Есалының еңсені биіктеткен өлеңдері

Есалының еңсені биіктеткен өлеңдері
ашық дереккөз
Есалының еңсені биіктеткен өлеңдері
Белгілі ақын Есалы Қырықбаев көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толатын еді. Өзі өмірден ерте өтсе де, өлмес өлеңдері қалды. Қаламгер туралы әр жылдары жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дүкенбай Досжан, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, айтыскер ақын шорабек Айдаров, ақын Баймаханбет Ахмет және өзге де азаматтар пікір білдірген болатын. Біз бүгін ардақты ақынды еске ала отырып Дүкенбай Досжанның Есалы Қырықбаев туралы жазған мақаласын ұсынып отырмыз. Арғы-бергі білімпаз ғұламалар адам тағдыры пейіліне бұйырады дейді. Бұл дегеніңіз – кісі қандай пейілдің, тілеудің адамы болса, әлгі кісінің маңдайына дәп сондай жазмыш жазылады деген сөз ғой. Есалы Ералыұлы Қырықбаев өткен ғасырдың 60- 70 жылдары ел көзіне жарқ етіп шыққан дарынды, қаламы жүйрік, қиялы қанатты ақындарымыздың бірі. Жазымыш жазуы айқын, әрі айшықты еді. Өлеңді өндіріп жазатын. Асқар, Зейнолла, Есенжол Домбаев секілді достар тапты. Ортасының гүлі, маздап жанған оты болып жүрді. Жай ұйқас қуып, жеңіл сөзбен желпініп жазбайды, арқасы ұстаған бағызы заман жырауынша жүрегінен тірі сөзді төгіп жазады. Ең ғанибеті – сөзді сезіне біледі. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете жүретін, сөзге тоқтайтын, біртоға мінезді бұл азаматты алғаш көргеннен іш тартып кеттім. Жаныма жуық ұстадым. Сөйтіп жүргенде көз жазып қалған едім. Оқыс жол апатынан опат болыпты деп кейінше естідім. Тойған қозыдай момақан көрінгенімен, ішкі дүлейі басым, соқпа-соқпада арқаланып, құйындатып кететін мінезді еді. Арқасы ұстап ақындыққа салғанда – күпініп кетпейді, қиындыққа кезіккенде – опынып жүдемейді. Жүрген жеріне шөп шығатын, тілеуі жақсы, ойы орнықты азамат болатын. Бекершілігі кем, шындығы басым. Жүрегінен шыққан шындығы жүрекке жетіп жататын. Мұқағалидың: «Оты сөнген жалғанда жан барсың ба, Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен», – дегендей, кісіге, дос-жаранға жан әлемінен бөліп жақсылық жасауға дайын тұрады. Деміне, кеудесіне нан піскендей болып жүретін бәзбіреудің тоқмейіл, тоғышарлығына жаны қас. Қара орман қазағыма өрнегі өзгеше өлеңдерім, еңбегім қызмет етсе жарағаны деп қам жеп жүрді. Адамның мұңын, шерін қозғайтын өлеңдері кісіге кереметтей әсер етеді. Шерленіп, мұңданып жүрген замандасын сілкіп оятып, жарыққа, жылы шуаққа шығарсам, көркейтсем деп арман етуші еді. Бір пұшпағынан тартса, келесі пұшпағы үзіліп, баршылыққа, молшылыққа жетіп болмайтын осынау тіршілік сапарында баяғы Атымтай жомарт секілді жан байлығын, жүрек жомарттығын жоғалтпай жүрген жарқын жүзді ақынымыздың бірі, әрі бірегейі – осы Есалы замандасымыз деуші едік. Ұлтымыздың жетпей жатқан жыртығына жамау болсам, жүрегі жарым кісілердің көңіліне қаяу түсірмесем деп жыр төгеді. Жұрттан тілейтіні алғыс қана. Сол пейіліне бергені болар замандасымыздың басына ұлы мәртебелі поэзия құт-береке болып қонған есепті. Ақындық жолы оңғарылды. Еңбегі еленді. Несібесі көтерілді. Бағы жанды. Есімі елге әйгілене бастады. Жалпақ жұртқа әйгілеген – Талдыдан шығып Талас ауданының үлкен бір мектебінде сабақ бере жүріп әдеби үйірме ашты, ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына біркісідей атсалысты. «Адамдардың алып адал алғысын» деген өлеңінде төмендегіше тебіренеді. Адамдардың алып адал алғысын, Қыз десе мен, мен десе қыз тік тұрса. Махаббат қой таныттырып бар күшін, Шіркін жүрек құдіретін ұқтырса. Шың, тас, құзды құлатып Теріп алсаң маңдай термен тереңнен. Тұрса мәңгі шешек жарып, гүл атып, Махаббат сол, сол махаббат дер ем мен. Я болмаса өз тағдырын өзі көріпкел әулиедей болжаған «Жаманды ешкім жоқтамайды» деген өлеңін оқиықшы: Жансыздар құя берсін отқа майды, Сонда да өмір бір сәт тоқтамайды. Адамдар жақсыларға ғұмыр тілеп, Бірақ та жаманды ешкім жоқтамайды. Әділін айтар болсам егер де мен, Жоқ бізде кемшілікті жете сынау, Бақыт пен бал махаббат, бедел деген, Кейде осы зат та болып кетесің-ау. Бақ – бағалай білгеннің басына қонады. Сонысымен елдің көзіне елеулі болып иықтанып көрінді замандасымыз. Есалы ақын – өзіндік өрнегі бөлек, ырғағы ықшам, тасқын судай екпіні қатты, бояуы айшықты дүлдүл жырдың төл иесі. Ақын көркем сөз, көрікті поэзияның қамшы салдырмас тайпалған жорғасына айналар еді. Ең ғанибеті – өмірді суретпен көріп, оймен өріп жазатын. Қарадүрсіндіктен ада болатын еді. Пәлсапалық тәлімге құрылған бір шоғыр өлеңдерін шығармашылық ізденістен, үзбей жетілуден туған дүниелер деп танисыз. Қара орман қазақ арасында шығармашылық еңбек оншалық бағалы, әрі қымбат емес. Бізде бірінші орынға әрдайым лауазым басқышы, таныстық, білістік шығып келеді. Шындығы сол, Есалы Қырықбаев ауданның мәдени өміріне сіңірген азды-көпті еңбегі болсын, одан қалды шығармашылық мінезімен болсын – өз ұлтына, қазағына ақ адал, қылдан таймас қызметімен көрініп, еңселі шаруа тындыра білген бірегей  дарын иесі болып өтті. Кісі ұрынып істейтін мінезімен биіктейді, халыққа жасаған қызметімен өседі. Есалы Қырықбаев әрдайым тынымсыз ізденіс үстінде жүрді. Осы күні естен шыға бастаған рухани құндылықтарымыздың жанашыр жоқшысы, рух күзетшісі, тірі сөзбен өрнек салған өрелі өнер иесі болатын еді. Сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Алғаш рет жолығып, шүйіркелескен, сыр бөліскен мезет ұмытылмайды. Сол кездесуден Есалы бауырым тірі сөз, жарасымды ұйқас, ұнасымды лепеспен өлең өрнектепті. Сол өлеңі қойын дәптерімде жазулы қалыпты. Дегім келді: жарық болсын терезең, Өміріңді шамшыраққа теңегем: Көңілімді көрген жерден түсініп Құшақ жайдың жүрегіңді ұсынып, Көзге ұрады кішілік пен кісілік! Осындай төкпе тілді, текті мінезімен Есалы Қырықбаев ақын көпке қымбат, өзіме етене жақын болып өтті. Оқырманды «ә» дегеннен магнитше баурай тартып, ой өрісінен айырмайтын толымды жинаққа айналған бір топ жақсы өлеңдерінің тұсауын кесіп тұрып, «Әрдайым ақындық шабыт бұлағың, мөлдіреген көрікті ойың бізді сағындырып жүрсін» деп тілейік!

Дүкенбай ДОСЖАН, жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты.

 

Ұқсас жаңалықтар