- Advertisement -

Салтты сақтап, дәстүрді дәріптеген жөн

10

- Advertisement -

«Отан – отбасынан басталады». Бұл бұрынғылардан қалған сөз. Расында, мемлекеттің бақуаттылығы ондағы әрбір шаңырақтағы бақыттан құралады. Мемлекеттің мызғымас бірлігі мен берекесіне кері әсерін тигізетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға тоқтам болар заң күшейтіліп, жақында ғана Президент қол қойды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы жылдың 16 наурызындағы және өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында да назар аудартқан болатын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбінде зардабын тартатын жаратылысы әлсіз әйелдер мен балалар болғандықтан, олардың қорғалуына қатысты Президент Жолдауларында тапсырма берген де болатын. Ал, кешегі Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген», деп кейбір кереғар түсініктерді атап көрсетті.

Ел ішінде дәстүрлі отбасы құндылықтарын арттыру үшін неге назар аударған жөн? Қазақ халқының ежелден қалыптасқан тұрмыстық салты бойынша балаларының өз шаңырағын құрып, отау тіксе де қарашаңырақтан алыстамаған ауызбірлігін ұстанған үрдісті үзбесек, ұтар едік. Бұрын киіз үйде қоныстанған аталарымыз әр баласын үйлендіргенде, үлкен үйдің жанынан жас отау тігіп, бір әулеттің балалары бір ауылды мекендеген. Кейін отырықшылыққа көшкенде де бір үйде бірнеше келін ата-енесімен бірге тұрып, жарасымды тұрмыстық өмірдің үлгісін көрсететін. Бірге тұрғандықтың әсерімен жас жұбайлар арасында да дау-жанжалға жол берілмейтін. Ата-енені сыйлайтын жастар өз араларындағы кірбіңді үлкендерге білдірмей, түсініспеген мәселелерін ушықтырмай шешетін. Ата-енемен бірге бірнеше келіндерді бір үйге сыйдырып отырған сол уақыттарда ажырасулар да жиі болмаушы еді. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде келін-баласымен бірге тұратын қазіргі қайын аталардың бірі Гауһарбек Шонтаевтан сыр тартып көрдік.

– Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ, ондайдың алдын алып отыратын үйде үлкендер болса, құба-құп. Мен қазір ұлым мен келінімнің арасындағы татулықтың жібін бекіте түсу үшін кейде өтірік те айтамын. Негізі өтірік айту күнә дейді ғой, дегенмен жақсылық үшін айтуға болады. Мысалы, балам жұмыстан келгенінде «Келін қайта-қайта сыртқа шығып, жол қарай береді. Кімді күткенін сұрасам, ұялып көзін төмен салып, жымияды. Сөйтсем, сені сағынып күтіп жүр екен ғой» деймін, дәл солай істемесе де. Кейде келінім әзірлеген тамағының тұзы басым болып қалса, балама «Сені қатты жақсы көреді екен, бәсе күнде жұмысқа кеткеніңде жолыңды қарап, күтіп жүреді» деймін. Сосын, екеуін бір-біріне мақтап отырамын. Шүкір, балаларымның арасында көп дау тумайды. Ал, қазір келінімнің қос енесі бар, менің анам мен жұбайым. Қайын атасымен қоса қос ененің көңілін тапқан келініме рақмет! Батыр Баукең айтқандай, басқа үйге барып, бөтен отбасының мүшесі болатын қыз балаларды нағыз батыр деуге болады. Расында солай ғой, өз отбасында басқа тәрбиемен өсіп, жат жұртқа сіңісу, әрине оңай емес. Сондықтан, жаңадан босаға аттаған қыз балаға ізетпен қарап, білместіктерін балалығы деп, түсіністік танытса, ешқандай жайсыз жағдай туындамайды, – дейді Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылының тұрғыны Гауһарбек Шонтаев.

Дәстүрлі отбасы құндылығы деген, сірә осы болса керек…

Қыз баланы жатжұрттық деп білгендіктен де қазақтың салтында нәзікжандыны сыйлау бөлекше орын алады. Мысалы, қыз баланың шашына шашбау тағып, оның сылдырынан келе жатқанын біліп, басқалар бойын жинақы ұстап, сөзін түзеген. «Қыз отырған жерге құт қонады» деген наныммен төрге оздырған. Қызға қол көтермей, кем-кетігін әке қабақпен, ана сөзбен жеткізген. Ұлынан да бұрын қызына таршылық көрсетпеуді ұстанып, оның жан-жақты қамтылып, салауатты болып өсуіне бар жағдайды жасаған. Болашақта өз жұртын тауып, босаға аттағанда «Көргенді әулеттен өнеге алып өсіпті» деген атқа ие болсын деп, адами қасиеттердің ең асылын үйретіп өсірген. Көргенділік ұғымының астарында әдептілік, іскерлік, өз құқын қорғай алатын білімділік барын қазақ ертеден-ақ ескеріпті. Осыншалықты қыз балаға деген құрмет көрсетудің тереңінде келешек ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелейтін анаға деген жауапкершілік жатқаны бесенеден белгілі. Бұл салт сақталса, тұрмыстық зорлық-зомбылық та орын алмай, әйел мен бала құқығы да тапталмас еді.

Облысымызда отбасын қолдау бағытында жұмыс істейтін «Анаға тағзым» орталығы да ертедегілерден қалған озық дәстүрлерді жаңғыртып, жас ұрпақ бойына ізеттілік нәрін сіңіруді ұстанады. Орталықтың отбасы құндылықтарын қолдау бөлімінің басшысы Жанат Айтжанованың айтуынша, отбасы институтын қолдау мақсатында рухани-адамгершілік тәрбие беру, әлеуметтік дағдыларды дамыту және психологиялық, құқықтық кеңестер беру бойынша 24 бағытта жұмыс істейді. Орталықта қыз-келіншектер, әйел-аналарға арналған 9 курс және балаларға арналған 10 үйірме бар. Сонымен қатар, 2 консультациялық кабинет заңгерлік, психологиялық бағытта, қыз-келіншектер, әйел-аналарға және зейнет жасындағы кісілерге арналған 3 клуб қызмет көрсетіп отыр.

– Отбасын қолдау орталығында негізінен әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында үлгілі отбасылардың мүшелерін жастармен бірге қатыстыра отырып, бірнеше жобаларды, байқауларды ұйымдастырамыз. Атап айтсам, «Достық дастарқаны», «Тифло – Асхана», Тифло – тігін», «Ана көрген», «Әжемнің ертегісі», «Бақыт кілті», «Ынтымақ», «Ақ отау» этнофестивалі қыз балаларға отанасы білуге тиіс қабілеттерді үйретіп, ата-әже, әке-ана, келін-бала, бауырлар арасындағы туыстық байланысты нығайтып, үйдегі татулықты берік ұстану насихатталады. Мысалы, осыған дейін біз өткізген «Пай-пай қазақтың келіндері-ай», «Киелі кимешек», «Үкілі кәмшат», «Анаға сәлем», «Анаммен бірге кітап оқимын», «Әйелмен әлем әдемі», «Ай мен Айша», «Food Fest – Тараз» байқаулары әркімнің өз отбасының бақыты үшін барын салуға шақырады. Орталық жұмысының негізгі қызметінің мақсаты – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, Қазақстанды дамыған демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытатын ең жақсы қазақстандық және еуропалық мәдени-өнегелі дәстүрлерде жас ұрпақты тәрбиелеуді жүзеге асыру. «Сырғалым» жеңге мен қайынсіңілі сырласу клубында этнопедагогика және этнопсихология дәрістері оқылып, отбасы институтын нығайту мақсатында кездесулер, психологиялық тренингтер ұдайы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ата-бабадан келе жатқан халықтың дәстүрлері «шілдехана», «қырқынан шығару», «қарын шашын алу», «аластау», «ақсарбас атау», «асату», «ат тұлдау», «аунату», «аяғына жығылу», «байғазы беру», «босаға майлау», «енші беру» сынды басқа да дәстүрлерді талдап, маңыздылығы туралы түсінік беріледі. Қыз балалардың тәрбиесіне қатысты «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» диалог алаңы, «Қыз еркем – мінезімен көркем» тақырыбындағы кездесу кеші, «Анаға қарап қыз өсер» қыздар жиыны, «Қыз қылығымен…» тақырыбында кездесу, «Шаш өру – қазақ қызына тән» атты тәрбие сағаты секілді іс-шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, орталықта спортқа, өнерге баулу мақсатында да үйірмелер жұмыс істейді. «Анаға тағзым» орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасы» өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, ынтымақтастық аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы қабылданып, облыстағы әр балабақшаға бір анадан бекітілген болатын. Аталған жоба аясында «Аналар алқасының» әжелері 42 балабақшаға барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып беріп, балаларды өнегелі әңгімемен сусындатып қайтты. Бұл жоба тек Тараз қаласында ғана емес, аудандарда да жарасымды жалғасуда, – дейді Жанат Дүкембайқызы.

Бала тәрбиесіне ата мен әженің тәлімін беру біртіндеп қолға алынып келеді. Көргені көп көнекөз қарияларды құрметтеп, олардың ақыл-кеңесін жас ұрпаққа мейлінше молынан беру отбасылардың ынтымағын нығайтуға септігін тигізері анық. Бәлкім, Президент айтқандай, дәстүрлі отбасы құндылықтарын осылай қалыптастырармыз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support