- Advertisement -

Аудан ахуалымен танысып, тиісті тапсырмалар берді

139

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудандарға жиі-жиі шығып, жергілікті аумақтарда орын алған мәселелерді басшылыққа алып, шешімін табуына ықпал етуде. Кешеде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданына іссапармен барып, бірқатар ауылдық округтерді аралады.

Облыс әкімі әуелі Ақыртөбе ауылындағы жерасты газ қоймасына сапарлады. Мұндағы газ сақтаудың белсенді көлемі – 300, ал тәуліктік өнімділігі миллион текше метрден асады. Айта кетейік, «Ақыртөбе» газ қоймасы Жамбыл және Алматы облыстары үшін жұмыс істейді. Нұржан Молдиярұлы мұнда газ сақтау қоймасының сығымдау компрессорлық стансасының жұмысымен танысып, қызметкерлерімен әңгімелесті. Газ қоймасының басшысы Мұса Мәмбетовтың айтуынша, бұл нысан 1986 жылы салынған.

– Газ қоймасы күзгі-қысқы кезеңде газдың ең көп тұтынылуын және магистральдық газ құбырларының біркелкі жұмысын қамтамасыз ету мақсатында газ қорларын құру үшін жұмыс істейді. Қарапайым сөзбен айтқанда, газды тұтыну басқа маусымдарға қарағанда қыс мезгілінде жоғары болады. Сол себепті, магистральдық газ құбырындағы қысым төмендейді, ал біз газ қоймасына газдың жетіспейтін мөлшерін толтырып, қысымды қалыпқа келтіреміз, – деді М.Мәмбетов.

Аймақ басшысы барған келе сі кешен Ақыртөбе ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасының жаңа нысаны. 2018 жылы пайдалануға берілген кешеннің құрылысына жарты миллиардқа жуық теңге жұмсалған. Алайда нысан ешқашан іске қосылмаған. Бұған мердігер «Альмансур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан көптеген кемшіліктер себеп болып отырған көрінеді. Нұржан Нұржігітов орын алған мәселелермен егжей-тегжейлі танысып, жауапты тұлғаларға жағдайды шешуді тапсырды.

Бүгінде Алғабас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 60 орынды білім ошағының басшысы Мағрипа Серікбаеваның сөзінше, мектепте 31 педагог жұмыс істейді. Білім нысанының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсы деңгейде. 1 қыркүйекке дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Десе де, ғимарат аумағы абаттандырылмаған. Сол себепті облыс басшысы мектеп директорына ескерту жасады.

– Мектеп ауласын ретке келтіріп, балаларға футбол алаңын жасауға болады ғой. Ауыл кішкентай, барлық балалар спортпен айналысатын еді. Бұл соншалықты қымбат емес, неге қарастырмадыңыз? Көгалдар жасыл болуы үшін оны суарып отыру керек. Сіздердің барлық күш пен ресурсты ғимаратқа жұмсағандарыңыз көрініп-ақ тұр. Бірақ оның айналасында жұмыс жоқ, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұдан кейін, аймақ басшысы ұн және макарон өнімдерін өндірумен айналысатын «Ақтоған» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық басшысының міндетін атқарушы Расул Ахаев қожалықтың иелігінде 13 мың гектар жер бар екенін жеткізді.

– Біз ұннан макаронның 20-дан астам түрін жасаймыз. Бидай өзіміздікі, оны 200 гектар алқапқа орналастырғанбыз. Осылайша, тәулігіне 5,5 тоннаға дейін өнім жинаймыз. Қазіргі таңда 10 әлеуметтік дүкенмен келісімшарт жасасып, оларға өнімді төмен бағамен жеткізіп жатырмыз. Жалпы, жоғары сұрыпты өз ұнымызды макарон өндіру үшін пайдаланамыз, ал бірінші сұрыпты ұнның бір килограмын 160 теңгеден сатамыз. Жылына екі мың тоннаға дейін ұн сатамыз, – деді Расул Ахаев.

Айта кету керек, шаруашылық толық қуатында жұмыс істемейді. Мұндағы жүктеме бар болғаны 17 пайызды құрайды. Әйтсе де, бұл тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыруда.

Мұнан соң, Нұржан Нұржігітов өткен жылы пайдалануға берілген «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйді көрді. «Сырым-Блеке» мердігер компаниясы құрылысын жүргізген нысан жалға берілмейді. Пәтерлерді тек үй кезегінде тұрған азаматтар ғана ала алады. Жалпы, ауданда тұрғын үй кезегінде 3 543 адам тұр. Сапар барысында жауаптылар көппәтерлі үйге жарық жүргізу және айналасын абаттандыруға 100 миллион теңге қажет екенін жеткізді. Алайда, облыс басшысы мұндай жұмыстар үшін бұл қаражат тым көп екенін қадап айтты.

Құлан агротехникалық колледжінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мекеме директоры Олжас Мұсақұлов қарсы алды. Ол өз сөзінде келесі жылы колледж өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтетінін айтты.

– Бізде 73 педагог-инженер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптарында оқып келді. Колледж ветеринария, агрономия, балық және орман шаруашылығы, ақпараттық жүйелер және басқа да мамандықтар бойынша екі мыңға жуық студенттерді қабылдай алады. Дәл қазір мұнда 579 бала оқиды. Басым бөлігі ержігіттер, – деген Олжас Мұсақұлов еуропалық жоғары оқу орындарындағыдай мұнда заманауи студенттік кампус салу жоспары бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде аймақ басшысы бұл идеяны қолдап, студенттерге осындай заманауи әрі қажетті тарту жасау үшін тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Бұдан кейін Нұржан Молдиярұлы қос бірдей білім ошағын аралап көрді. Әуелі Құлан ауылындағы гимназияға, содан соң Қарақат ауылындағы №2 шағын жинақты мектепке барды. Екі мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жауапты мердігер компания «ЕрК Астана». Қос мектептегі түйіні шешілмеген мәселе де ортақ. Ол құрылыс жұмыстарының кеш басталғандығы мен сапасыздығы. Өңір басшысы бұл жұмыстарға көңілі толмайтынын айтып, жауаптыларға мәселені тез арада шешуді тапсырды.

– Егер мердігер міндеттемені орындамаса, онымен келісімшартты бұзу қажет. Балалар неліктен зардап шегуі керек? Мәселені тез арада шешіңіздер. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Луговое ауылының тұрғыны Индира Көрпешова көпбалалы ана. Күні кеше оған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынған төрт бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. Көпбалалы ананың қуанышына ауылдастарымен бірге өңір басшысы да ортақтасты. Айта кетейік, бұл үйдің құрылысына жергілікті «Жан – жылуы» қайырымдылық қоры қаржылай демеушілік жасаса, іргетасынан бастап шатырына дейін ауыл жігіттерінің еңбегі бар.

– Өткен жылы «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша мұқтаж жандарға 230 үй салынды. Ал биыл 117 үй салу жоспарланған. Олардың 13-і сіздердің аудандарыңызда. Менің ойымша, бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор. Өскелең ұрпақ жерлестерінің қайырымдылығының шынайы көрінісін көріп өседі, – деді Нұржан Молдиярұлы. Өз кезегінде Индира Көрпешова үй құрылысына қатысқан жандарға, сондай-ақ, осындай маңызды қайырымдылық жобасын қолдайтын өңір басшысына ризашылығын білдірді.

Ал Луговое ауылындағы кеден қызметкерлерінің ескі пәтерлері қазір қараусыз қалған. Бірақ оларды қалпына келтіріп, ауылға жұмыс істеуге келген мұқтаж отбасыларға немесе дәрігерлерге беруге болады-ақ. 2013 жылы мұндағы 2 үш бөлмелі, 8 екі бөлмелі және 10 бір бөлмелі пәтерлер пайдалануға берілген болатын. Алайда үш жыл бұрын кеден қызметі басқа жерге көшіп, жұмысшылар пәтерлерді тастап кеткендіктен олар қараусыз қалған. Ал жөндеу жұмыстарына шамамен 80 миллион теңге қажет. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға осы мәселені қарастырып, оны жақын арада оң шешуді тапсырды.

Мұнан соң Нұржан Нұржігітов Каменка ауылындағы мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында болды. Жалпы, бұл орталықтың алты корпусы болғанымен, тек біреуі ғана жұмыс істейді. Мұнда 30 бала ем алады. Науқастар үшін инватакси қарастырылған. Жергілікті жауаптылар өңір басшысына егер жұмыс істемейтін корпустарда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларды қажетті жабдықтармен жабдықтайтын болса, онда орталық 80-ге жуық баланы қабылдай алатынын жеткізді. Айта кетейік, корпустарды жөндеуге шамамен 125 миллион теңге қажет. Облыс әкімі бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, оның шешімін жеке бақылауға алуға уәде берді.

Мұнан соң аймақ басшысы Жаңатұрмыс және Жалпақсаз ауылдарына да арнайы барып, ондағы су тарту және сумен жабдықтау желілерінің сондай-ақ теміржол өткелінің жұмысымен танысты. Нұржан Молдиярұлы мұнда жауапты тұлғалардың есептерін тыңдап, жұмысты жүйелеуде кездескен қиыншылықтарды жою мақсатында нақты тапсырмалар берді. Сапар соңында аудан активімен кездескен Нұржан Нұржігітов ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ұлғайту мақсатында жергілікті атқамінерлерге ахуалды бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support