- Advertisement -

Өңірдегі өрт сөндіру қызметінің әлеуеті қандай?

157

- Advertisement -

Әдетте біз қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүргенде төңірегіміздегі жайттарға аса назар аудара қоймаймыз. Әйтсе де күн сайын әлемнің түкпір-түкпірінде әлдекімнің оқыс оқиғаға тап болғанын, кейбір елді мекендердің табиғи апатпен алысып жатқанын көріп, демімізді бүгіп отырамыз. Осындай сәтте ең әуелі жалыны шарпыған өртті ауыздықтап, су тасқыны мен долы дауылға қарамай кез келген апатты жағдайға алып- ұшып жедел жететін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары еске түседі.

Несін жасырамыз, адамзаттың о баста табиғатты бағындырсам деген пиғылынан бәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Керісінше, әлемнің әр қиырынан табиғи апаттың салдарынан туындаған оқыс оқиғаларды жиі еститін болдық. Біздің өңірде де жиі болмаса да ара- тұра жел тұрып, тұрғындарды әбігерге салатыны бар. Бірақ былтыр Тараз қаласында жылдамдығы секундына 30 метрге жеткен желдің екпіні тұрғындарды біраз әбігерге салды. Желдің ұйытқуынан облыс орталығында ағаштар құлап, бағдаршамдар істен шыққан еді. Сондай-ақ кейбір көшелерде электр сымдары үзіліп, шатырлар ұшқан. Сонда ел-жұртқа сыртқа шықпауды ескертіп, табиғи апаттың салдарын реттеуге де төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды емес пе? Қош, төтенше жағдай қызметінің соның ішінде өрт сөндірушілердің көзсіз ерлігіне былтыр тамыздағы Байзақ оқиғасында куә болған едік. Сонда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер апат аймағындағы тұрғындарды эвакуациялауға, жалынды ауыздықтауға бірдей араласты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев Байзақ оқиғасында қаза тапқан оғландардың ерлігі мәңгілік ұмытылмайтынын айтады.

– Былтыр 26 тамызда болған Байзақ ауданындағы оқиға облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімше қызметкерлерінің жадынан өмір бойы өшпейді. Өйткені сол күні біз салада қалтқысыз еңбек етіп, қызметіне адал болған 10 батырымыздан айырылдық. Перзентін зарыға күткен отбасылар қара жамылды. Батыр ұлдар өздерінің қызметін ақтық демі қалғанша абыроймен орындап, жан тапсырды. Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановтан бастап, Александр Микропуло, Сергей Заикин, Тәңірберген Төребеков, Жәнібек Тұрманов, Ғафан Қуатбек, Елдос Сандыбаев, Арнұр Темірболатов, Әділет Әділбек, Әліби Кеңес сынды ержүрек ұлдардың әрқайсысы біздің жадымызда,– дейді Ермек Жамбылұлы.

Иә, Байзақ ауданындағы қайғылы оқиғадан кейін елдің назары өрт сөндірушілерге ауғаны рас. Әскери қоймадағы жарылыстың салдарынан зардапшеккенауылдарғакөмеккөрсетіліп, қираған нысандар қалпына келтірілген-ді. Осы орайда біз де облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне барып, өңірдегі өрт сөндіру қызметінің әлеуеті, саладағы мамандардың дайындығы туралы біліп қайтқан едік.

Біз елдің амандығы жолында от пен суға түсуден тайынбайтын мамандардың көзсіз ерлігі жайында жиі естиміз. Расында, өрт шыққан аумақтан қарапайым халық жапатармағай қашып жатса, қауіпке қарамай, кез келген жағдайға сақадай сай болып, тәуекелге бас байлаудан да қорықпайтын бейбіт күннің батырлары қандай құрметке де лайық. Өрт сөндіру қызметіне екінің бірі жүрексініп бара бермейтіні де содан. Осы салада еңбек етуге бел буған азаматтардың физикалық әлеуетімығым,жауынгерлікрухыжоғары, жедел шешім қабылдауда ширақ болуы қажет. Өйткені үш жыл сайын сала мамандарының біліктілігі тексеріліп, жан-жақты дайындығы пысықталады.

Әрине, тиісті тапсырмалардан сүрінбей өту үшін әрбір өрт сөндіруші бабында болуы қажет. Жас өрт сөндірушілерге қойылатын талап та осындай. Олар барлық нормативті мүдірмей тапсырған соң, алғашқы дайындықтан өтіп, жұмыстың қыр-сырымен жан-жақты танысады. Өрт сөндірушілердің қатарына 35 жасқа дейінгі азаматтар қосыла алады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаевтың айтуынша, сала мамандары кез келген оқыс оқиғаға сақадай сай, әрі физикалық дайындығы жағынан мығым болуы тиіс.

– Өрт сөндірушілер, құтқарушы, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігер мен психологтар күн сайын жұмысын мүлтіксіз орындауда. Құтқарушылар ауқымды операцияларда ғана емес, сонымен қатар құлыпталып қалған есікті ашуға, құбырда кептеліп қалған немесе биікке өрмелеген үй жануарларына да көмектесіп жатады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар алғашқы көмекке қажетті барлық құралдарды біледі, медициналық көмек көрсете алады, кез келген оқыс оқиғаны бағдарлап, алдын алу шарасын да жетік біледі. Жалпы, құтқарушылар кейбір сәттерде өзгенің өмірін сақтау үшін, өз басын бәйгеге тігіп жатады. Сондықтан әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы ұстамды және психологиялық әлеуеті жағынан мығым болуы тиіс,– дейді департамент бастығы.

Жалпы өрт сөндіру қызметінің техникалық жағынан қамтамасыз етілуі бекітілген нормаларға сәйкес іске асады. Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне қарасты өрт сөндіру, құтқару бөлімшелерінде облыс бойынша 130 техника бар екен. Өрт сөндіруге арналған көліктер мекеменің қазіргі базасына жеткілікті көрінеді. Ал жыл сайын мерзімі өткен техникалар өзге өрт сөндіру бекеттеріне бөлініп берілуде. Десе де, өрт сөндіру көліктерін көптеп алып, барлық базаны жаңартуға мүмкіндік жоқ. Себебі бөлімдерде техникаларды сақтайтын орын тапшы. Мәселен, аймақтағы өрт сөндіру бөлімдеріне бар болғаны 3-4 техника сияды. Нәтижесінде өңірдегі өрт сөндіру қызметінің нормаға сәйкес жабдықталуы 32 пайызды ғана құрап отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа өрт сөндіру бөлімдерін ашу керек. Өрт сөндіру қызметі саласына жыл сайын арнайы бағдарлама бойынша Үкіметтен, жергілікті басқару органдарынан қаражат бөлінеді. Кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстың басында мекемедегі барлық техниканы жаңарту түйткілі тұр.

Ал өрт сөндіру бөлімін ашу бірден орындала қоятын тірлік емес. Оған республикалық бюджеттен қаржы қаралмаса, облыстың әлеуеті жете қоймайды. Бүгінде аудан орталықтарында өрт сөндіру бөлімдері бар болса, бұған қоса төрт елді мекенде мекемеге қарасты төрт сөндіру бекеті салынған. Олар Жуалы ауданындағы Көлтоған, Талас ауданындағы Ақкөл, Сарысу ауданындағы Саудакент және Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан. Әр бекетте он адам жұмыс істейді. Бәлкім сол бекеттер әуелде бөлім болып құрылғанда, өрт сөндіру қызметіне үлкен септігін тигізер ме еді?

Алайда оның да өз талаптары бар. Біріншіден, өрт сөндіру бөлімдерін халық саны бес мыңнан асқан елді мекеннен ғана ашуға болады. Екіншіден, елді мекендерде өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жиырма минутта жетуі тиіс. Яғни ауылдарда осы екі талапқа байланысты өрт сөндіру бөлімі ашылады. Тағы бір ескеретін жайт, қатар орналасқан ауылдардың халқы бес мыңнан асса, екі ауылға ортақ бір бекет салынады екен.

Бүгінде Қордай ауданында өртке қарсы қызмет бөлімшесінен басқа, жергілікті әкімдіктің үш өрт сөндіру бекеті бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылында, Жамбыл, Байзақ және басқа да аудандарда жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекетін ашқан. Олардың негізгі міндеті – өртке қарсы ерікті құрылымдарды жасақтау. Арнайы қойма дайындап, бекетті техникалармен жабдықтау. Бұл бекеттердің басымдығы – төтенше жағдай кезінде шұғыл көмек көрсетуге сақадай сай болуында. Яғни мамандар өрт шыққан аумақты негізгі күш келгенше ауыздықтауға атсалысады. Бұл бірінші кезекте шалғай ауылдар үшін тиімді. Себебі орталықтан алыс орналасқан аумақтарға өрт сөндіру қызметі жеткенше, қызыл жалынның тарауына жол бермеу аса маңызды.

Сонымен жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекетін ашқан кезде төтенше жағдайлар департаментінен техникалар бөлінеді. Кейін ондағы қызметкерлерге білікті мамандар дәріс жүргізеді. Осы процестің барлығы мінсіз атқарылған кезде ғана өрт сөндіру қызметінің басшылығы жергілікті әкімдік пен министрлікке хат жазып, қажетті техника алуға сұраныс жасайды. Бүгінде Байзақтағы оқиғадан соң жарамсыз қалған техникалардың орны толықтырылған. Сала мамандары өрт сөндіру техникасының құны жай көліктерден он есе қымбат әрі арнайы техниканың ішіндегі жабдықтардың қолжетімді емесін айтады. Соған қарамастан өртке қарсы қызмет бөлімшесінің аға прапорщигі Бекмұрат Сұрабалдиевтың айтуынша қазір бөлімшеде өрт сөндіру техникаларының саны жеткілікті.

–Біз Кеңес әскерінің құрамында болдық. Екі жыл әскерден кейін өрт сөндіруші боламын деген мақсатым орындалып, 1992 жылы 61-ші әскери бөлімге келдім. Алғашқыда өрт сөндірушілердің жұмысы, талап-тәртіп қиын секілді көрінді. Тәуелсіздік жылдары практикалық дайындыққа көбірек мән беретінбіз. Кеңес үкіметі ыдыраған кезеңде қазіргідей озық техника жоқ. Жанармай тапшы әрі техникалар тозған еді. Жарты жылға дейін жалақы алмайтын күндер өтті. Қазір техникалардың барлығы жаңа, жігіттердің дені жоғары білімді. Біздің қатарға өрт сөндіруші боламын деп армандап келіп қосылып жатқан жастарымыз баршылық. Осында табан аудармай еңбек етіп, 50-ге жуық офицерді тәрбиелеппіз. Оларға қажетінше ақыл-кеңесімізді айттық. 1998 жылы болса керек, бұрынғы Шахристан базарының маңындағы пәтерден өрт шығып, 5 және 7 жастағы екі баланы үйден алып шыққанбыз. Құлыншақтар біз барғанша жан тапсырыпты. Түрлі оқыс оқиғаларда адамның жансыз денесін көп көрдік. Жастарға мұндай сәттерді жиі еске алмаңдар деп айтып отырамыз. Пәтерде ес-түссіз жатқан адамдарды қолдан тыныстандырып, аман алып қалған кездеріміз де аз емес. Әсіресе тәуелсіздік алған жылдары оқыс оқиғалар жиі орын алатын. Сондай оқиғаның біріне барғанда 5 және 10 жасар екі баланы шешесі сыртынан құлыптап кеткенін аңғардық. Сонда ойын балалары отты қызықтап отырып үйді өртеген. Біз шақыртумен оқиға орнына барып, есікті лезде бұзып, ішке беттедік. Ішке енсек, балалар тұтанған өрттің төңірегінде жоқ, түкпір бөлмедегі шкафқа жасырыныпты. Екеуі де ес-түссіз. Уланып қалған. Абырой болғанда балаларға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалдық. Кейін сол екі жігітті қаладан көргенім бар, үлкен азамат болыпты. Әрине, жұмыс бабында, алғысын айтып келетін тұрғындар да аз емес. Бірақ біз кез келген ерлік істерді елдің алғысына кенелу үшін емес, өзіміздің міндетіміз болған соң орындаймыз,–дейді тәжірибелі өрт сөндіруші.

Өрт сөндірушелер отпен ойнауға болмайтынын жиі айтады. Қызыл жалын тұтанғанда уақыт жоғалтпай әуелі өрт сөндірушілерге хабарласу керектігін ескертеді. Сала мамандары уақыт өткен сайын жүргізушілердің мәдениеті қалыптасып келе жатқанын айтып, кептеліс кезінде өрт сөндіру көлігіне жол беретін азаматтарға ризашылығын білдіруде.

Бүгінде Тараз қаласында төрт өрт сөндіру бөлімі бар болса, оның екеуі мамандандырылған. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдеріне қызмет көрсететін арнайы бөлім де жұмыс істеуде. Ендеше, сала мамандарының еңбегіне біз де табыс тілейміз!

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support