- Advertisement -

Қалжыңның ұстасы, жастардың ұстазы

165

- Advertisement -

«Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей», демекші, жайраңдаған жақсы ағамыз, облыс журналистикасы ардагерлерінің бірі Болат Жаппарұлымен кездесіп қалған сайын әзілге қарық болып, жадырап, көңіліміздің серги түсетіні бар. Ол кісінің тағы бір асыл қасиеті қалжыңдасқанда жас талғамайтыны, қай кезде де ойының ашықтығы. Жаспен де, жасамыспен де әзілі жараса беретіні. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен алдыңғы толқындардың ішінде қағытпа мен қалжыңнан бойын алшақ ұстап, салмақтана қалатындары баршылық. Бүгінгі әңгіме кіммен болса да қалжыңы жарасқан, өткірлігімен де, адалдығымен де талай белден әрі асқан Жаппардың Болаты жайында. Әңгіменің ол кісі туралы болатындығына Бөкеңнің қарап жүрмей жеті бел асып, жорғалап жүріп, жетпістің ауылын тапқандығы себеп.

Біздің көз алдымыздағы Болат Жаппарұлы – майталман журналист, мықты редактор, тілі шебер сатирик. Қалжыңына, жайдары мінезіне қарап Бөкеңді өмір бойы көңілді жүретін, әзілкеш кісі деп ойлайтындар аз емес. Бірақ, Бөкең қажет жерде күлдіре де білді, кезі келгенде сын мақалалар, фельетондар жазып, талай жерді «бүлдіре» де білді. Қаламгердің өткір сынынан кейін шешілген мәселе, жүзеге асқан ізгі істер жетерлік. Әсіресе, қазіргі «Aq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінде жазған сын мақалалары оқырман назарына жиі ілініп, Жаппаров жазған материалдан кейін талай істің кері бұрылмай, бері бұрылғанын замандас әріптестері жиі айтады. Бұл – Бөкеңнің толысқан, ұзақ жыл еңбек сіңірген жылдардағы бағасы. Ал біз мақаламызды Бөкең қайдан шықты, балалық шағы қалай өтті деген сауалдардың жауабынан бастасақ артық бола қоймас.

Болат Жаппарұлы Сарысу ауданына қарасты Түгіскен кеңшарында 1952 жылы тамыз айында өмірге келді. Бөкең шыр етіп дүниеге келіп жатқанда әкесі Жаппардың 58 жасқа қараған шағы екен. Бөкеңнің Ұлсары, Қызжан атты екі анасы болды. Біздің бас кейіпкеріміз ерке, бұзықтау болып өседі. Енді Жаппар қарияның 58 жаста зарығып әрең көрген ұл баласы болса, екі анасының мәпелеуімен өссе, Бөкең ерке болмағанда, кім ерке болсын!

Бөкең мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген Шарипа Есетованы үлкен құрметпен еске алады. «Біздің құрдастардың, оның ішінде менің кітап оқуға құштарлығымды осы ұстазым оятты. Қазақ тілінен де терең түсіндіретін. Тілдік грамматикадан әлі күнге дейін сауаттылығым ешкімнен кем емес. Ал әдебиет пәнінен дәріс беруі де ерекше еді. Бір жолы мектеп бағдарламасы бойынша тақылдап сабақ айтып бердім. Шарипа әпкей «екі» деген баға қойды. Сөйтсем, ол кісі оқы деген әдеби кітапты оқымай келгенім үшін жазалағаны екен. Кейіннен бағам «бестікке» дұрысталды ғой. «Болат, сенің маған өз айтқанымды қайталап бергенің керек емес. Одан да үнемі жаңа әдеби кітаптар оқып тұрсаң, соны бағалаймын», деді. Ұстазбен осылай түсіністік».

Болат Жаппарұлы мектептің жоғары сыныбында жүргенде 1970 жылы коммунистердің көсемі саналған В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толғанына орай Алматыда өткен ән фестивалінде лауреат атанып, Құрманғазы атындағы консерваторияға білім алуға шақырылады. Бірақ, Бөкең осы шақыруды да қабыл алмайды. Жазу өнерін таңдап, журналист болғысы келеді. Мектеп бітірген соң екі жыл ата-анасының қасында қалып, кеңшарда құрылысшы болып жұмыс істейді. Бірақ мақала-өлеңдерін аудандық, облыстық газеттерге жолдап, жариялап тұрады. Сыйлы қария Жаппар әкесі бар беделін салып, әскерден де алып қалады. Жалғыз ұл баласының ертерек отау құрып, ұрпақ өрбіткенін көксейді де ақсақал.

Содан 1972 жылы 20 жасында Бөкең әкесіне мынандай шарт қояды. «Екі жыл құрылыста істеп қасыңызда болдым. Енді маған батаңды бер. Жолыма жететін қаражат бер. Алматыға журналистің оқуына тапсырып, бағымды сынап көрейін. Түссем түстім, түсе алмасам, ауылға келіп сіздің көзіңіз түскен қызды аламын» дейді. Сол кезде 78 жастағы Жаппар қария баласына батасын беріп, шартына көніп, шығарып салады. Ауылдастары: «Екі жылда Болаттың есінде не қалды дейсің. Оқуға түсе алмай құлап келеді» дейді. Бірақ, Болат Жаппаров емтиханнан сүрінбей өтіп, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі де кетеді. Сөйтіп, ауылға қуанып қайтады. Қызық болғанда Бөкеңнің оқуға түскеніне әкесі сенбей қояды. Оқуға түскені туралы мөр басылған анықтама қағазға да сенбейді. «Бұл орысшаны жақсы біледі. Әшейін алдайын деп ұрғызып алған ғой мөрді» деп иланбай қояды. Сонда әпкесі Мейрамкүл: «Көке-ау, мұндай мөрді ешкім беталды бастыра бермейді. Сіз сенуіңіз керек. Балаңыз оқуға анық түскен» дейді. Ақсақал сонда ғана сеніп, арада күндер өтіп баласын Алматыға оқуға жіберерде көзіне жас алады. «Қарағым, Болат, бар абыройымды салып екі жылдық әскерден алып қалып едім. Ал мынау оқуың бес жылдық екен. Сен қайтып келгенше бармын ба, жоқпын ба. Сау бол, аман жүр жалғызым», деп қамығады. Сонда Болат әзіл-шыны аралас: «Әке, бұл оқу бес жыл болғанымен, арасында үзілістері, демалыстары бар. Егер олай-бұлай болып жатсаңыз, хабар береді. Келемін де арулап қоямын. Бірақ, мен оқу бітірмей, сізге ана жаққа кетуге рұқсат жоқ» дейді. Алла қалаған болар, Жаппар әкесі содан соң 12 жыл жасап, 90 жасында өмірден озады. Ал Бөкең Алматыдағы оқуын алты жыл дегенде бітіреді. Бір жыл академиялық демалыс алады.

Ол жөнінде өзі майын тамызып әңгімелеп: «Екінші курс оқып жүргенде қысқы демалысқа келсем, әкем мен шешелерім отыратын сарайдың іргесі мүжіліп, ішінен сыртқы дала жақ көрініп тұрды. Ойпырмай, мен Алматыда оқудамын деп шалқып жүрмін. Әке-шешемді мынау қоржын там бір күні басып қалса, не бетімді айтамын. Жоқ, болмайды бұл. Бір жылға академиялық демалыс алып, ата-анама даңғыратып, жаңа там салып беремін деп өзіме серт бердім. Оқуыма қайтып барған соң, қаһарлы декан Темірбек Қожекеевтен бір жылға академиялық демалыс сұрадым. Ол менің ауру емесімді, ата-анамның хал үстінде жатпағанын сұрап біліп алды да «Академиялық демалысты денсаулық жағдайына қатысты немесе ата-анасы хал үстінде жатқандар алады. Ауылға барып там саламын деп, үзіліс алған ешкімді көрмедім. Онда құжаттарыңды алып, біржола кет» деп ашуланды. Содан мен: «Академиялық үзіліс аламын. Әкем мен анам мал қора секілді тозған жерде отыр. Мен қария кісілерді олай қорламаймын. Сіз рұқсат етпесеңіз, ректор Өмірбек Жолдасбековке кіремін» деп бой бермедім. Сол сол екен, Қожекеевтің жүзі жылыды. Үзіліс беруге көнді. Рұқсат етті» дейді. Сөйтіп, әуелі әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов, Нұртілеу Иманғали, Ұлықбек Есдәулет, Қонысбай Әбілов, Мақұлбек Малдарбековтермен курстас болған Бөкең, бір жылдық академиялық үзілістен кейін Қалыбек Атжан, Байтанағали Төлентаев, Жүнісбек Сұлтанмұратов секілді азаматтармен бірге университетті бітіреді. Ол туралы менің бірнеше толқын курстастарым бар деп Бөкеңнің орынды әзілдейтіні де бар.

Содан университетте алты жыл оқып, 1978 жылдың 1 сәуірінде облыстық «Aq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетіне бас редактор Баттал Жаңабайұлының бұйрығымен тілші болып жұмысқа қабылданады. Аталған жылдың қыркүйек айының 11 күні қызметтік куәлігін жоғалтып алғаны үшін жазаланып, жұмыстан шығарылады. Алайда арада бір апта өткенде, яғни, 18 қыркүйек күні Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне бөлім меңгерушісі болып қызметке қабылданады. Содан табан аудармай 11 жыл еңбек етеді. Бас редактор Шәймерден Дәуреновтың, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұловтың, Арғынбай Бекбосынның, Базар Қилыбаевтың тәрбиесін алып, журналистиканың ұлағатты мектебінен өтеді. Содан 1989 жылы Арғынбай Бекбосын басқаратын «Aq jol» газетіне жұмысқа барады. Арекең: «Әй, бала, ауданда 180 сом айлығың бар екен. Мұнда тілшілік жұмысың үшін алатының 165 сом. Ойлан» дейді. «Айлықтың көлемі маңызды емес, облыстық бас газетте өзімді шыңдағым келеді», деп өтініп, Арғынбай Бекбосынның бұйрығымен жұмысқа қайта алынады. 1978 жылы облыстық газеттен кеткенде: «Ішіп қойған ғой. Әйтпесе облыстық газеттен кете ме?» деп жала жапқандар да болыпты.

Болат Жаппарұлы міне осы сөзге қарсы өзін дәлелдеу үшін облыстық газетке қайта оралады. Өзін дәлелдеді де. Мұнда бес жылға жуық уақыт істейді. Сын мақалаларды қарша боратып, ел назарына ілігеді. Бас редактор Арғынбай Бекбосын сол кезде: «Болат Жаппаров – «Aq jol»-дың атса мылтығы, шапса қылышы» деп бағалаған екен. Азулы Арғынбай редактор мұндай бағаны кез келген журналистке бермесе керек. Содан Арекең басқа лауазымға ауысып, 1994 жылы «Aq jol» газетінің бас редакторлығына Әлдихан Қалдыбаев тағайындалады. Сол уақытта қысқарту жүріп, қырсыққанда редакция қызметкерлері арасынан Болат Жаппарұлы мен Асқаржан Сәрсек қысқарып қалады. Сонда бас редактор Әлдихан Қалдыбаев Бөкеңді қолынан ұстап, жетелеп, облыстық телерадиокомитетінің директоры Елен Әлімжанға алып барады да: «Елеке, қысқарту деген бәле болды. Менен екі қызметкер қысқарды. Асқаржан Сәрсектің таныстары бар, жұмыс тауып алар. Сіз мына Болат Жаппаровты жұмысқа алыңызшы», деп өтінеді. Сөйтіп, Елен Әлімжанның бұйрығымен облыстық радиоға редактор болып жұмысқа алынады. Сонда жазушы, бас редактор Әлдихан Қалдыбаевтың адамгершілігін айтсаңызшы! Өзінен қысқарған адамды қолынан жетелеп барып, басқа мекемеге жұмысқа тұрғызуы – нағыз асыл қасиет.

Ол туралы Бөкең: «Шұғыланы» 11 жыл басқарып, жұмыссыз жүргенімде «Aq jol» газетінің сол кездегі бас редакторы Ғалым Қасабай тілші болыңыз деп жұмысқа шақырды. Содан істеп кеттік. Ғалым кетіп, Қуаныш, одан соң Көсемәлі келді бас редактор болып. Айтайын дегенім, зейнетке шығуыма бар болғаны 8 ай уақыт қалғанда сол кездегі бас редактор түрлі сылтаумен жұмысымнан шығарды да жіберді. Содан республикалық «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиев досымның қолдауымен аталған газеттің Жамбыл облысындағы тілшісі болып жүріп, зейнетке шықтым. Қазір Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов басқаратын облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінде еңбек етемін. Бас редактордың орынбасары едім, қазір шолушы деген қызметтемін. Жамбыл ауданында бас редактор болып жүргенімде Досжан Тоқбергенов, Әбдінұр Әсілбеков, Мақұлбек Байгелдиев, Махамбет Дүйсембаев секілді төрт әкіммен бірге қызметтес болдым. Жолдасым Күләй екеуміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Бір ұлымыз Америка Құрама Штаттарында қызмет істейді. Жалпы, тағдырыма ризамын», – дейді Болат Жаппарұлы.

Бөкең шынында да бақытты адам. Ақырын жүріп, анық басып, журналистиканың талай биіктерін бағындырды. Сын мақаланы сөлін сорғалатып жазып, қарапайым тұрғындардың алғысына талай бөленді. Өткір жазатыны сол емес пе, өзі кейде: «Мен көкте Құдайдан, жерде Күләйдан (асыл жары) қорқамын. Басқа ешкімнен сескенбеймін», деп әзілдейтіні бар.

Болат Жаппарұлы қай кезде де өнімді еңбек етті. Оның өткір қаламынан бірнеше сәтті туындылар өмірге келді. Атап айтқанда, «Тағдыр тартулары», «Әй, аңқау басым-ай», «Қойыртпақ», «Нағыз қойыртпақ» публицистикалық және сатиралық кітаптардың авторы. Кітаптары өте әсерлі, тартымды. Бір деммен қызыға оқисың. Ә дегеннен тартып әкетеді. Мысалы, «Нағыз қойытпақ» кітабындағы «Ойбай, мынау әлгі кім ғой» атты әзіл әңгімесінен үзінді келтіре кетсек: «Ертеңіне шартты мақалам бас редактордың алдында жатты. Жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, бастығым шақыртты. Сезе қойдым. Мақала туралы шығар. Солай болып шықты. Кабинетіне кірер-кірместен: – Жазғаныңыз жаман емес. Дегенмен, мынау жерде «Кейбіреулер өзі басқарып отырған кәсіпорынды су тегінге жекешелеп алды», депсіз. Оны біз де естігенбіз. Ол әлгі кім. Мынау жерде «Бір шаруашылықты шалқасынан түсірген жебір енді нағыз жейтін жерге барыпты» дегеніңіз қалай болады. Ол әлгі кім емес пе? Ал, мынау әлгі пәленшеекеңе келіп тұр. Кәсіпорынды таратып, жартысын өзі иемденіп кеткен сол ғой. Мұның бәрі де газеттен оқиды да, өздерін танып өкпе айтады. Кейбіреуі «Мынау тұспалдап мені жазып отыр» деп сотқа беруі де мүмкін, – деп тоқтады», деп жалғасады. Бұл шағын әңгімеде газет басшысы тілшісіне жемқорлықты сынап мақала жаз деп тапсырады да, өткір жазылған мақаладағы өзінің жемқор достарын іс-әрекетінен танып, жұмсарта алмай, мақаланы жариялай алмай әлек болады. Қоғамның шындығын, ащы жарасын Бөкең бір әзіл әңгіменің ауқымына сыйдырып жібереді. Шеберлік деген сірә осы болар.

Болат Жаппарұлының өзінен кейінгі орта буын, жас буын журналистерге де қолдауы, көңіл аударуы ерекше. Қай кезде де қасына жас әріптестерін жинап алып, қызықты әңгімесін айтып, ішек-сілемізді қатыратыны бар. Ол кісі әңгіме айтқанда езу тартпау, күлмеу мүмкін емес. Кейінгі толқын әріптестерін көңілдендіре отырып, журналистиканың қыр-сыры, қиындығы туралы да өмірлік тәжірибесімен бөлісетін сәттері де аз емес. Айтары бар журналист қазіргі күнде де облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің жұмысына белсене атсалысып жүр. Оқушы кезінде музыка мамандарының аузына іліккен табиғи ғажап дауысы да әлі күнге сақталған. Ән салғанда әлі де талайдың жүрегін елжіретіп жіберетіні бар. Әлі де жиын-тойдың сәні. Жеті бел асып жетпіске жеткен Болат Жаппарұлының жастарға, әріптестеріне және оқырмандарына берер өнегесі өте көп. Жасай беріңіз, жақсы аға!

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support