- Advertisement -

Ел тілегі ескеріледі

74

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Ол әуелі облыстық ардагерлер үйіне барып, аға буын өкілдерімен және зиялы қауыммен кездесті. Жиында өңір өміріндегі өзгерістер мен өзекті мәселелер, ардагерлердің тыныс- тіршілігі мен қордаланған қоғамдық ой-пікірлері айтылып, ұсыныстар талқыланды.

Басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында 128 мың зейнеткер бар. Бұл өңір халқының 11,5 пайызын құрайды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны небәрі 23, ал тыл еңбеккерлерінің ең жасы қазір 85 жасқа шыққан. Өз сөзінде Мемлекет басшысының кеңесшісі биылғы жылдың саяси реформаларға толы жыл болғанын атап өтіп, ел өміріндегі маңызды оқиға – референдумға жамбылдықтардың сексен пайыздан астамы қатысып, олардың басым көпшілігі қолдау білдіргенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар Мәлік Нұржанұлы қызмет бабымен қай жерде жүрсе де туған жерден бір сәт қол үзбегенін, өзі де шығармашылыққа жақын болғандықтан жамбылдық ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармаларымен етене таныс екенін жеткізді.

Жамбылдық зиялы қауым өкілдері де өз ойын ортаға салды. Әуелі белгілі қаламгер, облыстық мемлекеттік архиві мекемесінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы қазіргі таңда мұрағат ғимаратының ескіргенін, ол үшін Тараз қаласындағы 15-шағынаудан аумағынан 1,5 гектар жер телімін сұрағанын және ол ұсыныс қолдау тапқанымен, қазіргі таңда біршама қиындықтар туындап отырғанын алға тартты. Ал белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан қазіргі таңда еліміздің идеологиясының ақсап тұрғанын, осы бағытқа басымдық берудің қажеттілігін жеткізді.

Ардагер Әзімбек Тілешов көлік құралдарын техникалық бақылаудан өткізетін орындардың жекешеленіп кеткенін сын тезіне алып, халықтың қаражаты мемлекетке емес, жеке азаматтардың қалтасына кетіп жатқанын мәселе етіп көтерді. Ардагер Күләш Назарбекова жергілікті емханаларда ардагерлерге медициналық қызмет түрлері тиісінше көрсетілмейтінін айтты. Қазақстанның құрметті журналисі Бекет Момынқұл әлеуметтік желілерде ел ішіне іріткі салып, Абай мен Бауыржан Момышұлы секілді ұлт тұлғаларына негізсіз тіл тигізіп, жастардың санасын улап жүрген блогерсымақтарға заңмен шектеу қою қажеттігін айтты.

Басқосу барысында бұдан басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Мәлік Отарбаев әрбір мәселені жіті назарға алып, шешім жолдарын қарастырып, ел Президентіне жеткізуге уәде етті. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Мәлік Нұржанұлына ақ батасын берді.

Келесі кезекте ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесіп, ассамблеяның алдағы жұмыс бағыты туралы ашық пікір алмасты. «Достық үйінде» өткен іс-шарада алдымен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев аймақтағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы жайында кеңінен айтып берді.

Бұдан соң облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Жалил Аббосов патриотизм, ұлттық тәрбие жайында ой қозғады.

– Біздің бүгінгі мақсатымыз – өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу. Соның ішінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ден қою керек деп ойлаймын. Өйткені әр адам өзі туып-өскен өлкеге құрмет көрсетуі керек. Бұл орайда тәрбиелік жұмыстарды мектептен бастаған абзалырақ. Бұған ассамблея мүшелері мен жергілікті билік тізе қосып атсалысса, жұмыс оң нәтижесін береді, – дейді Жалил Азизұлы.

Осы орайда Тараз қаласындағы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов те пікір білдірді.

– Адам дүниеге келерде әке-шешесінің кім болатынын білмейтіні секілді, қай елде дүниеге келетінін де білмейді. Еліміз жылдан жылға дамыған сайын, бізде мекен ететін ұлттардың саны да артып келеді. Бұл әрине, егемендік алғаннан кейін жүзеге асқан нәтижелі реформалардың жемісі деп білеміз. Біз де мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан қарыштап дамығанын қалаймыз және соған сенім білдіреміз. Бүгінде әлеуметтік желіде ассамблея жұмысы туралы қаңқу сөз айтатындар көбейгендей. Бірақ ассамблея құрылғалы өңірдегі этномәдени бірлестіктер ұйысып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға қыруар үлес қосты емес пе? Кейде сол жұмыс ауқымын елге жеткізе алмай жатырмыз ба деген ой келеді. Не десек те этномәдени бірлестіктер ел тұтастығын сақтауға барынша қолдау көрсетіп келеді. Себебі ел ертеңі, жастардың болашағы бізді де алаңдатады, – дейді Абдурахман Юлдашұлы.

– Біз әрине, өңірлердегі этномәдиени бірлестіктердің белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. Сол үшін де сіздерге алғыс білдіремін. Сіздер ел тәуелсіздігінің нығаюына, тұғырымыздың биіктеуіне барынша атсалысып келесіздер. Жаңа Қазақстан, жаңа кезеңде үлкен бастамаларды көтеріп, елдің бірлігін, ынтымағын сақтауға расында да абыройлы еңбек сіңіріп келесіздер. Біздің Отанымыз Қазақстан болған соң, ұлтқа бөлінбей тұтастықты сақтау міндетіміз. Ел бірлігі біздің басты байлығымыз. Елде елеулі саяси өзгерістер болып жатқанда ассамблея жоспарларын жаңаша бағытта үйлестіру қажет деп ойлаймыз. Әрине, дәл қазір қоғамда ассамблеяның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Ассамблея бізге қажет. Сол үшін де жұмысты үдету маңызды. Есте болса, 1995 жылы елдегі қазақ ұлтының саны 40 пайыздан төмен болған тұста ассамблеяның құрылғаны құптарлық бастама болды. Бүгінде ассамблея мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмейді. Этномәдени бірлестіктердің, меценаттардың қайырымдылық шараларына қалай араласқанын да жақсы білеміз. Қазір көрші елдегі геополитикалық ахуалдан хабардарсыздар. Сондықтан бізге де ел бірлігін сақтау маңызды. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құруға көңіл бөлуде. Оның үстіне кейінгі жастардың өмірге деген көзқарасы басқа. Жастар ескінің соқпағымен жүргісі келмейді, жаңашылдыққа ұмтылады. Осындай кезеңде сіздер идеологияға баса мән беру керек деп орынды айтып отырсыздар, – деген Мәлік Нұржанұлы кездесуде қаузалған ұсыныс-пікірлерді Үкімет басындағыларға жеткізетінін айтты. Сондай-ақ Мәлік Отарбаев ұлттың ұлы перзенті Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына ассамблея мүшелері де үн қосып, үлкен іс-шара ұйымдастырса, мұның өзі жаңашыл бастама болатынын айтты.

Басқосуда «Қоғамдық келісім» мекемесінің құзыреті туралы ашық пікір айтылып, ассамблеяның жергілікті билікпен тізе қосып еңбек ету жайы сөз болды. Сондай-ақ Ұлттық тәрбиеге, соның ішінде тіл саясатына балабақшадан көңіл бөлу мәселесі және ассамблея жастарына қолдау көрсету туралы ұсыныс айтылды. Кездесу соңында Мәлік Отарбаев Жамбыл жерінде этносаралық жағдайдың тұрақты екенін айтып, этномәдени бірлестік мүшелерін ассамблеяның ілкімді бастамаларынан қалыс қалмауға шақырды.

Президент кеңесшісі Жамбыл өңіріне сапары барысында Жамбыл ауданына да атбасын бұрды. Ол әуелі Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесіне аялдап, тағзым етті. Ол өз сөзінде ерте заманда бой көтерген сәулетті ескерткіштің киелі мекенде орналасуының символикалық мәні бар екенін атап өтіп, осы орайда жергілікті жұртшылық өскелең ұрпаққа, яғни жастарға тарихи тұлғаларды үнемі үлгі етіп отыруы маңызды екенін айтты.

Бұдан соң Президент кеңесшісінің іссапары Аса ауылында жалғасты. Мәлік Нұржанұлы алдымен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында зиялы қауыммен кездесті. Мысалы, басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев Аса ауылындағы теміржол бойынан аспалы көпір салу керектігін, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілгенімен әлі күнге дейін шешімін таппағанын алға тартса, кеңес мүшесі Сайлаубек Ережепбаев Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығына іргелес орналасқан аудан аумағына жайылып жатқанын, оның жағымсыз иісінен жергілікті жұртшылық әбден мезі болғанын жеткізді.

Ал Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев «Қазфосфат» зауытынан шығатын түтіннің, кәсіпорын маңында үйілген күлдің шаңы тұрғындарға, сондай-ақ экологияға залал келтіретінін айтса, мәдениет саласының үздігі Сәрсен Күзербаев білім саласындағы реформаларға көңілі толмайтынын хабарлады. Ардагер ұстаз Алтынхан Сапарбеков өңірде идеологияға баса мән беру қажет екенін, мектептердегі білім сапасы, мұғалімдердің біліктілік деңгейі көңіл көншітпейтінін атап өтті. Бұдан өзге Өрнек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев көгілдір отынсыз отырған елді мекендерді газдандыру мәселесін көтерді.

Сапар соңында Президент кеңесшісі М.Төлебаев атындағы өнер мектебіне де барды. Өнер ордасының тыныс-тіршілігімен етене танысып, жас жеткіншектердің жетістігіне куә болды. Сол арада өнер мектебі ұжымының осы күнге дейін атқарған жұмысын оң бағалап, шығармашылық табыс тіледі. Осы күні Мәлік Нұржанұлы Байзақ ауданына да арнайы барып, аудан ардагерлерімен және зиялы қауыммен кездесті. Басқосуда Президент кеңесшісі тұрғындармен пікір алмасып, әлеуметтік мәселелерді назарға алды.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support