- Advertisement -

Тұрғындардың мәселесі тиісті шешімін табады

61

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданында болып, Билікөл мен Нұрлыкент ауылдық округтеріндегі Қарабастау жəне Нұрлыкент ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Қарабастау ауылында өткен жиынды ашып, оны сұрақ-жауап түрінде өткізу туралы ортаға ұсыныс тастады. Халық облыс әкімінің бұл ұсынысын бірден қолдады.

– Бүгінге дейін облыста ауылдық округ, қала және аудан әкімдерінің және менің қатысуыммен 610 кездесу өткізіліпті. Жыл соңына дейін 1200 кездесу өткізу жоспарымызда бар. Бұл өзімнің округтердегі 19 кездесуім. Алдымен ауылдық округте қандай мәселе бар, соны талқылаймыз, содан кейін жеке қабылдау өткіземін. Сол жерде өздеріңіздің көкейлеріңізде жүрген сұрақтарды қоюларыңызға болады. Осы жиынға арнайы құқық қорғау, прокуратура, түрлі агенттіктер мен департамент және басқарма басшылары да қатысып отыр. Сіздерді толғандырған барлық сұрақтың жауабын осы арада бірлесе шешімін табуына ықпал ететін боламыз, – деді облыс әкімі.

Әуелі Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов сөз алып, аймақ басшысының жұмысына сәттілік тілей отырып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

– Сіздің Жуалы ауданының шалғайында орналасқан Билікөл ауылдық округіне келіп, округ халқымен кездесу өткізуіңіз біз үшін үлкен құрмет. Бұған дейін ауылымызға осыдан 25 жыл бұрын облысты басқарған Амалбек Тшанов келіп, халықпен осылай кездесіп, біраз мәселемізді шешіп берген. Атап айтсақ, бірнеше ай жалақы алмаған мұғалімдердің екі айлығын бергізіп, дәрігерлік амбулаториямызға жедел жәрдем көлігін алып берген болатын. Содан кейін халықпен кездесуге ауылымызға келіп отырған екінші облыс басшысы өзіңіз.

Жақында мен Тараз қаласында ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішінің ашылу салтанатына қатыстым. Игі істің куәсі болдым. Сол ашылу салтанатында сіздің адресіңізге жақсы тілектер айтылды. Мен де өз атымнан ұлы тұлғаға осындай құрмет көрсеткен өзіңізге алғысым шексіз. Ал енді ауыл мәселесіне оралатын болсам, округте 4 елді мекен бар, 1600-ден аса адам тұрады. Халықтың жағдайы жаман емес, әркім өз күнін өздері көруде. Біз аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан 60 километр қашықтықта тұрамыз. Алдымен жақсы істердің куәсін орталықтағылар көреді, одан кейін ол бізге кешігіп жетеді. Әйтпесе аудандағы малдың 40 пайызы Билікөлде. Мәселе көп. Бірінші мәселе газ. Газды күткелі 20 жыл болды. Қасымыздан Өзбекстанның газы Қаратау қаласына қарай өтіп жатыр. Халық газдың келетінін біледі. Бірақ жылда кері сырғып кетіп жатыр. Біз сол газдың игілігін қашан көреміз? Екінші мәселе Тамдыда соғылып жатқан АГРС туралы айтып берсеңіз? Үшіншіден, Билікөл табиғаттың тамаша аясында орналасқан мекен. Бірақ іргеміздегі Билікөл көлі су тапшылығынан қазір екіге бөлініп кетті. Аса өзені Билікөлге құятын, Билікөлден тасыған су Аққөлге құятын. Қазір Аса өзенін бұрып Ақкөлге құюда. Оның суын бұру табиғатқа зиянын тигізбейді ме? Билікөл көлі құрғаса айнала айтақырға айналады, – деді ауыл қариясы.

Округ ардагері қойған сұрақтарға аймақ басшысы жан-жақты жауап қайырды. «Жуалы ауданында 17 жыл жұмыс істедім. Аудан әкімдігінде қызмет еткен жылдары бұл округті маған бекітіп берген болатын. Бүгін келе салып, ауылдағы мекемелер мен өзге де нысандарды аралап шықтым. Бұрынғымен салыстырғанда өзгеріс бар. Сіздердің ауылдарыңызда үлкен мектеп, ашық аспан астындағы үлкен спорт кешені, дәрігерлік амбулатория, клуб, ауыз су бар. Облыстың кейбір елді мекендерімен салыстырғанда сіздердің жағдайларыңыз жақсы», – деген Нұржан Нұржігітов 2025 жылға дейін барлық елді мекеннің ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтылатынын айтты. Қазіргі таңда ауылға газ тарту үшін аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасының дайындалып жатқанын, 2024 жылы газ желісін тартып алса, ары қарай ауылға кіргізудің жеңіл болатынын, Қаратаудағы АГРС-ті Билікөл өңірін газбен қамту үшін салып жатқанын жеткізді. Дәл осындай жұмыстың биыл Шу ауданында да қолға алынып, Шу мен Мойынқұм аудандарын көгілдір отынмен қамту үшін АГРС салынып жатқанын айтты.

– Билікөлге құятын арнаны Сұлтан каналына бұрып, суды Ақкөлге бұрдық. Қазір Билікөлде 80 пайыз су бар. Көлдің табиғи жолмен толуы үшін бізге бірінші Ақкөлді толтырып алу керек болып тұр. Ол көлге жиналатын судың көлемі 250 миллион текшеметр. Былтыр 80 миллион текшеметр су ғана жинай алдық. Үш жыл болды Ақкөлді қайта суға толтыру үшін жұмыс істеп жатқанымызға. Ол толса екі ауданға су бере аламыз. Ақкөлді толтырсақ, бұрынғы ағысымен Аса Билікөлге, одан асқан су Жаңаөткелге түсіп Ақкөлге құятын болады. Осылайша табиғи жүйесіне қайта оралады. Ал Билікөл көлін соған дейін реттеп, бақылауда ұстаймыз, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін ауыл тұрғыны, кәсіпкер Балғынбек Мұратбаев «Дарбаза» су қоймасынан шыққан каналға лоток қойып, ауыл іргесіндегі, бұрын егістік болған 120 гектар алқапқа су жеткізіп беруді сұрады. Ал ауыл қариясы Мәдіхан Рахманқұлов мектептің қасында тұрған трансформаторды электр қуатына қосып берсе деген өтініш айтты. Ол трансформаторды ауылда спорт кешені салынғанда бір кәсіпкер орнатып беріпті. Ауыл қариясы сол трансформаторға мектепті, спорт кешені мен сол маңдағы мемлекеттік мекемелерді қосса, ауылға электр қуатын беріп тұрған трансформатордың қуаты жетер еді дейді. Келесі ауыл тұрғыны Қанатбек Тастанбеков жайылым жердің мәселесін көтерді.

Облыс әкімі Нұран Нұржігітов бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен округ әкімі Талғат Әмірәлиевке көтерілген мәселені зерделеп, талдап, жұмыс істеуді тапсырды. Ал трансформатордың құжатын дұрыстап, оны іске қосуды электр желісі тарату мекемесінің басшысына міндеттеді. Округте ауыл іргесіндегі 5 километрдегі 10 мың гектар жайылым жерді, мемлекет меншігіне қайтару көзделген. Онда 54 шаруа қожалықтың үлесі болса, 51-і жерді жайылымға қайтаруға келісім берген. Бүгінгі таңда қайтарылғаны 2300 гектар. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін айтқан аймақ басшысы, ауыл маңындағы 5 километр жерлер ауылдан шығатын мал үшін алынатындығын айтты.

Жиын соңында облыс әкімі ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Келесі жиын Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы Нұрлыкент ауылында өтті. Мұндағы жиын да сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке округ тұрғындары кезекпен сұрақ қойды. Округке қарасты Түктібай ауылының тұрғыны Батырхан Досыбаев ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектептің апатты жағдайда екенін, орнына жаңа мектеп салып беруін сұрады.

– Бүгінгі таңда облыста 16 мектеп салынуда. Жыл басынан бері 10 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылына дейін 5 мектепті бергелі отырмыз. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек, 16 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Жылда 10 мектеп салу жоспарымызда бар. Биыл Жуалы ауданында 180 орындық екі мектепті Диқан мен Алатау ауылдарында бергелі жатырмыз. Сонымен бірге 3 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Алдағы жылға Түктібай ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеу жоспарланған. Жаңа мектеп салу үшін құжаттарды дайындау керек. Егер құжаттарын биыл дайындап, келер жылы рұқсатын алатын болсақ, 2024 жылы құрылысын бастауға болады, – деді аймақ басшысы.

Ауыл қариясы Тілеуғабыл Наралиев кездесуді пайдалана отырып, облыс әкіміне өзінің естелік кітабын сыйға тартты. Ал ауыл тұрғыны Қалмұрат Демеусінов аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан кейінгі үлкен ауыл болып саналатын Нұрлыкентке ашық спорт кешені салынса деген өтініш айтты.

Облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттама жасалмаса ақша берілмейтінін, ол үшін жұмыс істеу керектігін ескертті. Бұл мәселені аудан әкімі Жалғас Мұртаза демеушілердің күшімен шешіп көрмек ниетте. Ол ауыл іргесіндегі «Бурное солар» ЖШС-на жүгініп, солардан қолдау көрсетуін сұраған. Аталған серіктестік бұл мәселені өз назарына алып, қаржылық жағын шешсе, қыркүйек айында ашық спорт кешенінің құрылыс жұмысын бастамақ.

Бұдан бөлек, Түктібай ауылының тұрғыны Орынбасар Шыршықбаев ауыз су мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 1959 жылы салынған ауыз су жүйесі ескіріп, құбырлары шіріп кеткен. Соның салдарынан ауылдың жартысы тіршілік нәрінен қағылған. Алдыңғы елді мекенде айтқандай аймақ басшысы ауыз су мәселесін 2025 жылға дейін тұрғын саны көп елді мекендерде толық шешуге күш салатындығын жеткізді.

– Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл болды. Нұрлыкент ауылында да өзгеріс бар. Ауылды 1995-1996 жылдармен салыстырғанда едәуір өзгерген. Клуб, дәрігерлік амбулатория салынған. Көшелер ретке келтірілген. Яғни, осыған қарап аудан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Сіздер көтерген мәселелердің барлығы біздің назарымызда. Бәрін бір күнде шешіп тастай алмаймыз. Қандай мәселе болса да ол кезең-кезеңімен шешімін табатын болады, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиын қорытындысында.

Мұнда да өңір басшысы округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support