Жақын дос, жақсы адам

Жақын дос, жақсы адам
ашық дереккөз
Жақын дос, жақсы адам
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты. «Өмір деген – өкініш, өтеді де кетеді. Өлім – жүйрік, соңыңнан, қуады да жетеді» демекші Сансызбай досымның әлі де өмірге берері көп еді. Білімді, саналы, көзі ашық, көкірегі ояу жанның кенеттен келген ажалдан о дүниелік болғаны өте өкінішті. Зейнеткерлікке шыққанына да көп уақыт бола қойған жоқ еді. Бірақ тағдыр жазса амал жоқ, бір Алланың дегеніне көнеміз. Енді Сансызбай досты қалай білетінімді айтып өтейін. 1968 жылы 28 қараша күні Жамбыл қаласындағы жастарды әскерге шақыру орталығына жинады. Сол күні поезға түгелдей мінгізіп Иркутскіден 40 шақырым жерде орналасқан Ангарск қаласындағы кіші командирлер дайындайтын бөлімге алып баратындарын, бір айлық дайындықпен сынап әскерилік тәртіппен оқытатынын, өздерін жақсы көрсете білгендерді тағы да бес айлық курстан өткізетіндерін, кіші командирлік атақ алғандарды оқуларын бітірген соң да ары қарай қызметтерін жалғастыратын бөлімдерге жіберетіндерін түсіндірді. Поезға мініп, купелерге жайғасып алған соң бір-бірімізбен таныса бастадық. Сол кезде екінші полкаға жайғасқан жас жігіт ешқандай сөздерге араласпай өз алдына қалың ойға батып отырды. Оны сөзге тарттым, ал ол өзін толық таныстырып өтті. Біз болсақ, үйден алып шыққан тамақтарымызды дайындадық. Арамызда Зәуірбек Жайшыбеков деген азамат дастарқанды өзі басқарып отырды. Зәуірбек технологиялық институттың 3-курсында оқып жүріп төбелес жасағаны үшін, шығарып жіберіпті. Енді бізбен бірге әскер қатарында болады. Ал мен Зәуірбектен үш жас кіші, Санызбайдан бір жас үлкен болып шықтым. Себебі екі рет шақырылғанда қан қысымым жоғары болып, өз қатарларымнан қалып қойғанмын. Сансызбай әскерге барғаннан бір айдан кейін 18 жасқа толып, әскери ант қабылдады. Ең қызығы үшеуміз бір бөлімшеге, бір взводқа түстік. Сансызбай бізге қарағанда пысықтау болып шықты. Оған орысша оқығанның пайдасы тиді. Барғаннан «замполитпен» жақсы болып алды да, «Лениндік» қызыл бұрышқа деген белсенділігін арттыруда алдына жан салмай, бізге қарағанда әлдеқайда жеңілдеу өмір сүрді. Оқуымызды бітірген соң, алты айдан кейін, бәрімізді жан-жаққа, басқа әскери бөлімдерге кіші командир сержант атағымен жіберді. Сансызбай Иркутскі қаласына арнайы милициялық полкқа жіберілді. Әскерде әркім өз ерекшеліктерімен таныла білді. Біз барған арнайы батальон, талантты жастарды, темірдей тәртіппен шыңдайтын әскери батальон еді. Сансызбайдың алдына бір керекті іспен бара қалсаң жоқ демейді. «Адамның күні, адаммен» деген, менде оның сондай жауапкершілікпен айтқан өтініштерін орындап жүретінмін. Өмірде бәрі бірдей тегіс бола бермейді, кей кездерде мінездеріміз қайшы кеп қалатын жағдайлар да болатын. Сансызбайдың адами биік қасиеті көп еді. Өте адал, әділетті, шыншыл, ойын тура айта білетіні, ешкімнен қаймықпайтыны, сенен де сондай жауапты күтетіні болатын. Біз екеуміз ешқандай бүкпесіз ойымызды ашық айта беретінбіз. Сондықтан да Сансызбайдың тірі бейнесі көз алдымнан кетпейді. Оның ойлы көздері, қиналғанда бара қалсаң ақылды сөздері маған жетпей тұрады. Сансызбай Жорабековтың орны өмір жолында да, еңбек жолында да дараланып, ерекшеленіп, өзі мақтаныш, үлгі-өсиет, өнеге тұтатын болыс бабасы Есіркеп және де әкесі Жорабек туған жері Қайыңдыда кеңшарды 20 жылдай басқарған текті азаматтардың ұрпағы ретінде іс жүзінде өзін дәлелдей білді және танытты да. Сансызбай Жорабекұлы даналығымен, біліктілігімен өмірден алынған іс- тәжірибесімен, жауапкершілігімен ірі мемлекеттік салаларда жемісті еңбек етті, аянбады. 1989-1991 жылдары Орталық аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1991-1994 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының әлеуметтік сала проректоры, шағын кәсіпорын директоры, «Достық-92» іскерлік ассоцияциасының президенті қызметін атқарады. Одан кейін Экономика министрлігінің жөндеу-құрылыс басқармасын басқарды. Халықаралық «Интеграция – ЮГ» қорының атқарушы директоры, «ЮТЕК-ЛУКойл» бірлескен компаниясының іс басқарушысы, «Қазфосфат» АҚ шаруашылық басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған ол сол мекемелердің өсіп-көркеюіне де үлесін қоса білді. 1998 жылдан облыс әкімінің іс басқарушысы, аппарат жетекшісінің орынбасары, іс басқарушысы, қаржы- шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болды. 2006 жылдан бері Сансызбай Жорабекұлы облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2015 жылдың 15 қаңтарында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, үлгі бола білді.  

Мақұлбек ЖАНАЛИЕВ,

Жамбыл облысының және Ішкі істер органдарының «Құрметті ардагері».

   

Ұқсас жаңалықтар