- Advertisement -

«AQ JOL» тек «Айналайынмен» есейтті

122

- Advertisement -

2006 жылдың қоңыр күзі. Алматыдағы оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып, жұмысқа орналасатын болып үйге келдім. Нақты бір дайын тұрған жұмыс та жоқ сонда. Тек әкемнің бірер редакциядан алдын ала сұрастырып, білгені болмаса. Сол редакцияның бірі – «Aq jol» газетінің бас редакторы, марқұм Мақұлбек Рысдәулет аға: «Келсін, көрсін, жазуын байқайық. Қазір штат жоқ, жазуы жақсы болып жатса, көрерміз» деген екен.

Бұған дейін, шыны керек, бұл басылымға жазылып, оқып та көрмеппін. Тек үйге келгенде ғана көрші үйден газетті алып, бір шолып шықтым. Шолып шықтым да шошыдым. «Мама, мен бұлай жаза алмаймын. Мұнда бәрі ресми ғой. Енді қайттім…» деп асығыстық жасап сырттай бөлімге ауысып келгеніме сол мезет өкініп те қалдым. Бірақ, енді бәрі кеш еді…

Сонымен не керек, бірер күн өткенде атынан ат үркетін «Аq jol» газеті редакциясының есігін имене аштым. Қабылдау бөлмесіндегі әпке редактордың әкімдікте жиналыста екенін, шамамен бір сағаттан соң келетінін айтты. Орталық алаңға шығып, орындықтардың біріне жайғастым. Межелі уақытты әрең дегенде өткізіп, қайтадан қабылдау бөлмесін бетке алдым. Бас редактор өзінде екен.

Есікті ашқаным сол, төрде алып денелі, қабағы қату, мұртты кісі қағазға үңіліп отыр екен, жүрегім зу ете қалды. Есікті қаққанымды естімеді ме екен, «қайдан ғана келе қалдым» деп, не кірерімді, не шығарымды білмегендей күйде тұр едім, «кіре ғой, айналайын, кел» деді редактор. Денесі қандай ірі болса, жүрегі соншалықты кең көрініп кетті сол мезет. Даусы да жағымды, мейірлене сөйлейтіндей ме… «Айналайынды» естіп, сол сәт көңілім демде жайланып, өзімді еркін сезіне бастадым. Ал ертеңінен бастап редакциядан тағылымдамадан (стажировка) өтуге келдім.

Байқасам, бұл газеттегі ағалардың барлығы да бір-біріне ұқсайтындай. Тіпті көпке дейін ағаларды ажырата алмай, бір сәлемдескен ағаға күніне бірнеше рет сәлемдесіп жүрдім. Олар да соны сезді ме, мен сәлемдескен сайын жымия қарайтын. Жымиғандарына қарап, «бұл кісіге сәлемдескен екенмін ғой» деп топшылайтынмын. Ажырата алмаған себебім, ағалардың біразы бипаздап шаш өсіретін. Сапарғали Әлібай аға мен Лесбек Сайлаубеков ағаныкі тіпті иықтарына дейін өсіп, баппен таралып, сыртқа қарай қайырылып тұратын. Баймахан ағаныкі бұйраланып, көтеріліп өсетін. Маханбетәлі Дүйсебаев ағамыз да шаш қоятын. Кейде тіпті, редакциямызға мақала алып келетін, бұрын осында жұмыс істеп кеткен журналист ағалардың да шаштары қысқа болмайтын. «Журналист дегендердің бәрі шаш қою керек пе, сонда?..» деп ойлайтынмын.

Бастапқыда ешбірі маған мән беріп, елемеді. Көбісі тәжірибеден өтіп жүрген студент деп қабылдаса керек. Тек бірер апта өткен соң лездемеде көлемді проблемалық мақалам мақталған соң ғана есімім атала бастады. Мен әсіресе бойы ұзын, жан-жағына байыппен қарап қойып, екі қолын артына айқастыра жүретін, көп сөйлемейтін, бірдеңе айтарда алдымен жөткірініп алып сөз бастайтын алпыстар шамасындағы редакторымыздың орынбасары Елен Әлімжан ағадан қатты именетінмін. Майда-шүйде шимайымды оқып, қол қойып жүргенімен, бір ауыз пікірін есту маған мұң болған еді. Әлгі проблемалық мақаладан соң кабинетіне шақырып алып, «Қай жердің қызысың, қарағым?» дегенінде төбем көкке жеткендей болды.

Кейіннен Елен аға менің ешкімім болмаса да, маған ең көп сенім артқан, ата-анамдай жанашырлық танытқан ұстазым болатынын ол кезде қайдан білейін. Ұстаз болғанда да қандай! Фариза (Әбдікерімова) екеумізді театрға қойылымға жіберіп, премьераларда қасына отырғызып қойып көргеніміз, әртістердің образды аша алғаны не алмағаны, декорациядағы әр элемент жайлы емтихан алатын, жастығымызға қарамай өзінің жазғандарымен ой бөлісіп, Б.Момышұлының шығармаларын аудартатын, бір кітапты оқуға беріп, оның түсінігін сұрап, талқылататын ұстаз ешкімде болмаған шығар, сірә, деп ойлаймын. Тіпті Фариза екеумізді магистратура оқуға үгіттеп, менің диссертациямның тақырыбы «Б.Момышұлы шығармаларындағы бала тәрбиесі» болады деп шешіп қоятын ұстаз ше, кімде бар екен?

Тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген мен отбасылық өмірдің диссертациясын қорғағалы жүргенімді айтуға әкеме де бұлай ұялып, қиналған жоқ шығармын сол кезде.
Бас редактордың тағы бір орынбасары Қуаныш Иембердиев ағаның өзі де, сөзі де, ісі де, жазуы да тап-тұйнақтай. Бізді де сондай болуға үйретті. Ол кісі де бізге ешқашан қатты дауыс көтеріп, артық сөз айтқан емес. Бірақ, мақаламызды берген соң телефонның арғы жағынан «келіп кетші» деген сөзді естігеннен дегбіріміз қашатын. «Қай жерін байқамай қалдым, қай саннан қате жіберіп қойдым» деп іштей қипақтап баратынбыз. «Мына саның күмәнді болып тұр, осыныңды бір тексеріп көрші» дейтін кейде. Көбіне расымен сол саннан қате жіберіп қойған болып шығамыз. Не деген қырағылық, білімділік десеңізші сонда. Кейбір даулы мәселелер бола қалған жағдайда да Қуаныш аға «Менің түсінгенім, ол былай болған» немесе «мәселе мұнда басқада секілді» деп түйінді мәселенің ақ-қарасын айырып беретін. Біз де ол кісінің біздікі дұрыс болса, кімнің алдында болса да қорғап шығатынына сенімді болатынбыз. Ол әкім болса да, басқарма басшыларының бірі болса да, жалпы кім болса да.

Сол кезде экономика бөлімінің меңгерушісі Ақылжан Мамыт ағаға ауыл шаруашылығы, экономика саласы бойынша ешкім тең келмейтін десе де болады. «Бұл өнім мақтауға тұрарлық емес. Қайдағы мол өнім? Мысалы, өткен жылы мына аудан бидайды гектарына мынанша центнерден алған, арғы жылы мұнша» деп тұрып бірер жылдық сандарды тізіп жібергенде, «оның бәрін қалай есте сақтап жүр?» деп қайран қалатынбыз. Облыстағы кез келген аудан, ауыл, кәсіпорын, өндіріс орындарындағы жетістіктер мен кемшіліктерді сандармен «сөйлеткенде», бұл саланың исі әлі мұрнымызға да бармағандай сезінетінбіз. Кейбір жаңадан келген журналистерге немесе тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге тіпті бір тоннада неше центнер бар екенін, текшеметр мен шаршыметрдің айырмасы неде екенін үйреткен кездері де болды.

Ол кезде терминал, банкомат, карточка дегендерді редакция жаңадан енгізіп жатты. Ағалар оны пайдалануды білмейтін. Елен аға мен Сапар ағаның жалақыларын біз алып беретінбіз. Жалақы түскен күні ағалар терминалға біздерді ілестіріп апаратын. Біз де жалғыз жүрмейміз ғой. Екеуден, үшеуден қосақтасып шығамыз. Сапар ағаның бірінші қызы – Фариза Әбдікерімова, екінші қызы – мен, үшінші қызы – Маржан Рақай (үшеуміздің редакцияға келгендегі реттік санымыз солай болатын) барамыз көбіне. Жалақы алған соң ағалар міндетті түрде дүкенге соғып, «Ал қалағандарыңды алыңдар. Не жейсіңдер?» деуші еді, жарықтықтар. Біз де бір-бір балмұздақты алып, мәз боп, сампылдап қайтатынбыз. Былай қарасаңыз, білдей бір облыстың бас басылымының қызметкерлеріміз. Бірақ ол кісілердің қасында балаша мәз болушы едік. Сапар аға саясат бөлімінің меңгерушісі болғандықтан, сол бағытта көп үйретті. Апта сайын жастарды жинап, саяси сауатымызды арттыруға тырысатын. Әр мекемеге қалай қоңырау шалудан бастап, ақпаратты алудың тәсілдеріне дейін құлағымызға құятын. Ол кезде әріптестермен мерекелік кештер де қызықты өтетін. Біз, жастар болып концерт ұйымдастырып, ән айтып, қойылымдар қойып, ағаларымызды сомдап, әрқайсысының жүріс-тұрысын, кей қылықтарын көрсетіп, күлкіге қарық қылатынбыз. Сонда ешбірі қабақ шытпайтын. Сапар ағамыз «қане, менің бірінші қызым қайда, екінші қызым ше, үшінші қызым, бері келші» деп риза болып, «қане, маңдайды әкеліңдер» деп, маңдайдан сүйіп шығатын. Біз де кекілімізді қайырып, тізіліп тұра қалатынбыз. Бір кеште кейде бір емес, бірнеше рет солай кекілімізді жоғары көтеріп тұра қалушы едік.

Жалпы, бізге, сол кездегі «Аq jol»- дың жастарына аға буынның бәрі өте қамқор, мейірімді болды. Бар жан- тәндерімен мақала жазудың қыр-сырын үйретті. Сол кездегі бас редакторымыз, марқұм Мақұлбек Рысдәулет аға, бас редактордың орынбасарлары Елен Әлімжан аға, Қуаныш Сабырұлы аға, марқұм Сапар аға, марқұм Лесбек аға, Ақылжан Мамыт аға, Баймаханбет ағаның әрқайсысы бір мектептің емес, бір университеттің ілімін үйретті бізге. Үйреткенде де, ұстаз ретінде ғана емес, жанашыр жақындарындай соншалықты қамқорлықпен қарады.

Бұл ағаларымызға өміріміздің соңына дейін алғыс айтып өтсек те артық емес. Себебі, мұндай жанашыр жандар, әріптестер қазір жоқтың қасы деп нық сеніммен айта аламын! Лесбек Сайлаубеков ағаның сенімді «серігі» – сауаттылық болатын. Кезекші болған күні газетті қаншалықты мұқият қарап оқысақ та, ол кісі жай бір шолып өткеннің өзінде лезде-ақ бірнеше қате табатын. «Қалай ғана соны көрмей қалдым» деп қалатынбыз. Өз бөліміндегі тілшісін ол кісі де қандай жағдай болмасын, қорғап қалатын. Кез келген мерекелік кеште Лесбек ағаның сөзіне жазылған «МузАРТ» тобының репертуарындағы белгілі «Жалын кешкен» әні міндетті түрде шырқалатын. Терімші, корректор әпкелердің өздері қандай еді! Олардың жүріс-тұрысына, отырыстарына қарап, солар секілді бойымызды тік ұстауға, тап-тұйнақтай боп жүріп-тұруға талпынатынбыз. Райхан, Сейдімкүл әпкелер сұлулықтың, әдемілік пен әдептіліктің ғана емес, сабырлылықтың, тазалықтың символдарындай көрінетін де тұратын. Түрлі қызықтар да көп болатын. Аңғалдығымыз, балалығымыз бен шалалығымыз да болды. Сондай бір есте қалған қызықты сәтті баяндайын.

9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңы. Газетке түрлі ұлт өкілдерінің құттықтауларын беруіміз қажет болып, ол тапсырма маған жүктелді. Содан түрік ұлттық-мәдени бірлестігінің жетекшісіне (ол кезде солай аталатын) қоңырау шалып, оның пікірін алдым. Одан соң неміс ұлттық мәдени орталық жетекшісіне хабарластым да, әдеттегі сұрағымды қойдым: – 9 мамыр – Жеңіс күнін қалай тойлағалы жатырсыздар? Қандай іс-шара өткізесіздер? Облыс халқын осы мерекемен құттықтасаңыз, – демеймін бе. Тұтқаның арғы жағынан үнсіздік. «Естілмей тұр ма» деп: – Алло, – десем, – иә, – деп қояды. Сұрағымды қайталаймын. Әлгі кісі (есімі есімде қалмапты) жөткірініп алды да: – Не деймін енді, біз де ел қатарлы тойлаймыз… – деді күмілжіп. Сол кезде ғана менің басқа емес, өзіміз жеңген, өзімізден жеңіліс тапқан неміс ұлтының өкіліне хабарласып тұрғаным ойыма сарт ете қалып, бетім ду ете қалды. «Ой, кешіріңіз, кешіріңізді» қайталап, телефон тұтқасын қойып, әбден күлгенім бар.

Енді бірде жұмыс телефонымен бас редакторымызға қоңырау шалып: «Маған № 53 мектептің телефон нөмірін беріңізші» дегенмін ғой. «Мен білмеймін» деді арғы жақтан. Өзім бас редакторға түскенімнен хабарсызбын. «Қалай білмейсіз, анықтама бөлімі емессіз бе, тауып беріңізші нөмірін» деймін ғой. «Ой, мен қайдан білейін, айналайын-ау» деді сосын. Сонда ғана «айналайын-ау» деген сөзінен таныдым. Мен «9» нөмірін термей, бір саннан қателесіп, анықтама бөліміне емес, редакторымызға хабарласқан екенмін. Жалма-жан телефонды қоя салдым. Кейін біраз уақыт «No53 мектептің нөмірін тауып беріңіз» деп менің жанымды алды» деп қалжыңдап жүрді Мақұлбек ағамыз. Міне, біз осындай жайсаң ағалардың, әпкелердің «айналайын» деген бір ауыз жылы сөздерімен есейіп, тәжірибе жинақтап, еңбекке араласқан едік.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support