- Advertisement -

Талғат пен Шерханның алғашқы кездесуі

65

- Advertisement -

Небәрі 23 жасында екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атанған аңыз адам, ұшқыш – Талғат Бигелдиновтің 29 жасында КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болғанын біреу білер, біреу білмес. (1951 жыл, наурыз).

Жоғары Кеңестің кезекті сессиясына КСРО құрамындағы 15 одақтас мемлекеттің түкпір түкпірінен депутаттар Мәскеуге жиналып жатты. Әрине, оның қатарында Қазақстаннан да сайланған депутаттар болатын. Осы жылдары Мәскеу Мемлекеттік университетінде оқып жүрген 19 жастағы студент Шерхан Мұртаза өзінің әлеуметтік жағдайын айтып, әрі жаңадан қолға алған аударма ісі бойынша баспалармен байланыс орнатуға көмек болар деген ниетпен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутат Ермековке жолықпақшы болады. Сабақ арасында уақыт тауып метроға отырып, орталық алаңдағы депутаттар орныққанын «Европа» қонақ үйіне келеді. Комендант, жас лейтенантқа жолығып, өзіне керек депутаттың қай нөмірде орналасқанын қарап отырып, Шерхан тізімдегі «Талғат Бигелдинов» деген жерге келгенде көз тоқтатып тұрып қалады.

«…Мен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Ермековке, болмаса Талғат Бигелдиновтің біреуіне жолығуым керек екен. Бұл кезде аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновтің атақ- даңқы алысқа кетіп тұрған. Сондықтан коменданттан бірден Бигелдиновтің нөмірін сұрадым. Ол телефон тұтқасын көтеріп: «Алло! 4-20 қосыңызшы… Жолдас Бигелдинов сізді мазалап тұрған комендатура. Сізге бір студент жолыққысы келіп тұр… Шыққалы жатыр ма едіңіз… Жақсы!», – деп тұтқаны қойған жас лейтенант: «Ал, жас жігіт төртінші қабатқа жедел көтеріліңіз. №420 бөлме. Ертерек көтеріліңіз, ол кісі тысқа шыққалы тұр…»,– деді.

Мен алғысымды айтар- айтпастан төртінші қабатқа құстай ұштым. Алдымда №420 бөлме. Тұрмын. Басымда сан ой, қалай бастаймын, не айтамын… Осылайша ештеңе шешпестен есікті қақтым.

– Иә, кіріңіз! Кірдім. Орындығынан жеңіл көтерілген жас жігіт көйлегінің түймелерін қадап, галстугын тағып жатыр екен. Үстінде әскери киім. Үстел үстінде екі алтын жұлдызы жарқыраған китель ілулі. Қолымды қатты қысып амандасып, ішке шақырды. Осы сәтте екінші орындықта отырған ұзын бойлы, бұйра шашты, үлкен қара көзді жігіт орнынан тұрып қолын ұсынып Муратов (Татар АССР депутаты) деді. Талғат жанына отырғызып, темекі ұсынды. Өзі темекісін тұтатып, жеңіл көтерілген көгілдір түтінді аспанға үрлей, баяу үнмен әңгіме бастады.

– Қай облыстан келдің? – деді.
– Оңтүстік Қазақстан облысынан.
– А, Бауыржанның жерлесі екенсің ғой?
– Дәл солай, жерлеспіз. Бір ауданнан, тіпті бір ауылданбыз, – дедім мақтана.
– Қызық екен. Сіз ол кісіні танисыз ба?                                                                                                          – Иә, танимын, – дедім.

Сонау қаһарлы 1943 жылы елге келген батыр Бауыржан Момышұлының қатал бейнесі көз алдыма тұра қалды. Сонда ауыл болып колхоз басқармасы кеңсесінің алдында күтіп алып едік. Батырдың аузынан шыққан әр сөзге құлақ түрген ауылдастардың ортасында он жасар қара домалақ мен де бар едім. Батырдың даналық сөзі кейін өміріме де қанат болды.

Біз Бауыржан туралы ұзақ сөйлестік. Ара-арасында Талғат өзінің балалық шағы, мектепте қалай оқығаны, авиаклубта дайындала жүріп, Қызыл әскер қатарына өз еркімен жазылғаны жайында асықпай баяндады.

– Бәрекелді бауырым! Сенің не үшін келгеніңді де білемін. Қалай өмір сүріп жатырсың, өзің туралы айтшы, – деді бір кезде. Осы жолы қалай шешен болып кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Мүмкін әкеден ерте айырылып, күндіз-түні балаларым аман болсын деген ана еңбегінің қадірін, қиын-қыстау күндердің арқама қатты батқан қиянатын баяндасам керек-ті. Есімде жоқ. Талғат менің жауабыма риза болды. Алақанымды қатты қысып, маған тіке қарады.

– Жарайсың! Өмірде кейін шегінуге болмайды. Енді осы баяндағандарыңды қағазға түсіріп бер! – деді. Жаңа ғана шешен болып отырған менің тілім байланды да қалды. Оның үстіне орысша сауатты жазу керек. Үмітсіз қолыма қағаз бен қалам алсам да бұлай ұзақ отыруға болмайтынын сездім. Он бес минуттан соң менің арызым дайын болды… Айналдырған он бес минут…».

1951 жыл, наурыз.
Шерхан.

Ерман ӘБДИЕВ,
журналист.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support