- Advertisement -

Қоғамдық кеңесте қордаланған мәселелер талқыланды 

44

- Advertisement -

Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құру бағытындағы тапсырмаларды үйлесімді іске асыру үшін қоғам кеселіне айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау шараларына мықтап кіріскеніміз дұрыс-ақ. Осы мақсатта облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуда азаматтық қоғам белсенділерінің әлеуетін кеңінен пайдалану сондай-ақ жемқорлықпен күрес жұмыстарында қоғамдық ортаның бастамаларын батыл қолдау жөнінде кеңейтілген отырыс өткізді.

Негізі облыстық Қоғамдық кеңес пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің арасында бекітілген келісім бар. Онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу жөнінде жұмыс тәртібі нақтыланған. Осы келісім шеңберінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға қоғамдық кеңестің мүшелері де үлес қосуда. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында алдымен кеңес төрағасы Марат Абдраймов өңірдегі түйіткілді мәселелерге тоқталып, шиеленіскен жайттарға қоғамдық кеңестің бейжай қарамайтынын еске салды.

– Қоғамдық кеңестің «Жамбыл кеңес» деген сайты ашылды. Енді қоғаммен кері байланыс мәселесін осы сайт арқылы жүйелеуге мықтап кірісеміз. Осы ретте өңірде талқыға түсіп жатқан қаңғыбас иттерді құрықтау турасындағы қайшылықтарға тоқталуды жөн көріп отырмын. Бүгінде облыста ит тістеу дерегі бойынша 1114 оқиға тіркеліпті. Осы жайттан кейін әлеуметтік желіде қоғамдық кеңестің жұмысына қатысты сын-пікірлер жиі айтылуда. Оны біз көріп, біліп отырмыз. Біз қаңғыбас иттерді құрықтау бойынша шаруаны бақылап, қате кемшіліктерін тиісті мекемелерге айтып, ескертіп отырмыз. Бірақ, ол иттерді бірден атып тастау мәселесі заңда көрсетілмеген. Енді осы мәселені халыққа түсіндіріп, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетуіміз керек. Біз қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарай алмаймыз. Осыдан шығатын түйін, мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржыны бизнеске айналдырмау керек, – деді қоғамдық кеңестің төрағасы. Бұдан соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Жұмақадірұлы баядама жасады.

– Өздеріңізге белгілі, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясатты жаңғыртуға негізделген реформаларды атап өтті. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық мәселесі назардан тыс қалмады. Президент сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі талдауды және оның азаматтарға әсер етуін төмендету жұмыстарын жаңа дейде қарауды тапсырды. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бесжылдық тұжырымдамасы бекітілді. Онда сыбайлас жемқорлық мәселесін алдын алудың жекелеген құралдарын жетілдіру межесі көзделен. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторингін объективті бағалау мақсатында арнайы мониторинг жүйесін құру көрсетілген. Ол үшін әрине жобалық басқарудың ақпараттық жүйесі платформасын әлеуетін қолдануға болады. Өйткені платформада әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың тиімділігіне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Осы жүйеде барлық деңгейдегі әкімдердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша рейтингтік бағасы көрсетіледі. Сол секілді агенттіктің бастамасымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы әзірленген, – деген Ербол Жұмақадірұлы бекітілген кестеге сәйкес облыс әкімдігінің басқармаларына ішкі талдау жүргізіп, оның қорытындысы қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге қарастырылып жатқанын айтты.

Ізінше, қоғамдық кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты заңда көрсетілген нормалар турасында сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Сонымен қатар кеңестің төрағасы Марат Абдраймов мемлекеттік басқару істеріне ЖОО студенттері барып, олар өндірістік практикада құжаттар дайындаумен айналысса деген ұсыныс айтты. «Оқу бітірген жас маманға жұмыс жайын ертерек саралауға мүмкіндік берілсе, осының өзі Жаңа Қазақстан құрудағы батыл қадам болмақ», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы.

Басқосуда бірқатар басқарманың басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижесі жөнінде есеп берді. Аңғарғанымыз, қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік сатып алу ережелеріне, соның ішінде бір көзден сатып алуды азайту жайына ерекше назар аударып отыр. Жиында басқармалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу жұмыстарымен қатар жастар басқармасындағы кадрлық мәселелер мен басқарманың бюджеті, жастардың жұмыссыздығы, жастар құқығын қорғау сынды мәселелер қаузалды.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support