- Advertisement -

Қаңғыбас иттен қауіп көп

224

- Advertisement -

Ветеринария саласында бүгінде күрмеуін күткен мəселе көп. Бұл тақырып кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде талқыланды.

Облыста ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айында эпизоотия және энзоотияға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар өз деңгейінде орындалған. Алдағы айда сальмонеллез ауруына қарсы профилактикалық іс-шара жүргізу жоспарланып отыр екен.

Баяндамашы мал ауруларының алдын алу, екпе егу, сарыпты жəне басқа да мал мен адамға ортақ ауруларды дер кезінде анықтау, жою барысында атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталып өтті. Сонымен бірге баяндамашы облыс әкімінің орынбасары және Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасындағы келісімге сәйкес ветеринарларды ветеринариялық нысандармен қамтамасыз ету көрсеткіштерінің бекітілген түйінді нысаналы индикаторлары бойынша 4 меже белгіленгеніне тоқталды.

– Бекітілген индикаторлар бойынша аудандық ветеринариялық стансаларды қызметтік ғимаратпен қамту өз деңгейінде орындалмай отыр. Бүгінгі таңда Мойынқұм ауданында ғана бұл талап орындалып, қазіргі уақытта қызметтік ғимаратты теңгерімге алу жұмыстары басталып кетті.

Ал ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамту мақсатында биыл 32 ветпунктті беру көзделсе, бүгінгі таңда Байзақта –1, Таласта – 3 ветпункт ғимараттары беріліп отыр. Қалған 28 ветпункт түрлі себептермен кейінге шегерілуде, осының салдарынан индикатордағы меже орындалмайын деп тұр, – деді басқарма басшысы.

Қаңғыбас иттердің мəселесі жиынның басты тақырыбына айналды. Баяндамашының айтуынша, аудандарда қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орнының (питомник) жер телімдерін анықтап, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу, құрылысын жүргізу көзделген. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу іске асырылуда. Бұл жұмыстар Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында орындалған, ал Тараз қалалық ветстанция тарапынан уақытша питомник жалға алынып, жұмыс істеуде. Қалған аудандарда бұл жұмыс мүлде орындалмаған.

Басқарма басшысы сөз соңында мал мен ит-құстың өлексесін тастайтын биотермиялық «Беккер» шұңқырын салу қажеттігі туралы мәселе көтерді. Облыста мұндай 23 орын жасақталуы керек екен. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 1, Талас ауданында 2 шұңқырға қаржы бөлінген. Басқарма басшысы қалған «Беккер» шұңқырын салуға облыс бюджетінен қаржы бөлуін сұрады.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов аудан əкімдеріне бекітілген 4 нысаналы индикатордың орындалуына басымдық беруді міндеттеді. Ал ол индикаторлар орындалмайтын болса соған лайық жаза қолданылатынын ескертті. Ал басқарма басшысына «Қаңғыбас иттердің мəселесін қалай шешеміз?» деп сұрақты төтесінен қойды.

Басқарма басшысы ит ұстайтын арнайы орын қажеттігін айтты. Сонымен қатар ит ұстаушыларға арналған ереженің қабылданғанын, ит атуға рұқсат берілгенін жеткізді. Енді көшеде ауызтұмылдырықсыз, қарғыбаусыз жүрген иттер қаңғыбас ит болып есептеледі. Итін қараусыз қоя бергендерге де айыппұл қаралыпты. Жұмысына немқұрайлы қараған мамандар жұмысынан босатылыпты. Ал аудан басшыларына талапқа сай уақытша ит ұстау орнын салғанға дейін елді мекен маңында бос тұрған ғимараттарды жалға алып, уақытша ұстау орнын жасақтауға болатындығын ұсыныс ретінде айтты.

– Уақытша ұстау орнын салу үшін де барлығын облысқа әкеліп тіреп қоясыңдар. Оның шешімін аудан деңгейінде қарастыруға да болады. Ветеринарларға қойылатын талап жоғары. Өз жұмысына салғырт қарағаны үшін Тараз қаласының ветеринария бөлімінің басшысы ауыстырылды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жаңа оқу жылы басталғаннан бастап ит мәселесі әлеуметтік желіде де жиі көтеріле бастады. Иттен келер қауіп көп. Сондықтан ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіспіз. Ит талапқа сай ауланып, көзі жойылып, «Беккер» шұңқырына тасталуы керек. Ол үшін аталған шұңқырды жасауды, уақытша ұстау орнын жасақтау міндет. Біздің басты міндет елдің амандығын, қауіпсіздігін арттыру, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ аппарат кеңесінде облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық инспекциясы басшысының есебі де тыңдалды. Ол облыста ветеринария басқармасының осы уақытқа дейін атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне және тиісті басқарма басшыларына міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support