- Advertisement -

Әдемі қартаю да – қасиет

269

- Advertisement -

«Жұрт күлсе біреулер жай күледі, басына түспеген жан не біледі?» деген сөз бар. Сол айтпақшы, өмірден көрген-түйгені мол, дарияға, қарияға айналған кемел кісі қашанда ертең артымда қандай із қалады деген оймен жүреді. Адамның жас кезі шыбынсыз жаз секілді алаңсыз іңкәр сәті десек, ал егде тартқан шағыңыз – өмірдің уылжыған сәті тәрізді бөлек әлем. Содан да әр ұрпақ үшін өз кезеңі аса қымбат. Менің ортаға салайын деп отырғаным – қарттықты қазіргі жұрт қалай түсініп жүр деген мәселе. Жетпіс, сексенді алқымдаған замандастарымды не ойландырады, не толғандырады деген толғақты ой.

Қазақ халқының ұғымында «шал», «қария», «ақсақал» деген атаулар сонау ықылым заманынан бері бар. Енді осы аталған ұғымдарды ғалым, жазушы, публицист Немат Келімбетовтің түсінігі тұрғысынан бағамдап көрейік. «Мен өзім тек бала-шағасының қамын күйттеп, күйбеңдеп жүрген кісіні «шал» дер едім де, туған ауылының, туған жерінің жоғын жоқтап, қамын жеп, жан- тәнімен қарбаласып жүрген егде жастағы ер азаматты «қария» дегім келіп тұрады. Ал қазақ дейтін тұтас қауымды бөле-жармай, бүкіл елдің қамын ойлау дәрежесіне дейін көтерілген құрметті қартты «ақсақал» дегім келіп тұрады», – деп айтқан еді ғалым.

Жоғарыда көтерілген ұғымдарды бүгінгі күн тұрғысынан зерделесек, қоғамдағы үлкен кісілердің басым көпшілігі өз отбасының қамын ойлап жүретін шалдар қатарына жатады. Бір қарағанда бұл жаман да емес сияқты. Отбасының күйін күйттеп, тырбаңдап еңбек еткеннің несі жаман?! Әрбір отбасының қожасы өз ұрпағының болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатса, әрине, бұл өте құптарлық іс.

Қария санатында жүргендер арасында тек өз отбасының ғана емес, өзі тұратын ортаның қамын ойлап, жоғын жоқтайтындар қаламызда бұрын да болған, шүкіршілік қазір де баршылық. Атап айтқанда, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Сауранбек Жамалбеков, Әбдімажит Жүнісбеков, Мақұлбек Жаналиев, Сатыбалды Досымбеков, Тұрар Жапаров, Асан Үсенбаев, Аманқұл Исқақов сынды белсенді қариялардың кезінде түрлі салада еңбек етіп, тыныс-тіршілігіне барынша араласса, бүгінгі таңда да елдің арасында ынтымақты ыдыратпай, береке-бірліктің бұзылмауына бар күш салып, тәлім-тәжірибелерін өскелең ұрпаққа жұмсап келеді.

Біле-білсек, қазіргі күндері әдемі қартаю да – үлкен қасиет. Өкінішке қарай, көп адам қартаюды қасірет, жақсы күндерінің «солғаны», өміріңнің өткені деп көңілсіз қабылдайды. Бірақ бұған бір жақты қарауға болмайды. Қарттықтың да бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері де бар.

Шынында, «Біз осы «әдемі қартаю» деген сөздің түп-төркініне барып, оның мәнісін терең түсіне білеміз бе? Жақсы қартаю барлығымыздың қолымыздан келе ме?» деген сұрақтар ойға жетелейді.

Сәнімен қартаю – абырой. Бірыңғай отбасылық өмір қалпына көшкен соң ұлдары мен қыздарының, немерелері мен шөберелерінің, құдалары мен жиендерінің шаршы төрінде маңғаз отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, еш нәрсеге мұқтажданбау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, әдемі қартаю өнеге. «Жақсы адам қаратайса көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса бықсып жанған от болар» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған. Көрген-білген тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі жастарға ақыл-кеңестерін бере жүретін үлкендердің ісі әркезде де өзгелер үшін өнеге болуы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде күнделікті өмірдегі жағдай дәл біз күткендегідей бола бермейді. Кейбіреулер жасы егде тартса да жөн-жосықсыз, берекесіз түрлі ұятты қылықтарға барып, кейінгілерге теріс үлгі көрсетіп жатады. Енді бір шалдардың тірлігі қара бастарынан аспайды. Кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсетуге мүмкіндіктері жоқ, әйтеуір жер басып жүргендеріне мәз. Тіпті балама жақсы қызмет алып беремін деп әкім-қараларға жалпаңдап, жағымпазданып жүретін, ал шаруалары бітпей жатса, болмашыдан ілік іздеп, арыз-шағым ұйымдастырып, сес көрсететін қариялар да жоқ емес. Ондайлар әдетте «ақсақал» деген ардақты атқа кір келтіріп, азын-аулақ беделдерінен айырылады.

Мән берсек, бұл – адамның ең бір жауапты кезеңі. Мысалы, жасыңа лайық сөйлей білудің өзі үлкен мерей. Солай десек те, кейбір қарттарымыздың аталық рөлін толық орындай алмай жатқанын көргенде еріксіз ойланасың.

Қоғамның бейнесі ізгілікті қарттарға деген құрметімен, қамқорлықпен бағаланады. Қариялар – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өмір жолдары үлгі боларлық жандар. Сондықтан да әрбір азамат қарттарға деген сый-құрметті жасай білгені абзал. Сонда ертеңгі күні олардың да әрқайсысының жанын шуаққа бөлейтін қуанышты сәттері көп бола бермек.

Иә, отаудың ғана емес, Отанның да қамын ойлап, іргелі істерде ірілік танытып жүретін қарияның орны қашанда бөлек. Ақылманды ақсақалдардың терең тәлімі мен тектілік тәрбиесі үзілмесін дейміз. «Қарттық – кәрілік емес, даналықтың, абыздардың көрінісі» дегендей, ақылы асқан дария қарияларымыз аман болсын!

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қаласы,

Сарысу ауданының Құрметті ардагері.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support