарихы 50 жылға жетті десек, осы мектептің іргесі қаланғаннан кейін іле-шала шәкірт тәрбиелеуге келген алғашқы ұстаздардың қатарында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Сабурованың орны бір бөлек. Бала жүрегінің бапкері, білікті де кәсіпқой ұстаз Жанна Камылбайқызы өз пәнін оқытуда айрықша сабақ жүргізу үлгісін көрсеткен шебер мұғалім. Қазақ сыныптарына орыс тілінің ұңғыл-шұңғылын, орыс әдебиетінің інжу-маржандарын танытуда біздің ұстазымызға ілесе алатындар некен-саяқ.

Атап өтетін айрықша қасиеттерінің бірі – орыс ақын-жазушылары туралы сабақ өткенде ретіне, қажетіне орай қазақ қаламгерлерінің де шығармашылығын байланыстыра отыратын. Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін де сабағына қосатын. Кез келген мектепішілік тәрбие сағаттарында, мектептен тыс іс-шараларда ұлы қаламгерлердің өмірі мен өнегесі туралы, нақыл сөздері мен шығармаларынан үзінділерді міндетті түрде қосады.

Бүгінде Жанна Камылбайқызы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын «Келешек» мектебінің директоры. «Данашым» мектебінің іргетасын қалаушы ұлағатты ұстаз, білікті педагог. Ол кісінің алдын көрген талай шәкірт бүгінде еліміздің әр саласында қабырғалы маман болып үлгерді. Ішкі жан дүниесінің байлығы ажарынан айқын танылып тұрады. Әр оқушыға өз баласындай қарайтын осынау ұстаз мыңдаған шәкірттің өз анасындай.

РФММ-нің негізгі бағыты, әрине, математика саласы. Мен осы мектепте оқып жүрген кезімде, соңыра студент шағымда, сонан соң өзім де математиктер қауымының қатарында ұстаздық етіп жүргенімде қаншама майталман математиктермен қызметтес болдым, әріптес болдым, үзеңгілес жүрдім. Солардың ішінде РФММ- дағы математика пәнінен бізге сабақ берген, математиканың терең қатпарлы сырын ашқан аяулы ұстаздарым Фатима Алиева, Ғалия Қалдыбаева, Күләш Толымбекова мен сызу пәнінің мұғалімі Сәуле Жамишева апайларды және физика пәнінен сабақ берген Сабыр Оспанов ағайды ерекше құрмет тұтамын. Сабыр ағай «Сендер – сүттің қаймақтарысыңдар» деуші еді.

Бізді түлетіп ұшырған, саңлақ математиктер қатарына қосқан осынау алтын ұямыз – республикалық физика- математика мектебінің құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр. РФММ академик, математика марғасқасы Орынбек Жәутіковтей абзал азаматтың бастамасымен ашылған еді. Осы мектептен түлеп ұшқан соң бірқатарымыз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне түстік. Оны тәмамдаған соң, араға біраз уақыт салып, мен өзімнің алтын ұям РФММ-ға қайта оралдым. Бұл жолы математика пәнінің мұғалімі болып келдім. 1998-1999 оқу жылынан бастап күні бүгінге дейін математика пәнінен сабақ беріп келемін. Мен алғаш мұғалім болып келген кезімде мектеп директорымыз, осы мектептің түлегі Әбдімәжит Өтеш еді. Ол өзі азаматтың ажарлысы, инабатты, сабырлы, білімді һәм білікті математик болатын.

Мен өзім мұғалім бола  тұра Әбдімәжиттей үлкен жүректі ұстаздан кәсіптік үлгі, өмірлік өнеге алдым. Ол маған «Ең бірінші жұмысқа кешікпе! Екінші, сабақ жоспарын ерінбестен, жалықпастан күндегісін күнде жазып отыр! Сосын, сабақ сайын журналды толтырып жүр!» деген. Мен ол кісінің осы ақылын күні бүгінге дейін қалт еткізбей орындап келемін. Өйткені бұл кеңес мен үшін математикалық ереже болып қалды. Ұстаздан алған осы тәлімімді бүгінде ізбасарларыма айтып келемін.

Қазіргі таңдағы мектебіміздің директоры – РФММ-нің 1995 жылғы түлегі, математик, PHD докторы Алмас Күнғожин. Оқушы кезінен дара танылған, жас талант, математикадан халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Алмас Мұхамбетұлы мектебіміздің оқу, ғылыми, техникалық базасы мен оқу ісін заманауи талаптарға сай ұйымдастырып, көзі ашық, көкірегі ояу талантты жас мұғалімдермен бірге көтеруде. Мұғалімдер мен оқушылардың алдында өзінің осындай білімімен, біліктілігімен, талай математикалық додаларда дарабоз танылған қасиетімен қатар, нағыз ұстазға сай ұстамдылығымен кез келген жасөспірімдер мен жас мұғалімдерге үлгі.

Математика кафедрасының меңгерушісі – мектебіміздің 1987 жылғы түлегі Анар Нағашбекова. Дарынды ұстаз, білікті жетекшінің көптеген еңбектерінің арасындағы ерекше атап өтетін жайт, математика апталығын ұйымдастырудағы қабілеті айрықша. РФММ-дағы ұзын-саны 40-қа тарта математика пәні мұғалімдерінің мектепішілік және мектептен тыс іс- шараларын, оларға белсенді түрде атсалысуын өте жоғары деңгейде атқарады. Анар Тұрсынбекқызының кафедра мұғалімдерін ұйыта білуінің, істі жоғары деңгейде ұйымдастыра білуінің бір кілті – оның адамдармен тілтабысқыш, инабаты, ибалылығында.

Осылайша РФММ 50 жылдың бедерінде талай бел-белестен өтті. Бүгінде Отанымыздың ордалы орта оқу орындарының маңдайалды мектебіне айналды. РФММ-нің ізіне ілесе еліміз бойынша физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын сан түрлі мектептер ашылды. Бірақ солардың ең алдында іргетасы осыдан 50 жыл бұрын қаланған РФММ-нің орны бөлек. Осынау мәртебелі мектепте мұғалім болғалы 25 жылдың ішінде талантты шәкірттерге, дарынды жас математиктерге тәрбие беріп үлес қосып келе жатқаныма қуанамын. Осы жылдар аралығында алдымнан 500-ден астам шәкірт түлеп ұшты. Солардың қатарында Кеңес Бекетаев, Медеубек Күнғожин, Серік Бекетаев, Төлеби Сайлауов, Нұрбек Күнғожин, Сәкен Душаев, Дархан Мұқашев, Қабланбек Абдырахманов және тағы басқалар бар. Шәкірттерімнің арасында 60-тан астам «Алтын белгі» иегері болды. Ал үздік аттестатпен бітіргендер қатары жүздеп саналады.

Олардың барлығы дерлік өз еліміздің және әлемнің іргелі университеттерінің озат студенттері болып, РФММ ұстаздарының беделін көтерді. Шәкірттерімнің алды бүгінде өз еліміздің мақтаулы мекемелерінде, құзырлы орындарында, сондай-ақ алдыңғы қатарлы шет мемлекеттердің бір қатарында абыроймен еңбек етіп, озық елдердің технологиясын өз тәжірибелерімен ұштастырып, Қазақстанға қайта оралып, еліміздің білімі мен ғылымын, экономикасын және индустриясын өркендетуге атсалысуда.

Арнайы, тереңдетіп оқытылатын физика-математика мектептеріндегі математика пәнін оқыту бойынша РФММ-дағы ширек ғасырлық еңбек жолымда біршама дерлік тәжірибе жинақтадым. Осыған орай, жалпы білім беретін мектептің математика пәнін тереңдетіп оқытатын 9-сыныбына арналған қазақ тілінде «Алгебра 9» оқу құралын жазып шықтым. Бүгінгі таңда еліміздегі физика-математика мектептерінде осынау әдістемелік оқу құралы 2020 жылдан бастап кеңінен қолданысқа енді. Бұл жинақ бағдарламаларға енетін материалдармен қатар, математиканы тереңдетіп оқытатын мектептердің оқу бағытына негізделіп жазылған.

2006 жылы орысша шыққан «Көрсеткіштік және логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктер» атты оқу құралын қосалқы авторлық негізде 2021 жылы қайта өңделіп жарық көрді. Күні кешеге дейін шығып тұрған республикалық «Репетитор көмекші» және ғылыми-әдістемелік «Fizmat review» журналдарында, сонымен қатар мұғалімдерге арналған электронды басылымдарда қазақ және орыс тілдеріндегі ұзын-саны 50-ге тарта мақалалар жарияладым. Халықаралық тәжірибе негізінде мектеп оқулықтары мен оқу әдістемелік кешендерді сараптау қызметіне белсене араласып келемін.

Міне, елу жылдық тарихы бар РФММ-да осылайша математикалық- педагогикалық-әдістемелік зерттеулер мен оқыту-сараптама ісі ғылыми негізде жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Өзім осы мектептің түлегі ретінде математиканың өркендеуіне қал- қадерімше үлес қосып келе жатқаныма қуанамын.

 

 Сәуле ШЫНАСЫЛОВА,

«Республикалық физика- математика мектебі» математика пәнінің мұғалімі,

ҚР Үздік педагогі,

ҚР Құрметті қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support