- Advertisement -

Елім деген есіл ер

360

- Advertisement -

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстық «Еңбек туы» (әлі «Ақ жол» атала қоймаған) газетінің тұрақты авторлары қатарында жиырма алты жыл республиканың іргелі өңірлері – Жамбыл, Алматы, Шымкент (қазіргі Түркістан) облыстарын басқарып, өңіріне Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы тағылған қайраткер тұлға Асанбай Асқаровпен қызметтес болған, көзін көргендер аз емес-ті.

Жазған мақала, естеліктерін әкеліп тұратын сол ағалармен аз ғана әңгімелесудің бізге, редакция қызметкерлеріне берер тағылымы аз болмайтын, облыс тарихына, атақты адамдарына қатысты көп жайға қанығып қалатынбыз. Солардың бірі, бүгінде арамызда жоқ, соғыс және еңбек ардагері, ұзақ жылдар партия-шаруашылық басшы қызметтер атқарған, іргелі аудандарды да басқарған дербес зейнеткер, Тараз қаласының Құрметті азаматы Өтеулі Досыбиев естеліктерін тек маған әкелуші еді. Жазғандарым ұнайтынын айтып, әрі «мен газеттеріңмен түйдей құрдаспын, 1922 жылғымын» дейтін. Басылымымыз ғана емес, Асанбай Асқаровпен де құрдас, жақсы дос болып шықты. Екеуінің таныстығы 1946 жылдан басталған. Осы жылы соғыстан жеңіспен оралған Өтеулі Досыбиев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі болып орналасқан.

Туған өлкеміздің арғы-бергі тарихына жетік Өтеулі Досыбиев облыстың 65 жылдығы аталып өткен 2004 жылы естелік мақала жазып, оны өзім дайындап, «Ақ жолдың» 5 қазандағы санында «Өткен күндер іздері» деген атпен жарияланды. Онда облысты басқарған бірінші басшылар туралы айта келіп, Асанбай Асқаровтың облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген 1959-1965 жылдар аралығында туған өлкесіне сіңірген еңбегіне де кеңінен тоқталған еді.

Бүгінгі түрленген Тараз, ол кезгі Жамбыл қаласына қатысты айтқандарынан үзінді келтірелік: «…Сол бір кездерде Жамбыл өндіріс орындары мен мәдени ошақтары аз, шағын қала болатын. Білікті басшы Асқаровтың күнделікті қамқорлығы нәтижесінде Жамбыл қаласының экономикасы мен мәдениеті қарқынды түрде дами бастады. Қалада үш бірдей оқу орны ашылып, олардың оқу базасы салынды. Ал ол тұста үшеу тұрмақ бір жоғары оқу орнын ашудың өзі үлкен күш еді. Сондай- ақ қазақ драма театрының, «Химия өнеркәсібі» акционерлік қоғамының мәдениет сарайының, педагогикалық училищесінің (қазіргі теледидар үйі) ғимараттары бой көтеріп, қаланың ажарын аша түсті.

Қалада тұңғыш рет бірнеше кәсіптік техникалық училищелер ашылып, олардың оқу корпустары, тұрмысқа жайлы жатақханалары салынды.Қаланың оңтүстік-батысында алғашқы шағын аудандар бой көтерді. Ол уақытта қала орталығы қазіргі Пушкин және Абай көшелерінің бойында орналасқан еді. Асекеңнің бастамасымен облыстағы жетекші мекемелер ғимараттарын «Атшабар» маңына орналастырудың жобасы жасалынып, жүзеге асырылды. Сөйтіп, айналасын қиқы-жиқы салынған аласа балшық үйлер қоршаған «Мучной базардың» орнына екі үш жылдың ішінде Ленин атындағы (қазіргі «Достық» ) алаңы, оны қоршаған қалалық әкімшілік, баспасөз және радио үйі, тағы басқа да қазіргі ғимараттар салынып пайдалануға берілді. Алаңға жалғасып жатқан «Жамбыл» мейманханасының құрылысы да сол жылдары жүргізілген болатын. Қала көшелері көкке оранды.

Қазіргі Төле би көшесіндегі сан жүздеген көк теректер Асқаровтың тікелей араласуымен отырғызылған еді. Сол тұстағы қалалық атқару комитетінің төрағасы Ә.Комратов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы В.А.Ливенцовқа осы ағаштардың көшеттерін қайдан әкелу жөнінде Асекеңнің нұсқау бергенін өз құлағыммен естіген болатынмын. Бұл айтылған жайлар Асекеңнің халқына сіңірген еңбегінің бір саласы ғана…»

Өтеулі Досыбиев қана емес, басқа да бірқатар ардагерлердің газеттерде жарияланған, шығарған кітаптарына енген естеліктерінде Асқаровтың Жамбыл, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бірінші басшысы болып тұрған уақытта халықпен етене жақын болып, олардың мұң-мұқтаждарына мүмкіндігінше көмектескені, елді мекендерді көркейтуге, мектеп, балабақша, аурухана, дәрігерлік пункттер, монша, тұрғын үйлер, клуб, кітапханалар санын мейлінше көбейтуге ерекше мән беріп, қамқорлығын аямаған басшы болғаны туралы жазылды.

Ұйымдастырушылық талантымен жарқырай көрініп, туған облысының экономикасы мен басқа да салаларында жеткізіліп, әйгілі «Бутырка» түрмесіне жатқызылған еді. Екі жарым жылға созылған тергеу, азаптаудан кейін Қазақстанда соттауға батпаған, қолдаушылары тағы бір Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырып жібереді деп қорыққан Мәскеудің пәрменімен Асанбай Асқаров 1989 жылдың күзінде Қырғызстанның астанасы Бішкекке әкелінді. Бұл жайлы хабарланған облыс ардагерлері өз өкілдерінің сотқа қатысуға Бішкекке баруын ұйымдастырды. Алайда сот қазан айында басталғанымен де, 5-6 күн өткен соң, үзіліс жарияланды. Асықпайтындары белгілі болды. Мұнда да бір құйтырқылық жатқанын аңдаған ел Асқаровтың сотында жариялылық болуын талап етті. Сол тұста облыстық газеттің беделін де, таралымын да арттырған, шыншыл жарияланымдарды көп беріп отырған бас редактор Арғынбай Бекбосын ағамызға күн құрғатпай келіп жүрген ардагерлер өтініштері де осындай еді.

Бұл туралы Ар-ағаң өзінің «Ардың жолы» эссесінде жазды да: «… Процессуалдық заңдылықтың ешқандай нормалары сақталмай жатқан осының өзі сот па әуелі?… Арамдық пен Жауыздық дейтін авторлардың «Тергеу», «Сот» дейтін екі бөлімнен тұратын зұлымдық спектаклі емес пе екен?.. Ал кез келген зұлымдық қараңғыны қалайды. Олай болса, Жалғанның жарығын түсіру керек! Жариялылық керек! Елдің де тілегі сол!..

Газеттің бөлім меңгерушісі, ақын- журналист Жақсылық Сәтібеков екеуміз ақылдаса келіп, басқа да «Оңтүстік Қазақстанның» редакторы Әбекеңе, Әмірсейіт Әлиевке телефон соқтым. Айтқан ұсынысым: Бішкектегі сұмдықты ел түгел білсін, мақаланы сіздер де бассаңыздар… Ұсыныс қабылданды. «Асқаровтың соты» арада екі күн өткен соң «Оңтүстік Қазақстанда», оншақты күннен кейін «Социалистік Қазақстанда» жарияланды. Күллі Қазақстан көтерілгендей боп көрінді маған. Редакцияға хат жауып кетті. Іркілгеніміз жоқ жариялап жаттық. Үнсіздіктің сеңі бұзылды. Асқаровты қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттер құрылды.Жамбылдың өзінде Арыстан Өтеулин, Жапар Түйебеков, Айтбай Назарбеков, Өтеулі Досыбиев, Әбдіқадыр Жүргенов, Жылқыбай Аралбаев, Көкіш Рыспаев, Рахым Емқұлов, Кәдіржан Қарасартов секілді ағалар мен Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова сынды апалар, аудандардан Оразалы Ақботаев, Жапар Дидарбеков, Дүйсен Асанбаев, Қайсарбай Ыдырысов, Әбдез Айнақұлов, Бейсен Сабаев секілді көп, көп кісілер әділетті үн көтерді…». (А.Бекбосын.«Тағдыр етсе Алла…» Хикаяттар, эсселер. Алматы, «Алаш» баспасы, 2017 жыл, 295-296 беттер).

Ар-ағаң айтқан, Жамбыл облысында құрылған Асқаровты қорғау жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы болып, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған, дербес зейнеткер, Тараз қаласының Құрметті азаматы Арыстан Өтеулин сайланды. Комитет мүшелері он жеті айға созылған сот процесіне шығарылған үкімнің дұрыс еместігін дәлелдеп, Қырғызстан Жоғарғы Сотының Төралқасының шешімімен толық ақталып шықты.

Ұзақтығымен тарихта қалған соттың қалай өткені 1992 жылы Алматы «Жалын» баспасы, «Қаламгер» кіші кәсіпорны шығарған Жақсылық Сәтібековтің «Асқаровтың соты» кітабында жазылған. Кітапты оқыған кімде-кім болсын Горбачев, Колбиндердің айтқаны келіп тұрған кезде өткен Асанбай Асқаровтың Бішкектегі сот процесінің материалдарын «Ақ жол» газетінің Қазақстанда бірінші болып жариялағанына, өзге басылымдардың көшіріп басқанына, осының арқасында оны қорғау, түрмеден босату бүкілхалықтық қозғалысқа айналғанына көз жеткізеді.

Ал Асанбай Асқаровтың өзінің «Ақ жол» газетіне арнаған алғысын осы мақаланың бас жағында келтірдік.

Туған өлкесінің тізгінін отыз жеті жасында қолына алған Асанбай Асқаровтың алғашқы қадамынан-ақ облыстың жетекші саласы – аграрлық секторды интенсивтік ( қаржы-қаражат күшімен) дамытуға ұмтылғанын «Еңбек туының» уақыт сарғайтқан беттеріндегі жарияланымдар сайрап айтып тұр. Әр нөмір сайын механикаландыру, электрлендіру, өндірісте жетістіктерге жетуге көмектесетін жаңалықтарға өріс ашу қолға алынып жатқанын баяндаған мақала, хабарлар, фотосуреттер ұшырасады. Қызметіне кіріскеніне аз ғана уақыт өте келе, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін арттыру мәселесі талқыланған облыстық семинар ұйымдастырылған. Оған арналған айқарма бетте Асанбай Асқаровтың «Өрлеу жолында» деген көлемді мақаласы берілген.

Мәдени сала да ұмытылмаған. Облыс интеллигенттерінің съезі өтіп, онда Асанбай Асқаров баяндама жасап, міндеттерді жан-жақты түсіндірген.

Сол тұста Асанбай Асқаровтың қамқорлығымен үздік жетістіктерге жеткен шаруашылықтар баршылық еді. Солардың бірі – өзім туып-өскен Байзақ ауданындағы туына қосты.Шаруашылық өндірісінің барлық саласында жетістіктерге қол жетіп, табыс артқандығының арқасында орталығы Буденовка (қазірде Түймекент) ауылының бейнесі өзгерді, тәжірибелік елді мекеннің (поселке) жобасы жасалынып, қолға алынып жаңа құрылыстар қарқынды жүргізілді.

Осы жоба бойынша мәдениет үйі, қала үлгісіндегі тұрғын үйлер, басқа да нысандар салынды. Ұжымшар төрағасы, экономика ғылымының кандидаты Александр Львович Нахмановичке 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Шаруашылықта 75 адам КСРО орден, медальдарымен марапатталды.

Елге жайлы басшы болған, ауылдағылар құрметтеп «Ноқаң» деп атап кеткен Александр Львович Нахманович 1992 жылы Асанбай Асқаровты шаруашылық еңбеккерлері атынан ұжымшарға қонаққа шақырды. Түймекентауылының мәдениетүйінде халықпен кездесуін ұйымдастырып, ұлттық дәстүрімізге сай сый-сипат көрсетті. Аудан тарихында қалған бұл жарқын оқиға әлі күнге айтылып келеді.

Әулиеата халқы қапастан босанғаннан кейін үлкен қоғамдық жұмыстармен айналысып, М.Х.Дулати қорының президенті болған, кітаптар жазған, өзін жазушы, ақын, ғалым ретінде танытқан Асанбай Асқаровқа 1997 жылы үлкен құрмет, қошемет көрсетті. Осы жылы қыркүйек айында оның 75 жасқа толу тойы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Амалбек Тшанов пен Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиевтің ұйымдастыруымен осы шаһарда, балалар лагері орналасқан кең алаңда өтті.

Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарынан қыруар қонақ келіп қатысқан той тартымды, қызықты өткені жайлы көп жазылды. Қаратай Тұрысов, Арғынбай Бекбосын, ақындар Мұхтар Шаханов, Рафаэль Ниязбековтердің тілек-лебіздері мен арнау жырлары ерекше болғаны әлі күнге айтылуымен келеді. Ал «Ақ жол» газетінің той иесіне тартуы ерекше болды. 20 қыркүйектегі санында «Ұлтжанды екендігіңді ісіңмен айғақта» деген тақырыппен Асанбай Асқаров пен Шерхан Мұртазаның сұхбатын берді. Сұхбатты Алматыда таспаға түсіріп, жазба нұсқасын «Ақ жолға» ұсынған жазушы, Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы Мұса Рахманбердиев еді. 1998 жылы өкінішті жағдайда қайғылы қазаға ұшыраған талантты қаламгер Жамбыл ауданы Шөлдала ауылының тумасы, облыстық басылым «Еңбек туы» кезінде қызмет істеген.

Сол тойдан бері де отыз бес жыл өте шығыпты. Асанбай Асқаров 2001 жылдың 13 тамызында өмірден озды. Содан бері де халық перзентіне құрмет ортайған емес. 2017 жылы туғанына 95 жыл толуы кіші Отаны – Меркі ауданында айтулы шара болып аталып өтті, ескерткіші ашылды. Күні ертең туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осылайша биылғы қыркүйек өлке шежірешісі «Ақ жол» газеті мен оның құрдасы, тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған дара тұлға Асанбай Асқаровтың ғасырлық тойы өткен ай ретінде облыс шежіресіне жазылғалы отыр.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

ардагер журналист,

Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support