- Advertisement -

Тұрғындарды толғандырған мәселе көп

69

- Advertisement -

Кеше Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әуелі Жайылма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

 Нұржан Молдиярұлы халықпен кері байланыс орнату көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік беретінін айтып, ауыл тұрғындарының сан сауалына жауап беріп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

Алғашқы болып сөз алған Жайылма ауылының тұрғыны Тобағабыл Қашкенов су тапшылығы мәселесін қозғады.

– Ауыл тұрғындарын толғандырып отырған негізгі мәселе – су тапшылығы. Әрине, мүлдем жұмыс істелмей жатыр дей алмаймыз. Дегенмен керек кезінде, яғни бау-бақшаны, егістік алқаптарын суғаратын кезде су тапшылығы туындайды. Талас ауданының ауылдарына су келеді де, бізге жетпей қалады. Жайылма ауылының тұрғындары су тапшылығынан қашан құтылады?

Осы ауылдан он екі шақырым қашықтықта орналасқан Ақтам ауылының тұрғындарын да алаңдатқан мәселелер баршылық. Әсіресе ауыл тұрғындары жол азабын тартып-ақ келеді. Ақтам ауылына дейін жол салу жоспарда бар ма? – деді Т.Қашкенов.

Бұл ретте Нұржан Молдиярұлы су тапшылығы мәселесі айқаймен емес, ақылмен шешілетінін, сушылардың айтқанын тыңдап, суды үнемдеп әрі кезекпен суғару арқылы қиындықтарды еңсере алатынымызды жеткізді.

– Өткен жыл жамбылдық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте қиын болды. Себебі қыста тауға қардың аз түсуінен және көктем- жаз мезгілдерінің жауын-шашынсыз болуынан айыр қалпақты ағайындар да құрғақшылық пен қуаңшылықтың зардабын тартты. Сондықтан бізге де келісілген су көлемін бере алмады. Негізі облысқа вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді.

Ал биыл вегетация кезеңі ойдағыдай өтіп жатыр деуге толықтай негіз бар. Барлық ауданды аралап шықтым. Өткен жылмен салыстырғанда су мол. Қыста қар аз түскенімен, көктем жауын-шашынды болды. Облысымыздағы су қоймаларына қажетті су көлемін жинай алдық.

Осы орайда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының атқарып жатқан жұмысын да айтпай кетуге болмайды. Екі бағдарлама аясында каналдар бетондалып, қоймалар жаңғыртылуда. Нәтижесінде жыл санап суармалы егістік алқабы ұлғайып келеді. Алайда су тапшылығы мәселесін түбегейлі шеше алмаймыз. Шүкір, биыл су жеткілікті. Ал келесі жылы қалай болатынын ешкім білмейді.

Сұрағыңызға келер болсақ, қазір Талас ауданындағы Бөрібай каналына, Аса өзеніне су жіберіліп жатыр. Сәл шыдасаңыздар, тамыз айының басында Сарысу ауданына да су келеді, – деген Нұржан Молдиярұлы биыл Ақтам ауылына дейінгі 12 шақырым жолға шағал тас төселетінін айтты.

Мұнан кейін Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылының тұрғыны Нұржан Қойшыбаев кезінде тұрғын үй есебінде салынған орта мектептің әбден тозығы жеткенін, ауызсу жүйесі де ескіргенін қынжыла айтып, аймақ басшысынан қолдау көрсетуді сұрады.

– Облыс бойынша жылда мектепке баратын оқушылардың саны он мыңға артуда. Сондықтан жыл санап білім саласында құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы 17 мектептің құрылысы басталды. 7 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп есігін айқара ашады. Маятас ауылында салынатын мектептің жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Жоспарда тұр. Бүгінге облыстағы ауылдық елді мекендердің 269-ы (622 мың тұрғын) орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Жалпы 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекенді 100 пайыз ауызсумен қамту жоспарлануда. Бұл межеге қол жеткізу үшін 62 ауылға су құбырын тартып, 40 ауылдың ауызсу жүйесін жаңғыртып, 31 ауылға су тазалау блок модулін орнатуды белгіледік. Сондықтан ауызсу мәселесінде жоспарға сай тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында басқа да ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Кездесуден кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Облыс әкімінің халықпен кездесуі Жаңатас қаласындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

– Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі және халықтың беретін бағасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кездесулер жаңа форматта өтуде. Бүгінгі күнге барлығы 412 кездесу өткізілсе, оның 13-і менің қатысуыммен ұйымдастырылды.

Кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі. Біз облыстық әкімдікте үш ай бойы үздіксіз әр апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелерін қарастырдық. Бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Аталған кеңестерде тұрғындар тарапынан көтерілген 28 мәселені қарадық. Нәтижесінде 25 мәселе шешімін тапты. 3 мәселе шешілуде, – деді аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы.

Одан әрі жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Облыс әкіміне сауалын жолдаған Жаңатас қаласының тұрғыны Әсемхан Тойшыбекова тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қатары жыл санап артып жатқанын, осы орайда халықты баспанамен қамту бағытында қандай жұмыстар қолға алынатынын сұрады.

– Сауалыңызға жауап бермес бұрын алдымен облысымыздағы ахуалға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Бүгінге 36 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде, 164 мыңға жуық азамат жер кезегінде тұр. Көпқабатты тұрғын үй кезегі негізінен облыс орталығы Тараз қаласында қалыптасса, жеке тұрғын үй құрылысына кезек ауылды жерлерде өсуде. Баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге көмектесу – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Облыста қазір 24,4 миллиард теңгеге 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 3 120 пәтерлі 47 тұрғын үйді пайдалануға береміз. Жыл басынан 620 отбасыға пәтер кілті тапсырылды. 2025 жылға дейінгі облыстың даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың шаршыметр көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

52 миллиард теңгеге 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфра-құрылым желілерімен қамтылуда. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3198 жер телімі таратылатын болады.
Жаңатас қаласында да тұрғын үй құрылысы саласында осы уақытқа дейін аз жұмыс атқарылған жоқ. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Биыл үш үйді қалпына келтіру жоспарымызда бар. Тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кеткім келеді. Қазір Үкімет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында жаңа бағдарлама әзірленуде. Бағдарламаны күтейік. Содан кейін бағдарлама аясында Жаңатас қаласында да тиісті жұмыстар басталады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Ал сарысулық белсенді жас Бауыржан Балғабай қалада қаңғыбас ит-мысықтардың көбейіп кеткенін, орталық саябақтың сәні қашқанын, жедел жәрдем қызметінің көңілден шықпайтынын және басқа да өзекті мәселелерге байланысты бірнеше сауалын қойды. Жалпы, кездесуде аудан тұрғындары тарапынан жиырмаға тарта сұрақ қойылды. Өңір басшысы барлық сауалдарға дәлелді жауап беріп, туындаған мәселелерді шешу үшін аудан әкіміне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Айта кетейік, облыс әкімінің халықпен кездесулеріне басқарма, департамент басшылары да қатысты.

Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support