- Advertisement -

Пилоттық жоба ауыл халқының табысын арттырады

110

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс- шаралар тізімін жасақтауды әрі оның жер-жерлерде жүйелі жүзеге асырылуын назарда ұстауды тапсырғаны белгілі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық атаулы көмек алып қана қоймай, тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Өңірімізге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әуелі өңір активімен кездескен министр халықты жұмыспен қамту шараларына тоқталып, жергілікті атқарушы орган өкілдерін жұмыссыздық деңгейін бақылауда ұстауға шақырды.

Басқосуға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихат пен жергілікті атқарушы орган өкілдері және аудан әкімдері қатысты. Жиында Тамара Дүйсенова қазір еңбек нарығында болып жатқан өзгерістерге тоқталды. Жалпы, аймақта 15-28 жас аралығындағы жастардың саны – 221 мың. Бұл облыс халқының 19 пайызын құрайды. Осыған орай, министр жастарды жұмыспен қамтудың маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Жамбыл облысындағы жастардың саны 2030 жылға қарай 64 мың адамға көбейіп, 286 мыңға жетеді. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 100 мыңға артады. Экономикалық белсенді жастардың саны 2030 жылға қарай 149 мыңға дейін көбейіп, еңбек нарығына күш түсіретіні анық. Мектептегі біліммен қалған жастардың үлесі – 18, ал жоғары білімді жастардың үлесі – 39 пайыз», – деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, министр биылғы жылдың алты айында облыста 27 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасқанын жеткізді. Оның басым көпшілігі, яғни 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы «екі қолға бір күрек» тапқан.

– Жамбылда жұмыссыз ретінде тіркелген 4816 адамның 2526-ның біліктілігі бар, ал 2290 азаматтың біліктілігі жоқ. Өңірде бос жұмыс орындары жеткілікті екенін электронды еңбек биржасындағы осындай мысалдардан-ақ байқауға болады. Жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті жұмыс орындарына орналасуға барынша қолдау көрсету баршамыздың міндетіміз, – деді Т.Дүйсенова.

Кездесуде қазақстандықтарды зейнетақымен қамту, халықты әлеуметтік қолдау, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары да талқыға түсті. Бұдан кейін, министр «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисіне арнайы барып, «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жобаның бірінші кезеңінде 11 ауылдық округтің 25 елді мекенінен 7856 отбасы қамтылған. «Пилоттық округтерде» жеке кәсіпкерлер саны 2 238-ге артып, 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде қатысушылардың орташа айлық табысы артып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Биыл жобамен тағы 10 ауылдық округті қамту жоспарлануда.Тамара Дүйсенова ауылдық жерлердегі отбасылардың табыс көзіне айналған жобаның жүйелі іске асуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.

Мұнан соң, министр бірегей жобаның жемісін көріп отырған Байзақ ауданындағы «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелерімен кездесті. Берекелі істің төңірегіне топтасқан қостөбеліктер жоба аясында 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, игілігін көріп отыр. Ауылдық округте жеке кәсіпкер ретінде 256 адам тіркелсе, тұрғындардың 97 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуда. Тұрмысы түзелген тұрғындар министрмен алдағы жоспарларымен бөлісті. Округке қарасты Талас ауылының тұрғыны Әбужақып Қалдаров жобаның тиімді тұстарын атап өтті. Зейнеткер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, 5 жылқы сатып алған. Қазіргі таңда мал басын 15-ке жеткізген ауыл тұрғыны бұл кәсіп отбасының табыс көзіне айналғанын айтты.

– Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық. Бүгінде өз жоспарларымызды сенімді түрде жүзеге асырудамыз. Ауыл экономикасының дамуына атсалысып, бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына үлесімізді қосатын боламыз. Себебі оның пайдасы мол екеніне көзіміз жетті, – дейді шаруа.

Ауылдық округтегі сапарында министр жобаның игілігін көрген тағы бірнеше тұрғындармен кездесті. Олардың қатарында ірі қара мал өсірумен қатар, үлесінде 10 сотық жері бар Қостөбе ауылындағы «Рүстем», тауық өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруа қожалықтары бар. Әсіресе темірден түйін түйген Әмірбек Төлеповтың жұмысы жұртты сүйсінтті. Жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген ол бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі техниканың тілін меңгерген Әмірбек бұл күнде асыраушы салаға қажетті техника жасаудың майталман маманы атанған.

– Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше, шаруашылыққа аса қажетті туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – деді Ә.Төлепов.

Шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң министр жоба аясында несие рәсімдеп, жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеуіне жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.

Бұл күнгі жұмыс сапары соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Айта кетейік, ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәселен, бірінші блокта бассейн, киім ауыстыратын бөлме, спорт және көрермендер залы болса, екінші блокта медициналық кабинеттер орналасқан. Ал үшінші блокта – асхана, қалған блоктарда екі орындық және бір орындық палаталар бар. Құрылысқа жауапты «Таразстрой-2004» мердігер компаниясы жұмыстарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

Ал кеше министр өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифингке қатысып, журналистердің түрлі сауалдарына жауап берді.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support